XXI ғасыр жастар үшін ғана емес жалпы адамзат үшін қиыны мен жаңалығы мол ғасыр болды. Елімізде түрлі қоғамдық проблемалар көбейіп, оларды шешу қиынға түсуде. Дамыған мемлекеттер қатарына кіріп, білімді жастар көбейеме десек, сауаттылық статистикасы өрісін күннен-күнге кемітуде.
Өз кезегінде сауатсыздықтың басым болуы мемлекет ішіндегі әлеуметтік,экономикалық дағдарысқа әкеліп соқтырады. «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғы дөңгелегі де сонда жүреді»демекші орыс тілінде сөйлегенде бұлбұлша ән шырқағандай ал қазақ тілінде ақсап қалатын депутаттарымыздан бастау алған бұл дерт бүгінде вирус секілді барлығына жайылуда. Ана тілінде сөйлей алмаған адам, қалай ана тілінде сауатты жаза білсін. Бұл кінәні ең бірінші өзімізден іздеу керек. Бірден- бір себебі бойымыздағы жалқаулық.
Әлеуметтік желі арқылы қарым қатынас жасау кезінде қарапайым сөзді жазуға ерініп, қысқартып жазу адам санасына сіңіп, қай кезде қандай әріп қолдану керек екенін шатастырып алдық. Мысалы « не істеп жатырсың?» деген сұрақты «нестеп?, нестеватсың?, не істеп?» деп жазады. Мүлдем ақылға қонымсыз. 3 сөзді тек 1 сөзге айналдырып немесе барлығының ортасына 1 әріпті қосып қойып біріктіре салады. Сонда жалқаулық тіпті қарапайым сөзді жазғысы келмейтін жағдайға жеткіздіме? Мектеп қабырғаларында жаңартылған оқу бағдарламаларына сәйкес диктант, мазмұндама, шығарма жаздырмайды. БЖБ(бөлімдік жиынтық бақылау) ТЖБ ( тоқсандық жиынтық бақылау) арқылы тест алады. Әрине тағы да әлеуметтік желінің кесірінен жауабын көшіре салады. Ол баланы сауатсыздықты ғана емес өтірікшілікке, алаяқтыққа үйретеді. Ал бұрын диктант, мазмұндама, шығарма жазған кезде дәптеріміз қып-қызыл түзетілген қателер болмау үшін дұрыс жазуға тырысып, намыстанатын едік. Ұстаздарымыз тіпті қатемен жұмыс жасататын. Яғни жаңартылған оқу бағдарламасының да сауатсыздыққа тигізер әсері болып жатқанын байқауға болады. Вирустай жаулаған бұл дерттің де емі бар болса керек…
Жұлдыз Қожахметова,
Ілияс Жансүгіров атындағы ЖУ-дың студенті





