Облыста математика, орыс тілі мен әдебиеті, физика, химия пәнінің мұғалімдеріне қажеттілік ұлғаюда. Кадр тапшылығына байланысты 157 орын бос тұр. Алдағы уақытта педагогтарға қажеттілік мәселесін шешу мақсатында жергілікті бюджет есебінен білім беру гранттары тағайындалмақ.
Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында осылай деген облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов аталмыш салаға байланысты бірқатар мәселені мәлімдеді. Әуелі ол облыс әкімі түлектерге 100 грант тағайындағанын тілге тиек етті. Оның 60-ы әлеуметтік осал топқа жататын балаларға, қалғаны конкурс ақылы беріледі. Қазіргі уақытта грантқа өтініш қабылдануда. Қорытындысы тамыздың 19- ында жарияланбақ. Бұдан бөлек, білім басқармасының басшысы аймақтағы мектептердің жай-күйінен құлағдар етті. Қазіргі таңда аймақ бойынша 339 жалпы білім беретін ұйым бар, оның ішінде бастауыш мектеп 35, негізгі мектеп 36, орта мектеп 268. Күрделі, ағымдағы жөндеуден өтіп жатқан барлық мектеп қыркүйекке дейін дайын болады деп сендірді. Сонымен қатар, ол сапалы білім берудегі маңызды міндеттердің бірі – қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту керек екенін атап өтті. Бұл орайда қала мектептеріндегі білім сапасы – 65,2%, ауыл мектептерінің білім көрсеткіші 63,7% екенін айшықтады. Ал негізінен облыс бойынша білім сапасы 64,6% құрайды. Биыл Президент тапсырмасына сай барлық бастауыш сынып шәкірттері ыстық тамақпен қамтылмақ. Облыс бойынша 52 616 оқушы бастауыш сыныпта оқитынын айта кеткен жөн.
Медет ЖҰАМАБАЙ





