Біз бір ауылда туып, түлеп-өстік. Аққайнардың құнарлы топырағына кіндік қанымыз сіңген. Жанымыздың тағы бір жақындығы, екеуміздің де тегіміз – Үмбетов. Осыдан ба, жерлес бауырымның өмірдегі шыққан барлық биігіне қуанамын.
Серік бауырым – туған жерін сүйген азамат. Қандай лауазымды қызметте болсын кішілігінен, адамгершілігінен адасқан жоқ. Туған жерін көркейтті. Жиі ат басын бұрады. Ауылдастарын туғанындай көретін мінезіне сүйсінеміз. Қазақтың салт-дәстүрін қатаң сақтайды. Үлкеннің сөзін тыңдап, кішіге жол көрсетіп келеді.
Қазақстанның Халық жазушысы, марқұм Шерхан Мұртаза аға Серік жайлы тамаша жазды: «…Аман болсын, қазіргі ел бақытына туған асылдар аз емес. Солардың арасында, ел басқарған мықты жігіттердің ішінде мен білетін Серік Үмбетов те бар. Үмбетов – аса кішіпейіл, иманжүзді, қадірлі азамат. Екі облысқа әкім болды. Халқына жақын болды. Басқа да үлкен қызметтер атқарды. Абыройлы болды. Серік Үмбетов – сертке берік. Басшы үшін бұл өте-мөте керек қасиет. Әсіресе, үлкен саясатқа араласқан адамдар үшін.
Баяғыда-ақ Омар Һаям: «Мейлі, ол болсын артық жаратылған, мейлі, ол дана дейік дара туған. Сөзінде тұрлау бар ма? – Соған қара, өйткені сонда жатыр бар ақыл, мән» деп айтып кеткен. Ол қандай адам, түбіріне үңіл! – дейді. Үмбетов уәде сөзінде тұратын басшы болды. «Адал адам», – дейді ел-жұрты. «Үлде мен бүлдеге еш малынбаған, даңғойлық мастығына салынбаған. Сергек те сезімтал қасиеті басым. Елдің берекесін келтірген азамат»,– дейді.
Иә, ар-ұяты бар, ұлттық намысы бар ерлердің ісі осылай болмақ. Солай болғаны – сұңқар азаматқа абырой.
Тәңіртау, Қаратау, Жетісу, Әулиеата, Алтай, Сарыарқа, Атырау, Қазығұрт, Сыр өңірі, Ертіс пен Ақжайық, Маңғыстау – қазақ жерінің көркі ғой.
Ал, Серік Үмбетовтей ел көркі болған азаматтар туған халқы мен жеріне қызмет ете берсін!» – деп түйеді асыл азамат.
Керемет пікір! Тіпті оның бойындағы асыл қасиетті қалай байқаған дерсің! Мен жазушы емеспін. Бірақ жақсылардың ой-пікірін оқып, соған риза боламын. Серік – қазақтың тарихы мен салт-дәстүрін, тілі мен дінін, әдебиеті мен өнерін, мәдениетін құрметтеумен қатар оған үлесін қосқан азамат.
Академик Серік Қирабаев, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин де Үмбетов жайлы жақсы ой қорытқан. Қазақтың біртуар азаматтарының Серік Әбікенұлын бағалауы керемет. Соншама ыстық ілтипатқа бөлену үшін өмір мектебінен үздік баға алу керек шығар.
Ауылға келгенде Серік көше-көшені аралап, елдің жағдайын сырттай бақылайтынын байқадым. Бірде «Халықтың жағдайы жақсы. Үй, қора-қопсысы реттеліпті. Осыған қуанамын. Тіршілік жасау керек» деген еді қуанып, риза болғандай. Аққайнар қазір шағын қаладай. Көшелер асфальтталған, жарық, су, газ әр үйде. Келіндер от жағып, күл шығаруды ұмытқалы қашан. Алланың үйі мешіт, Мәдениет үйі, Спорт сарайы, ардагерлер саябағы, стадион, емхана, балабақша, тағы басқа халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік нысандар бар.
Жайнаған ауыл, жайсаң тірлік адамның көңілін көтереді. Соның бәріне қозғау салып, қамқорлық жасаған – Серік Үмбетов. Ауылдың атпал азаматтары да бұдан шет қалмады. Бастаушысы болса, қостаушысы табылады екен.
Серік Әбікенұлы ел ішіндегі шежіре қарияларды ерекше құрметтейді. Бірін «ата», бірін «аға» деп алқалап отырады. Ойласам, бұл мінезін ауылда ғана емес, Жетісу мен Әулиеата жерінде де ұмытпапты. Алматы облысының Құрметті азаматы, ақылман қария, марқұм Совет Оразаевтың ол жайлы жазғанын оқыдым. Көпті көрген аға: «Серік біздің ауданға (бұрынғы Кеген ауданы) ауылшаруашылық басқармасының басшысы болып келді. Өңі жылы, өзінің ілтипаты, ізетімен бәрімізді баурап алды. Сол кездегі Кеген аудандық партия комитетінің бюросы аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы маған және аудандық ауылшаруашылығы басқармасының жаңа басшысы Секеңе мал шаруашылығын басқару мен бақылауды тапсырды.
– Аға, жайлаудың тұсы ғой, малшылардың жазғы тыныс-тіршілігін көріп, біліп, танысудан бастасақ, қайтеді? – деді Серік бірде.
– Серікжан, ол үшін атқа мінуіміз керек қой, – дедім сыр тартып.
– Аға, исі қазаққа ат бөтен емес қой. Ата-бабаларымыздың әлемді шарлаған көлігі емес пе, ат десе ішкен асын жерге қоятын, ат десе құлап түсетін ініңіздің бірімін, – дегені. Қуанып кеттім. Атқа мінгенді, тау-тауды аралай жүргенді жаным қалайтын. Екіаша жайлауында атқа қондық. Малшы қауымды атпен аралауды жөн көрдік. …Сол жолы алдымыздан бір баласын алдына, екінші баласын артына отырғызып, көшті бастап, ат жетектеп келе жатқан малшы әйелін кездестірдік.
– Аға, сіз қалай ойлайсыз, мына көшті көргенде, баяғы замандағы атпен көшіп-қонып жүретін ата-бабаларымыздың өмірі көз алдыма келгендей болып кетті. Біртүрлі әсер етті. Жайлаудағы малшыларымыз отырған жерге дейін көлік жолдарын жасау неге ойластырылмаған, бұл мәселені аяқсыз қалдырмауымыз керек, – деді.
Кейін осы Серіктің тікелей ұсынысымен аудан аумағындағы Қарақия, Қызылқия, Аққиядағы, Далашықтағы жайлауларға тауды бұзып дегендей көлік баратын жол салынды.
– Совет аға, күн батуға айналды. Бір жерге қонып, жақсылап демалсақ. Қонаққа деген пейілі жылы, оның сыртында шежірені, өткен-кеткенді жақсы білетін бір әңгімешіл көнекөз қарттың шаңырағы болса тіпті тамаша болатын еді, – деді маған сұраулы тіл қатып.
Іштей ойланып келе жатқан мен, бұрыннан білетін бір қарияның үйіне бастадым. Іздеген қартымыз келе қоймапты. Жұлдыздар жамырай бастағанда қойын қотанға түсірді. Қарияның бала-шағасы бізді жылы қарсы алды. Жандары қалмай күтті. Алдымен шай іштік. Бір-екі шыныдан кейін тоқталып қалып едік, қария сөз бастады. «Мына біз отырған қонысты «Қыземшектің баурайы», «Талды жайлауы» дейді. Ата-бабаларымыз «Қобыландының жырында» «Тайбурыл көлденең жатқан көктасты саз балшықтай иледі, Қыземшекті таулардан одан да асып жөнелді» демеп пе еді. Көктасың да, Қыземшегің де осында, – деп ал кеп сыр шертсін. Әттең, жазып, таспаға түсіріп алар дүние қайда, аузымыз ашылып тыңдап қалдық. Қарияның әңгімесіне тоймаймыз. Ет желініп, қонақкәдесі жасалды. Әңгіме пілте шамның жарығымен түннің бір уағына дейін жалғасты. Көпке шыдамай, салынған төсекке қисайып ұйықтап кетіппін. Ертең ерте тұрсам, Серік: «Қарияның әңгімесін таң сыз бергенше тыңдап, көз ілмедім», – деді. Қасымда жүрген азаматымның ел ішіндегі әңгімеге, шежіреге қатысты дүниелерге ерекше ықылас-пейілді екенін біліп, ерекше риза болдым», – дейді.
Мына жайды айтпасам ағаттық болар. Ақын-жазушылармен үнемі үзеңгілес жүретін інім жазу-сызудан да құралақан емес. Серік Үмбетовтің қаламынан туған «Ой иірімдері», «Дала даналығы», «Өмір өрнегі» атты кітаптары оқырманға ой салады. Көңілінің көзі бар азаматтың елге айтары мол.
Адамның жақсылығын айту – парыз. Айту арқылы күш-қайратың тасиды, ойың ұшталады. Серік Үмбетов жайлы әлі де жазылады. Аққайнарда Серіктей азаматтың өмірге келгенінің өзі – ауылдастары үшін қуаныш.
Қамбар ҮМБЕТОВ,
Жамбыл ауданының
Құрметті азаматы
Алматы облысы





