Біздің КазГУ-дің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін бітіргенімізге де биыл 42 жыл толыпты.Осы жоғары оқу орнының 1980 жылғы түлектеріміз. Бір анығы, уақыт еш тоқтамайды, ешкімді де ешқашан аялдатпайды! Жалындаған жастығымыздың жарқылдаған отының сәулесі сәл көмескі тартқанымен, жүрегіміз әлі жас, көңіліміздің көлінің көкала үйрегі әлі әлдебір жаққа ұшып кеткен жоқ… Әйтсе де, алдымыздың шашымыз (әсіресе, жігіттердің) ағарып, бәріміздің басымызға өзгеше бір сабырлылық, салмақтылық, байсалдылық, барлығына да ой көзімен қараушылық орныққандай. Дегенмен, бұл мамандығымызға орай әу бастан-ақ қалыптасатын қасиет секілді.
Сонымен, 1980 жылы еліміздің әр қиырынан білім іздеген қыз-жігіттер ару Алматыда бас қостық. Ішімізде «өмір көрген шалдар» да, мектеппен енді қоштасқан жастар да бар.Ең үлкеніміз бүгінде марқұм болған Елгезек Әзбергенов пен Махамбет Мәшекенов еді. Олардан кейінгілері тамаша ақын, марқұм Аманхан Әлімов, марқұм Қалу Байғұлов және қазақ журналистикасының қара нары Көлбай Адырбекұлы, Кеңес Төлеубаев, сондай-ақ, осы сырдың кейіпкері Берікбай Қадықов болатын.
Біз Берікбай – Бекенмен 5 жыл қатар білім алдық. Соншама уақыт бойы бірге оқып, қасында жүрген соң, жасы үлкен болса да, «сіз» деп сызылғанды жөн көрмедік.
Сол Бекең де, міне, өмірдің біраз асуынан алқынбай асып, жетпіс деген жастың белесіне белі қайыспай көтеріліп отыр.Байқап, бағамдап қарасақ, Берікбайды – тарихы терең, ерлері ерен, елі жомарт, жері байтақ Мойынқұмның өз кәсібін құлай сүйген қаламгері, ақкөңіл азаматының бірі деу артықтық етпейді екен.
Жүрегі қалаған журналистикасын бітірді, Мойынқұм аудандық газетінің қара қазанында қайнады. Осы басылымда 30 жыл еңбек етіп, оның 21 жылында бас редактор болды. Әлі күнге дейін республикалық, облыстық газеттерге жазғаны жарияланып тұрады. Халық қалаулысы атанып, бір-неше рет депутаттыққа сайланды. Қоқан хандығының үстемдігіне қарсы күрескен Ақеділұлы Биназар батыр атындағы қорды басқарды.
Газет арқылы өзі де халықтың қалаулысына айналды, елдіктің сөзін сөйледі, ерлікті төбеге көтерді, көпшіліктің жайын ойлады. Тегінде, осының барлығы да бір адамның басына аз абырой емес. Әйтеуір, қай жерде де, қандай жағдайда да аптықпай алға басты, іркілмей ілгері ұмтылды.
Кейіннен, яғни, 2009 жылы отбасы жағдайымен Алматы облысының Қарасай ауданына қоныс аударғанда да асқарынан аласарып, артқа кеткен кезі жоқ. Бұл жерде де білгір, білікті кәсіби маман ретінде танылды. Осындағы «Заман жаршысы» газетінде алдымен тілші, артынан бас редактордың орынбасары бола жүріп, іргелі өңірдің дамуына, өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосты.
Дәл осы басылымда қызмет істегенде «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағын алды, Қарасай ауданының Құрметті азаматы атанды.
Бекеңнін қазақ журналистикасындағы 42 жылдық қызметінде бұдан өзге де марапаттары жетерлік. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де аудандық газеттің ауыр жүгін көтеріскен Бекеңді әріптестері «редакцияның ақсақалы» деп құрметтейді. Қазіргі уақытта ол Қарасай аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі.
…Оның Алатау жаққа жақындығы бұрыннан бар еді. Себебі, студент кезінде Алматы облыстық «Жетісу» газетінде 4 рет тәжірибеден өткен, аудандардағы іссапарларға шыққан. Студенттік құрылыс отрядындағы еңбегі үшін Кеген аудандық комсомол комитетінің грамотасымен марапатталған.
Ал, енді Бекен журналистикаға қалай келді, оны осы қызық та қиын, бірақ, әлемдегі ең адам баласына жақын ізгі мамандықтың біріне ынтықтырып-ынталандырған, алды-артына қаратпай асықтырып алып келген не? Алғашқы талап-талпынысы қалай болды?
– Мектепте мен тікелей сабақтан бөлек, әдеби кітапты көп оқыдым. Тіпті, өзімнің туған ауылым – Коминтерн (қазіргі Биназар) кітапханасында (меңгерушісі марқұм, жарықтық Көлбаева Күлшат апам еді) мен алып оқымаған қазақша кітап, әй, аз-ау…Осының бәрі балалық қиялыма қанат бітірді, арманыма ақ жол сілтеді. Сондай сәттерде ұшқыш, тіпті, теңізші болғым келді. Ақыры, тоғызыншыға топ етер тұста ұзақ іздегенімді тура тапқандай болдым. Ол – журналистика болатын.
1967 не 1968 жыл ғой деймін, ұмытпасам. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінен «Таңда сен өмір жолын өкінбестей…» атты мақаланы оқыдым. Одан журналист болуды армандаған атыраулық жас ару Сара Досниязованың жүрек лүпілін, жан қалауын анық аңғардым, терең сезіндім. Жазғаны маған өте қатты әсер етті. Толқыдым, толғандым. Сөйтіп, бұрынғы тілегімді тіреу етіп, журналист болуға берік бекіндім!, – дейді Берікбай.
Дәл осы жерден Бекен туралы білгенімізді бітіріп, әңгімемізді ақырын аяқтай салуымызға да болар еді. Бірақ, тағы да қосар сөзіміздің «құлағы қылтиып» тұрғандай сезілді. Ол, әрине, оның орнықты отбасына қатысты. Курстасымыздың зайыбы, асыл жары, шығыстың шынары (өзі осылай дейді, өйткені, Өскемен жақтан) Бота жайында айтпай кетуге болмас.
Екеуі бірін-бірі жазбай таныды, жаңылыспай тапты.Қазір ел қатарлы өмір сүруде. Көппен бірге тіршілік етуде.Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей. Екі қыз, бір ұлы, немерелері бар. Ең бастысы, отағасы, отанасы ретінде өзара қатты сыйласады, бірі тіреу, бірі сүйеу болып ғұмыр кешуде. Алла көпсінбесін! Бақыт деп осыны айтуға болатын шығар.
Жетпістің желкенін көтерген біздің Бекеннің ең ерекше қасиеті – таң атса кеш бататын, кеш батса қалай таң ататынын аңдамайтын осынау алмағайып заманда, қаншама уақыт тапшы болса да, уақыт тауып, курстастарын телефон арқылы түгендеп шығатыны. Мереке келгенін алғашқы болып Бекен білдіріп жатады. Міне, бір кездегі Бекеннен, бүгінгі таңда Бекең атанған біздің Берікбай өмірі ұлағатқа толы осындай жан!
Гүлзия ПІРӘЛІ,
филология ғылымының
докторы, профессор,
Ұлбосын АЙТӨЛЕН,
журналист,
«Құрмет» орденінің иегері





