Қонаев қаласының орталық кітапханасында облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Оны кеңес төрағасы Ескелді Қасымов ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Алматы және Жетісу облыстарының шекарасын белгілеу қаралған. Алдын-ала дайындалған құжаттама бойынша Алматы облысының аумағы 10 509 мың гектарды құрап, солтүстік-шығыс шекарасы – Жетісу облысының әкімшілік бағынысындағы қолданыстағы шекаралары бойынша, солтүстік-батыс шекарасы – Қарағанды облысының, оңтүстік-батыс шекарасы – Жамбыл облысының, оңтүстік-шығыс шекарасы – Қытай Халық Республикасының, оңтүстік шекарасы – Қырғыз Республикасының мемлекеттік шекаралары бойынша өтетіні белгіленген.
Тиісінше, Жетісу облысының аумағы 11 848 мың гектарды құрап, солтүстік-шығыс шекарасы – Абай облысының, солтүстік-батыс шекарасы – Қарағанды облысының, оңтүстік-батыс шекарасы – Алматы облысының қолданыстағы шекарасы бойынша, ал шығыс шекарасы – Қытай Халық Республикасының мемлекеттік шекарасы бойынша өтетіні көрсетілген. Кеңес мүшелері бірауыздан аталған шекаралық заңнамаларды қолдап, дауыс берді.
Екінші мәселе мемлекеттік денсаулық сақтау секторы ұйымдарының ауылдық жерде және қала үлгісіндегі кенттерде жұмыс істейтін медицина және фармацевтика қызметкерлеріне коммуналдық қызметтерге және отынға арналған шығыстарды бюджет қаражаты есебінен өтеу мөлшерін белгілеу туралы болды. Аталған жоба кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе: «Алматы облысының Құрметті азаматы атағын беру қағидаларын бекіту туралы» облыс әкімі аппаратының бас маманы Фархат Шайықов хабарлама жасады. Ол өз сөзінде осы атаққа ұсыну мен марапаттау мәселелеріне қатысты кейбір түзетулер мен толықтырулар енгізуді ұсынған. Қоғамдық кеңес мүшелері құжаттармен алдын ала танысқандықтан бұл жобаны да бірауыздан мақұлдады.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қонаев қаласы,
Алматы облысы





