Өмір деген ұлы көш-керуеннің сүрдегінде сайрап жатқан әрі мыңжылдықтардан тамыр тартқан мәдениетіміз бен өркениетіміздің алтын қазығы ретінде «Алып Ертоңға» яки «Орхон-Енесей» жазбалары сынды көптеген бекзат мұрамызды айшықтаймыз. Самарқау салмақтар ұлы шежірелеріміздің қатпар-қатпар томдарында тұтаса жарқыраған тұғырлы тұлғаларымызды батыр, ақын, хан мен би деп айдарлы түрде ажыратып асқақтата дәріптегенімізбен мұзарттарда тұғыр тепкен мұсатырдан мөлдірей сетінеп арнаға қосылған немесе тұмадай тұнып барып өзенге айналған кешегілердің ғұмырбаяндық-хамсасындағы құсни бедерге сәп салып бажайлай алмай жүргендейміз. Арғысы Алаш арыстары, бергісі кеңестік жүйенің шідері желе шоқырақтатқан шақта ұлттың құндылығы мәңгілікке мирас болып қалуы үшін маңдай терін шүмектеткен нар тұрпатты нарқасқаларымыздың есімін ұлықтауымыз керек-ті. Сондай даналығы даңғылға айналған, сайраған ізі сүрдек түзген асыл тектілеріміздің сапында ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, бүкіл саналы ғұмырын республикамыздың мәдениет саласын дамытуға арнап, кезінде жұртшылық құрметіне бөленген аяулы азаматымыз Жексенбек ЕРКІМБЕКОВ те бар!
Елім деп туған ардақты жанның өмір жолы, абыройлы еңбегі мен тұлғалық қасиеттері тарих бетіне бедерленіп қалды. Тірлікте қызмет етуден, халқына еңбек сіңіруден өзгені ойламай табан ет, маңдай тердің ақысын сұрамай, тек өнердің өркендеуін, мәдениет мәуесінің жемісті болуынан өңгеге мойын бұрмай ғұмыр кешкен Жексенбек Еркімбекұлы жайлы ел ішінде айтылған аңыз көп. Жазылған хат, бедерленген естелік, нақышталған көркем туынды, эсселер жетерлік. Бұл тұрғыдан біз белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың кейіпкеріміздің азаматтық болмысын айшықтап танытатын мына бір естелігіне тоқталып өтейік. «…Пәленбай жыл Мәдениет министрі болған Жекеңнің үш-ақ сәтінен мысал келтіре кетейін.
Қатарынан министр әрі депутат болып дүркіреген Жексенбек ағаның бертінде анасы қайтыс болды. Жауырыны қақпақтай алып жігіттер мәйітті көпқабатты үйдің ең жоғарғысынан әрең шығарып, төменге әзер түсірдік. Егер ағамыз сәл «пысық» болып беделін салса, қаланың қалаған ортасынан ойып тұрып пәтер алуға хақылы еді ғой.
Екінші мысал: зейнетке шыққасын барып саяжай салуға ниеттенген ағамыздың ағаш, шифр, қаңылтыр іздеп табанынан таусылып жүргенін талайымыз көзбен көрдік. Креслосын пайдаланған кісі саяжай салуды ұмытар ма еді? Жарамсақтар жайнатып жібермес пе еді? Өзі рай бермеген де. Үшінші мысал: зейнетке шыққасын «Совминнен бір «Волга» сұрап алдым», – деп мәз болғаны бар Жекеңнің. Кезінде бүкіл мәдениет жүйесіне көлікті өзі бөліп отырған адам сол мың-сан төрт дөңгелектің ішінен біреуін өзіне реттей алмады дегенге кім сенеді? Ұяты, ұжданы, ары тосқауыл болған шығар. Қайтсе де қазіргі тәбетпен ол кездегі тәбет екі басқа десек те, ол уақытта есебін тапқандар екі асағаны шындық. Ал қазіргі пысықайлар жайлы сөз қозғау мүлде артық. Жаратқан өзі ақырын берсін!», – деп толғанады хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнердің ұлы сыншысы болған Әшірбек Сығай.
Шындығында адам қалыбының, қасиетінің арғы түпкірінде мөлдірлік пен тазалық болуы – ең ұлы өлшеммен салмақтаған тектіліктің нышаны емес пе? Мынау жарық ғаламда, ұлы көш-керуенде жан баласы ілескен сүрдектің тұйықталар кезі көз ұшында ғана көлбеңдеп тұр. Самұрықтың қанатынан сау етіп жерге түскендей аз аялдап барып, мәңгілікке бет түзеп кететін бескүндіктің мейманы екеніміз де рас. Ендеше, бәрі де өтпелі. Бәрі де артта қалады. «Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой», – деп ақиық ақын Мұқағалидың тебіренуі де сондықтан. Осынау тұтам тулақтай тірліктегі ұмытылмас жалғыз нәрсе – адамның еткен еңбегі мен төккен тері, кісілік келбеті мен адамгершілік асыл қасиеттері болса керек-ті! Бұл тұрғыдан алғанда біз сөз етіп отырған Жексенбек Еркімбекұлы жайлы толғамның түбі көрінбейтіндей. Өйткені тұғырлы тұлға жайлы жазылған әрбір естелікті парақтап-тарақтай отырып, «мәдениет рыцары» атанған оның өмірі даңғыл жолдай кең де жарық екенін пайымдадық.
«…Сонау 1953-ші жылдары шаңырақ көтерген Мәдениет министрлігін оннан астам ағаларымыз басқарып келсе, солардың ішінде өзінің қағілез, қарапайымдылығымен, елпілдеген ерекше мінез-құлқымен, ең бастысы, өзі жетекшілік ететін саланы кәсіби көрегенділікпен қажетті арнаға бұра білумен көптің жадында қалғандардың бірі – Жексенбек Еркімбеков. Егер мен өзімнің мәдениет саласындағы сапарымда алты министрмен тікелей қызметтес болсам, солардың арасында ең ұзақ әрі беріліп бейнеттенгені де сөз жоқ, өзіміздің Жекең. Министрліктің орталық аппаратында тұтасымен жиырма екі жыл еңбектену – бір кісінің басына аз жүк болмаса керек. Алғашқы төрт жылда бөлім, басқарма бастығы, жеті жыл министрдің орынбасары, сонан соң он бір жыл бойы үздіксіз министр болып абыройлы міндет атқаруы республикамыздағы өнердің гүлденген бір тұсы еді. Қаншама жаңа театр, концерттік мекемелер, кітапхана, мұражайлар өмірге еніп, ірге көтерді. Қаншама онкүндіктер, ірі-ірі гастрольдер, фестивальдер өтті», – деп толғанады «Кісіліктің келбеті» атты естелік жазбасында Әшірбек Сығай. Осы біртолғамды дүниенің өзінен-ақ тұғырлы тұлғаның асқақ болмысы қылаңытатындай.
Расында, Жексембек Еркімбековтің саналы ғұмырының бір бөлігі лауазымды қызметпен өтті. Ол Мәдениет минстрі болып тұрған шақта еліміздің өнер әлеміне жаңашылдық еніп, түрлі рухани дүниелер пайда болған. Күләш, Құрманғазы, Әміре, Дина атындағы конкурстардың өнер дүниесіне келуіне мұрындық болса, бұл байқаулар сан таланттың бағын ашқан. Музыка, театр әлемінде тың есімдер көрініп, ұлттық өнеріміздің көкжиегі кеңейді. Өнер әлемінде есімі жаңа жарқ еткен жұлдыздар мен сақа буын тек ел ішінде қайнап жатпай, сонау Еуропа, Азия шаһарларында өтетін әртүрлі конкурстарда бақ сынады. Айман Мұсақожаева, Жәния Әубәкірова, Әлібек Дінішев, Гауһар Мырзабекова, Роза Рымбаевалардың өзінің ұлттық болмысына сіңісті болған талантын асқақтата шыңдап, әлемге исі қазақ өнерін паш етті.
«Мені Қазақстанның қазіргі заманғы өнерінің барлық саласы қызықтырады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 8 қазақ драма театры жұмыс істей бастады, облыстарда қазақ халық аспаптары оркестрлері құрылды, театрлар мен концерт залдарында, көркем көрмелерде көрермендер саны артып, кітапханаларда оқырмандар қарасы қалыңдап келеді… Бір сөзбен айтқанда, қазіргі Қазақстанның өнері барған сайын сұранысқа ие болып келеді», – деп сонау бір жылдары мәдениеті көтерілген еліне қарап марқайып пікір саптаған Ж. Еркімбеков республика мәдениетінде елеулі жетістіктерге қол жеткізген жан. Ол «Гүлдер» хореографиялық ансамблі, Қазақ мемлекеттік циркі, неміс драма театры, «Отырар сазы» мемлекеттік фольклорлық-этнографиялық ансамблі, Арқалық, Жезқазған, Жетісай, Талдықорған драма театрлары, Қарағанды музыкалық комедия театры, облыстық филармониялардың қазақ мәдени өмірінде еңсе тіктеуіне куә болды. Тұғырлы тұлғаның бастамасымен республикалық музыкалық қоғам пайда болып, кейіннен Музыкалық қайраткерлер одағы болып қайта құрылған-ды. Міне, осындай ілкімді істерді қазақ халқының мәдениет әлемінде қалыптастырған Жексембек Еркімбекұлы талантты жастарға да мейлінше қолдау білдірген екен. Мәселен, аты аңызға айналған тұлғалар Төлепберген Әбдірашев, Жәния Әубәкірова, Қанат Ахметов, Қайрат Байбосынов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Әлібек Дінішев, Нағима Есқалиева, Гүлжамиля Қадырбекова, Гауһар Мырзабекова, Айман Мұсақожаева, Есмұхан Обаев, Роза Рымбаевалар кейіпкеріміздің ықыласы түскен, біте қайнасып мәдениетке, өнерге қызмет істеген тәрбиеленушілері.
Иә, Жексембек Еркімбековтің басшылығымен Армения мен Венгрия, Финляндия мен Оңтүстік Африка сынды әлемнің көптеген мемлекетіне дейін Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Опера және балет театрының гастрольдерін еске түсірсек, Германияның Берлин, Дрезден және Лейпциг қалаларында қазақтың «Абай», «Біржан – Сара» және «Евгений Онегин» опералары жаңғырықты. Осындай келелі істерді атқарған, еліміздің мәдениетін алыс-жақын шетелдерге айшықтаған тұғырлы тұлға өмірдің де ащылы-тұщылы кезеңін басып өтті. Бұл тұрғыда Әшірбек Сығайдың естелігіне қайта соғып, мына бір жазбасын ұсынайық: «…Соғыс басталғанда небәрі он бір жасар баланың балғын шағы Жетісу жеріндегі Биғаш деген ауылда қалыптасты. Қалыптасты деу айтарға ғана, әйтпесе, он беске келмей жатып жетім атанған Жексенбектің жасөспірім шағы өзінің замандастары сияқты ыбық-сыбықпен, соғыс ызғарының салқын лебімен тұйықталды. Қысы-жазы керзі етігін сүйреткен қара бала біресе ат арбамен, біресе өгіз арбамен шөп тасып, қырман басына су жеткізді. Дән суырды. Егін бастырды. Мұңға толы тәуліктердің ауыр салмағынан сытылып шығып, соқа, шанадан құтылып, астанаға аяңдады. Қарағай домбырасын асынған қалпында қазақ консерваториясының есігінен сығалаған. Сол-ақ екен, қамқор ұстаздар қолын созды. Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуов пен Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Хабидолла Тастановтың шеберханасында домбырашылық өнерін шыңдап алды. Қызыл дипломның күші ұстаздық қызметпен ұштасты. Ұйымдастырушылық қабілетімен дараланған Жексенбек тиісті орындардың көзіне түспей қалған жоқ.
Осылайша жан-жақтылығымен топ жарған алғыр жігіт көп ұзамай республикамыздың би училищесін басқарды, радио комитеттің музыка редакциясының бас редакторы қызметін атқарды. Орталық комитеттің мәдениет бөлімінің сектор мен терушілігіне жоғарылатылды. Бұл алпысыншы жылдардың басы еді. Бір күні Жексенбек Еркімбеков Орталық комитет бюросының шешімімен Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрының директоры қызметіне бекітілді. Сол жолы өзімен ауызба-ауыз сөйлесіп, ақыл-кеңес айтып, жөн сілтеген Дінмұхмед Ахметұлы Қонаевтың ойлы дидары, сүйкімді жүзі шығармашыл Жексенбектің шабытын шалқытқаны анық. «Байыпты музыка өнерін ел ішінде кеңінен насихаттаған жөн, опера жанрын түбегейлі түсіндірмейінше бұл сала аса танымал болуы мүмкін емес», – деген көреген ел ағасының сондағы асыл сөздері оның әлі құлағында.
Біз сөз еткен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, отандық мәдениеттің өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқан дарын иесі, он бір жылға жуық Қазақ КСР-нің Мәдениет министрі болған Жексенбек Еркімбекұлы ел деп туған қазақтың аймаңдай перзенттерінің бірі екені даусыз. Осынау тұғырлы тұлғаның өмір-баянына аз-кем тоқталып өтсек, ол 1930 жылы 5 қаңтарда жұмақ мекен – Жетісу жеріне қарасты Ескелді ауданы, Биғаш ауылында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік консерваториясын домбырашы-дирижер мамандығы бойынша бітіріп, Қазақ радио комитетінің жанындағы ұлт-аспаптар оркестрінде, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде домбырашы болған. Өнер даңғылында жүрген шақтарында өнерпаз ретінде көптеген белестерді бағындырған ол Құрманғазы оркестрі құрамында Бухарест қаласындағы Дүниежүзілік жастар мен студенттердің ІV фестиваліне қатысып, алтын медальмен марапатталған-ды.
Саналы ғұмырын мәдениет саласына арнаған ардақты жан 1956-1958 жылдары Алматы хореография училищесінің директоры, Қазақ радиосы музыка редакциясының көркемдік жетекшісі, Қазақ КСР-і ән-би ансамблінің директоры, одан кейінгі жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мәдениет секторының меңгерушісі, 1961-1966 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінде өнер басқармасының бастығы, министрдің орынбасары, 1976-1987 Мәдениет министрі болып абыройлы қызмет еткен.
Міне, осындай таңғажайып өмір иесі, қазақтың арда туған асыл азаматы, тұғырлы тұлғасы Жексембек Еркімбеков ел жадында мәңгі сақталып қала бермек. Жыл жылыстап, уақыт сырғыған тоқтамсыз ағыста таулардың алыстаған сайын биіктейтініндей мәдениет майталманының келбеті де жарқын тарта беретіні сөзсіз!
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





