«Отан отбасынан басталады». Құлаққа сіңіп қалған бұл сөздің мағынасы біз ойлағаннан әлдеқайда тереңде. Отбасылық құндылық – ұлтымыздың ұлылығын ұлықтап, дәстүрімізді дәріптейтін тәрбиенің бастауы. Жалпы ХХІ ғасыр ата-аналары сол құндылықты жоғары деңгейде бағалай ала ма?
«Тәрбие – тал бесіктен». Бұл келісті сөздің мән-мағынасын толық түсінетін адам кемде-кем. Отбасы ол жеке-дара мемлекет. Бала ұясынан көргенін болашағына арқау етуі заңды. «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген сөз бекер айтылмаған. Жалпы бізде әйел адам ер адамнан бір саты төмен тұру керек деген ұстаным бар. Бұны кейбір нәзік жандылар мойындағысы келмейді. Ол – рас. Жауапкершілікті әйелдеріне артып қойған ер-азаматтар да баршылық. Күнделікті үй шаруасын мысалға алайықшы. Қарапайым бұзылған есікті, істен шыққан техниканы үйдегі аналарымыздың жөндеп жіберетіні өтірік емес. Осыдан-ақ әйелдің мойнына көп жауапкершілікті артып алғанын байқауға болады. Әкенің жігерсіздігінен қоғамға пайдасыз балалар өсіп келеді. Сонау Кеңес заманындағы отаршылдық жүйе еркек пен әйел тең құқылы деген ұғымды санамызға сіңіріп берді. Қазақтың әйелдері ерін сыйламауды шығарды. Ол құбылыс әлі де өз күшін жоя қойған жоқ.
Алайда дінімізбен, дәстүрімізге сүйенсек, әйел адам ер адамнан бір саты төмен тұруы маңызды. Кезіндегі аналарымыз ерлерінің қабағына қарап-ақ бәрін түсіне қойған.
Адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі аналарымызды ерекше қадірлеуді өсиет еткен. «Қыз бастаған көш оңбас» демекші, тізгіні әйелде болған үйдің ұлы әлжуаз, қызы бейапар, көкбет болып өседі. Олардан не үміт, не қайыр?! Некесіз бала. Ажырасқан отбасы. Тастанды нәресте. Байырғы заманда бұндай сөзді айту, есту құлаққа түрпідей тиетін. Қазір үйреншікті сөзге айналды. Некесіз нәресте туып, көкек ана атанып жатқандар қаншама?! Ұлттық дәрежемізді жоғалтып, ажырасып жатқан отбасылардың да қарасы азаяр емес. Оған себеп санамызды біртіндеп улап жатқан – батыстық өркениет. Статистика бойынша еліміздегі некенің 40 пайызы ажырасумен аяқталады екен. Ол дәстүрлі отбасы құндылығының төмендеуі. Ажырасып жатқандардың көбі жас отбасылар. Бұл ұл мен қызға артылмаған жауапкершіліктен деп білемін. Ол ұғымды жастайынан бала бойына сіңіру керек. Сондай жауапсыз жастардың кесірінен өсіп келе жатқан баланың психикасы құртылып, бейсана ауытқуларға ұшырайды. Осындай жағдайлардың алдын алу, әрине, отбасыдан бастау алуы шарт.
Баланың жақсы-жаман болып өсуіне бірден-бір себеп, үйдегі өнеге. Әке мен ананың берген тәлім-тәрбиесі. Заманға сай тәрбиелейміз деп, отбасы берекесін қашырып алғандарды да көріп жүрміз. Қазір балаға қарап-ақ, үйдегі тәрбиенің қандай екенін байқаймыз. Бала-шағасын асыраймын деп күн-түн демей жұмыс істеп жүрген ата-анаға тағар айып жоқ. Дегенмен, оларға белгілі бір уақыттың керегі жоқ. Үй тірлігін істеп жүріп-ақ, баламен әңгіме құрып, тығыз байланыста болу қажет. Сіздің іс-әрекетіңізге қарап бой түзейді. Егер де ата-ана мен баланың арасында ашық байланыс орнаса, жоғарыда айтылған мәселелер болмайтын да еді.
Қазақ ұлының намысшыл, ер мінезді болып өсуін қалаған. Ал қызын жат-жұрттық деп жастайынан қонақ ретінде сыйлаған. Бұл сөз қазіргі ата-аналардың түсінігіне қарама-қайшы. Оған себеп, көптеген ата-ана дәстүрлі тәрбиені дәріптегісі келмейтінінде. Дәстүрлі тәрбие – қазақы дүниетаным, тағылым, ұлағат, ақыл-ой сынды нәрселермен үйлесетіні анық. Осыларды бала бойына бекітіп, ойына сіңірген ХХІ ғасыр ата-анасы жеңілмек емес. Ұлт болып, жұрт болып, ұрпақ тәрбиесіне атсалыссақ, ата дәстүріміздің терең тамырынан байланысымызды үзбес едік.
Тақырыпқа орай:
Ел аузынан жеткен мына бір ескі әңгімені де есте ұстаған абзал-ау. Баяғыда бір есті ана алыс елге ұзатқан қызына бір жастықты ұстатып:
«Қызым, бөтен жерге бара жатырсың, сырыңды жұртқа шашпа, не айтқың келсе де мына жастыққа айта бер. Бір жылдан соң өзіңмен бірге ала кел!», – деген екен.
Жыл өткенде қызы төркіндеп келеді. Анасына жастықты ұстатып: «Анашым, мына жастықтың құлағы қалқиып әңгіме тыңдаудан жалықпады», – депті.
Анасы жастықты жарып қараса мамығы ылғалдан көгеріп кетіпті. Қызы балалығы, бал дәурені өткен ауылын, үйін, ата-ана, жақындарын сағынғанда, не отбасылық келіспеушілік, араздық, күйеуімен екеуара түсініспеушілік туындағанда соның бәрін шығарып тастау үшін анасы берген жастығын құшақтап, көз жасына ерік береді екен. Жастықтың мамығы содан суланып, көгеріп кеткенін түсінген анасы үндемей жастықтың мамығын ауыстырып, қызын қайта шығарып салады. Келесі жылы да қызы жастығын алып келеді. Анасы жастықтың мамығын ашып қараса, сол күйінде көгермегенін көреді. Қызының көз жасы тыйылып, барған жұртына сіңгенін байқаған анасы жастықты алып қалған екен.
Не деген даналық десеңізші… «Қайран біздің аналар, арды ойлаған».
Айғаным АЙТМҰХАН,
ЖУ-дің 3-курс студенті





