Ақсу ауданының Сағабүйен ауылында орта мектеп салтанатты түрде ашылды. Облыстық қазынаның қоржынынан 1 млрд. 16 млн. 425 мың теңге қаржы бөлінген білім ошағының қазығы 2021 жылдың 16 желтоқсанында қағылып, биыл жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілді. Алматының «Глобал Констракшн» құрылыс фирмасы жас жеткіншектердің қуанышына орай екі қабатты мектеп ғимаратын барлық талапқа сай ұсынды.
«Мектебім – мейірім мекені» атты тақырыппен айшықталған іс-шарада сөз алған мектеп директоры Марал Ғазизова:
– Сағабүйен ауылының тұрғындары жаңа оқу жылын ерекше қуанышпен зәулiм бiлiм ордасында бастағалы отырмыз. Бүгінгі салтанатты мерекеде сiздермен тағы бiр жақсылық хабармен бөліссем, ол – облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың 14-тамыздағы №250-шi қаулысы негізінде білім ошағына Сағакүрес орта мектебі статусы берiлдi, – деп ізгі тілегін білдірді.
Осыдан кейін сөз алған аудан әкімінің орынбасары Күләйхан Дәулетбекова өңірдің білім беру саласындағы жаңашылдықтарға тоқталып, 120 балаға лайықталған білім шаңырағының өскелең ұрпаққа тигізер пайдасына кеңінен тоқталды.
Мектеп заманауи үлгідегі техникалық базамен толық жабдықталды. Атап айтсақ, физика-астрономия, химия-биология, лингафонды мультимедиялық 2 кабинет ашылды.
Шара соңында алғашқы қоңырау соғылып, үздік оқушылардың білім туралы өлеңдерімен түйінделді.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Ақсу ауданы





