Жетісу облысына арнайы іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Нұргүл ТАУ Текелі, Талдықорған қалалары мен Көксу ауданына барып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, халықпен кездесті.
Алдымен халық қалаулысы ат басын Текелі қаласына бұрды. Нұргүл Тауқызын Текелі қаласы әкімінің міндетін атқарушы Сері Болысбайұлы қарсы алып, моноқалада атқарылатын жұмыстарды баяндады.
– Текеліде 2 су қоймасы салынып жатыр. 2025 жылға дейін 3 шағынауданға (Достық, Алатау, Металлург) газ тартылады. Сонымен қатар, жылу жүйелері ауыстырылып жатыр. Биыл 140 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұйырса, келесі жылы тұрғындар баспанамен қамтылады деп жоспарлануда, – деді Сері Болысбайұлы.
Осыдан кейін Нұргүл Тау Жастар ресурстық орталығында моноқала жұртшылығымен кездесті. Кездесуде тұрғындар әлеумет, білім, медицина салалары бойынша көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
Келесі кезекте Мәжіліс депутаты қаладағы №8 мектепке барып, білім ордасының жаңа оқу жылына дайындығын тексерді. Аралау барысында халық қалаулысы 442 балаға арналған мектеп асханасындағы құрылғылардың тозығы жеткендігін, камералардың толық істемей тұрғанын көріп сын-ескертпелер айтты. Сонымен қатар, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орнатылған дабыл түймесін басып, құрылғының қалай істейтінін тексерді. Құрылғы істеп тұрғанымен мектепке полиция қызметкерлері Мәжіліс депутаты тексеріп кеткеннен кейін бір-ақ келді. Халық қалаулысы: «Негізі дабыл түймесі басылғаннан кейін полиция қызметкерлері 3-4 минутта жету керек еді. Оқушының қауіпсіздігі – мектеп ұжымының басты мақсаты. Сондықтан бұл олқылықтың орнын толтырыңыздар. Неге келмегенін біліңіздер», – деп жауапты мамандарға тапсырма берді.
Айта кетейік, аталмыш білім ордасының оқушылары оқулықпен 100 пайыз қамтылыпты. Биылдан бастап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 1-4-сынып оқушылары тегін тамақтанады.
Келесі кезекте халық қалаулысы Көксу ауданына барып, бірқатар нысандарды аралады. Мәжіліс депутатын аудан әкімі Марлен Көлбаев күтіп алып, ауданда істелетін жұмыстарды баяндады. Осыдан кейін Нұргүл Тау Биғайша Құндақбаева атындағы мектепке бас сұғып, жаңа оқу жылына дайындығын, дабыл түймелерін басып, қауіпсіздік құрылғысының қалай жұмыс істейтінін тексерді. Білім ордасында дабыл түймесі басылғаннан кейін 3-4 минутта арнайы күзет келді. Мектеп асханасы да талапқа сай екен. Осыдан кейін 2021 жылы салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен орталық аурухананы аралап, жұмыс барысымен танысты.
***
Өз кезегінде халық қалаулысы Нұргүл Тау Жастарға қызмет көрсету орталығында шаһар тұрғындарымен кездесті.
Нұргүл Тау өзінің кіріспе сөзінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі екенін атап өтті. Сонымен қатар, «Respublica» партиясы атынан сайланғанын, атқаратын қызметі мен құзыретін жеткізген ол сапардың мақсатын да айшықтады. Өз кезегінде «Respublica» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Ришат Асқарбекұлы алдағы күндерде Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстарының мәслихат депутаттары Қонаев қаласында өзекті әлеуметтік мәселелерді шешудегі іс-шараларды үйлестіру мақсатында жиын өткізетінін жеткізді.
Жиын барысында халық қалаулысы қазіргі уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жетілдіру және медицина қызметкерлерінің құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету мәселесі шешіліп жатқанын атап өтті. Ал облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасының жүзеге асырылу барысына тоқталды. Аталған жоба апатты жағдайдағы нысандарды, үш ауысымды мектепті және орта білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын жоюға бағытталған. Жетісу өңірінде мұндай 7 мектеп салынады.
Талдықорған тұрғындары тарапынан көші-қон мәселесі көтерілді. Бүгінде Моңғолиядан тарихи отанына көшу азайған екен. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңын жетілдіру керектігі аталды. Заң жобаларының сапасы және оларды қазақ тіліне аудару тақырыбы да тілге тиек етіліп, қате аудармалар заң тармақтарындағы мағынаны бұрмалайтыны, ол көпшілікке қолайсыз екені сөз болды. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар Мәжіліс депутатынан Талдықорғандағы науқастарға жарты жыл ішінде кезексіз МРТ жүргізуге көмектесуді сұрады. Бүгінде аталған медициналық қызметті жедел алу үшін науқастар ақылы қызметке жүгінуге мәжбүр. Осындай мәселелермен қатар көптеген ұсыныс айтылып, бірқатар өзекті әңгіме қозғалды. Оның ішінде, медициналық жоғары оқу орындары студенттерін сапалы білімге, нәтижелі іс-тәжірибеге бейімдеу, тұрғын үйді жалға алған медицина қызметкерлерінің барлық отбасы мүшелеріне тұрғын үй төлемдерінің қолайлылығына назар аудару, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан еңбекке уақытша жарамсыздық (сырқат демалысы) бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуді реттеу бойынша ұсыныс айтылды.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,
Айдар ҚАЛИЕВ





