Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында экономикалық–әлеуметтік дамудың 9 айдағы қорытындысы талқыланып, онда республикалық бюджеттің атқарылуы сараланды. Сонымен қатар халықты жұмыспен қамту мәселесі де қаралды.
Жыл басынан экономикасының өсу қарқыны 2,8 пайызға жеткен. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, тау-кен өндірісінде оң өзгеріс байқалған. Қаржы министрінің айтуынша, мемекеттік бюджеттің кірісі 11 трлн. 177 млрд теңгені құрап, жоспар 104,8 пайызға орындалған. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің мәліметінше, осы жылдың 9 айында АӨК-тің жалпы өнімінің көлемі 6,9%-ға өсіп, 6,8 трлн теңгені құрапты. Селекторлық жиында индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика министрлері өз салалары бойынша баяндама жасады. Үкімет басшысы кәсіпорындар жоспарының іске асуына қолдау көрсету, проблемалық мәселелерін шешу, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, инвестициялық жобалалардың санын арттыру барысында тапсырма берді .
Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту мәселесіне баса мән берілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, 1 қазандағы мәлімет бойынша 654 мыңға жуық адам жұмысқа орналасқан. Ол барлық ұлттық жобалар цифрландырылып, электрондық еңбек биржасына қойылғанын, бос жұмыс орындарын толтыру деңгейі 87% құрағанын айтты. Бұл орайда Премьер-Министр Әлихан Смайылов: «Біз жұмыспен қамту идеологиясын, қоғамдағы еңбекке деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Еңбек адамының оң имиджін, барлық кәсіптердің құндылығын қалыптастыру мәселелерін пысықтауымыз қажет», – деді.
Үкімет отырысында жұмыс орындарын ашу, кеңейту барысында Ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың қолға алынғандығы, олардың іске асыру барысы жайлы айтылды. Мысалы, бизнеспен шұғылдану үшін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы істің дөңгелеп кетуіне серпін беруде. Сондай-ақ, аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің жұмысын қолдау бойынша іс-шаралар атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел көлемінде қолға алынған 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасы екі қолға бір күрек табуға оңды әсер етуде.
Отырысты қорытындылаған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов еңбек нарығында қандай мамандыққа сұраныс көп, соған сәйкес жұмыс жүргізу қажет екенін айтты. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамтуға баса көңіл бөлуді тапсырды.
Гүлжан ТҰРСЫН,
Жетісу облысы





