Таяуда ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Алмасадам Сатқалиевпен бірге Эр-Рияд қаласына (Сауд Арабиясы корольдігі) жұмыс сапарымен барды.
Қазақстандық делегация Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика министрі ханзада Abdulaziz bin Salman Al-Saud және «Saudi Aramco», «SABIC» және «ACWA Power» сияқты ірі компаниялардың басшыларымен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау шеңберінде ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және «ACWA Power» арасында жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) бойынша жобаны іске асыру қағидаттары туралы келісімге қол қойылды.
Бұл келісім Жетісу облысында (Жоңғар қақпасы) жалпы қуаты 1 ГВт жел электр стансысын дамытуға, қаржыландыруға, салуға және пайдалануға бағытталған.
Құрылысы 2025 жылы басталмақ. Жобаны іске асыру Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасымен бекітілген нысаналы индикаторларға қол жеткізуге, жаңа жұмыс орындарын құруға, қосымша инвестициялар тартуға, сондай-ақ елде «жасыл» электр энергиясын өндіруді ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтіледі.
Сондай-ақ кездесуде мұнай-газ және мұнай-газ-химиясы жобаларын іске асыру және дамыту, оның ішінде ЖЭК-ті одан әрі өрістету мәселелері талқыланды. Соңында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін бірлескен перспективалық бағыттарды айқындай отырып, ведомствоаралық келісімге қол қою мүмкіндігін қарауға уағдаласты.
Айгүл Байжұмақыз
Сурет ғаламтордан алынды





