Бүгін Талдықорғанда тағы бір көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты шарада облыс әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындарға пәтер кілтін табыстады.
Естеріңізде болса, өткен аптада Жетісу облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай бір үй пайдалануға берілген еді.
— Жыл басында біз 2000 отбасыға үй береміз деп айттық. Сол уәдемізде тұрамыз. Бүгін, міне, соның нәтижесін көріп отырсыздар. 36 отбасыға арналған үйді беріп жатырмыз. Жұмыс сапырылысқан сандармен емес, осындай нақты нәтижелермен көрсетілуі тиіс. Халықты баспанамен қамту — ең маңызды мәселе. Мұқият мән беріңіздер, бұл былтырғы жылмен салыстырған 8 есе жоғары көрсеткіш. Үй беру бойынша біз сегіз есе жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Әйтпесе, ұят 18 — 19 жыл кезекте тұрған отбасылар үй алып жатыр. Ең сорақысы, 1700 адам кезектен түсіп қалған. Қазір сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз, — деп айтты облыс басшысы.
Жалпы жыл соңына дейін облыста 322 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның 50% бюджет есебінен салынады, бұл өткен жылдағы көрсеткіштен 8 есе артық.
Бір Талдықорғанның өзінде биыл 51 көп пәтерлі тұрғын үй қолданысқа беріледі. Шілдеде 3 көп пәтерлі үй, тамызда 4 үй пайдалануға беріледі.
Жыл соңына дейін 2 мыңдай тұрғын баспаналы болады. Сөйтіп алдағы 3-4 жылда кезекте тұрғандар санын екі есеге қысқартуға мүмкіндік туады.
Қозыбай Құрман,
Талдықорған қаласы.
Фото: автордікі





