Талдықорған қалалық білім беру бөлімі мемлекеттік мекемесінің бас бухгалтері мен бірнеше қызметкерінің 1 миллиард теңгені жымқырып, қымбат автокөліктер мен 29 жылжымайтын мүліктің құжатын еншілемек болған. Қомақты сомамен қолға түскен күдіктілер қазір қамауға алынды. Тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
Мұндай мәлімдемені ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облыстық департаментінің басшысы Мақсат Жебегенов жариялады.
Бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы сұхбат берген департамент басшысының айтуынша, тергеу амалдарының жүруіне байланысты көптеген деректер айтылмауы тиіс.
– Қылмыстық іс тіркеліп, тергелуде. Қазіргі уақытта күдікті тұлғалар білім беру саласында мүлде жұмыс істемейтін адамдарға жалақы ретінде ақша бөлу жолымен қомақты қаражатты жымқырды деген желеумен ұсталып отыр. Сот үкімімен қамауға алынды. Алдын ала бар ақпаратқа қарағанда аталған тұлғалар 2020 жылдың қыркүйек айынан бері 2 миллиард теңгедей ақшаны жымқырған. Былтырғы желтоқсан айының өзінде олар 800 миллион теңгені ұрланғаны анықталды. Ұстау барысында күдіктілерден 1 миллиард теңге, зергерлік бұйымдар, қымбат автокөліктер мен 29 жылжымайтын мүліктердің құжаттары алынды, – деген Мақсат Мырзаханұлы басқа мәліметтерді тергеу амалдарына байланысты жарияламай алмайтынын жеткізді.
Күдіктілердің үстінен «Бюджет қаржысын жымқырды» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.
Фото: көрнекілікке алынды
Мәди АЛЖАНБАЙ





