Мүмкіндігі шектеулі балаларды қуантуға арналған іс-шараны «Күнім» қоғамдық қоры мен Жетісу облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды.
Бүгінде онда 30 шақты бала тіркелген. Ең кішісі 2 жаста. «Күнім» қоғамдық қоры тек облыс бойынша емес, сонымен қатар, басқа қалалардағы ерекше балаларға да көмек қолын созуда.
«Ерекше балаларды қоғаммен байланыстыру өте маңызды шаруа. Сол себепті жыл сайын ата-аналармен бірнеше рет бас қосып, балалардың көпшілік ортаға бейімделуі үшін әрекет жасаймыз. Әр мерекеде оларға көңіл бөліп тұрамыз», – деді «Күнім» қауымдастық қорының негізін қалаушы Кәмила Нүсіпова.
Шарада қор атынан балаларға дастарқан жайылып, сыйлық үлестірілді. Ұл-қыздарды қуанту үшін мультфильмдердегі сүйікті кейіпкерлер келіп, сергіту ойынын ойнатып, қонақтардың көңілін шаттыққа бөледі. Ата-аналар басқосуды ұйымдастырған мекемелерге алғыс білдіріп, ізгі тілектерін жаудырды. Даун синдромына шалдыққан балалардың ата-аналары да қуанып қалды. Олар балаларының қоғамның бір мүшесі ретінде басқа да балалармен тең қуанып, сыйлық алып, шаттанғанына ризашылықтарын білдірді.
Айнұр Рахымбекқызы,
ЖУ-дің 3-курс студенті





