Талдықорған: -3°C
$ 494.63
€ 583.22
₽ 6.42
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАНСАРАЙ

АҚЫНҒА ЖАР БОЛУ – ШЫН БАҚЫТ

08.04.2022
ЖАНСАРАЙ
АҚЫНҒА ЖАР БОЛУ – ШЫН БАҚЫТ
WhatsAppTelegramFacebook

ХХ ғасырдың таңғажайып  ақыны Мұқағали Мақатаевтың есімі аталып жатса, өлең мен өмірдегі серігі, жақын бауыры Еркін Ібітановтың да жарық жүзі көз алдымызға келеді. Аспантаулар өлкесін, оның ішінде қастерлі Қарасазы мен қымбатты Нарынқолынан алысқа ұзамай  мағыналы жыр ғұмырын өткеріп, дәл осы топырақта мәңгілік бесігіне бөленген Еркін ағамыздың жарық дүниедегі сүйеніші, тіреніші, мұңайғанда мұңдасы, шабытты шақтарында шынайы сырласы болған өмірлік жары Алтынкүл Қанапияқызы Ысқақова анамыз 80 жасқа толды. Туған күнінің алдында аяулы ақын ағамыздың Нарынқол ауылындағы қара шаңырағына жол тарттық. Көзінің тірісінде талай-талай дәмдес болған, ақын сырқаттанып жатқан кезде қал-жайын біліп тұрған қара шаңырақ көзімізге оттай басылды. Ыржия күліп, есігінің алдынан жайдары қарсы алып, арнайы орындығында темекісін бұрқырата отырушы еді марқұм. Соның бәрі қазір тәтті елеске айналып кеткендей. Төргі қонақ бөлмедегі диванда отырған Алтынкүл анамыздың жайдары жүзін көріп, көңіліміз көтеріліп сала берді. Мұқағалидың 90 жылдығында бір көргенбіз. Одан соң Еркін ағамызға Қарасаз ауылындағы Мәдениет үйіне есімі салтанатты түрде берілген шуақты шақта асыл анамыздың жүзінен қуана бір өпкеміз. 

– Армысыз, қалыңыз қалай? Ауырмай жүрсіз бе? Мерейлі 80 жасыңыз құтты болсын! – деп тағы да мейірім толы құшағына ендік. 
– Көп-көп рахмет, қарағым! Түнде Алматыдан Ерлан балам бастаған келіндерім, немерелерім келіп құттықтап, мәре-сәре күйде отыр едім. Өзіңнің қалың қалай? Бала-шаға аман- есен бе? Баяғы аудандық газетте көзкөргендерден өзің барсың ғой. Анда-мұнда ойлап қоям. Қайда жүрсеңдер де аман болыңдар, қарақтарым, – деп маңдайымнан сүйді. 
– Алтынкүл әкпе, сексен деген қалай екен?   деп күліп қойдым.
– Бір Алланың осындай күнді көрсеткеніне мыңда бір алғысымды айтамын. Еркінімнен қалған тұяқтарымды көріп, солардың ортасында жүргеніме жетер не бар?! Еркінімді бір ойлап, өмірден тым ерте аттанып кете барған Тұманымды бір ойлап, көзіме жас келіп кетеді. Туған күніммен құттықтап жатқан балаларымды, немерелерімді көріп көңілімді бір жұбандырып қоямын. Қайтейін. Қолымнан басқа не келеді, дейсің?  – деп анамыз көзіне жас алғандай болды. 
Рас, өткен жыл асыл анамыздың жүрегінде ұмытылмастай жазылып қалғаны анық. Ерекеңнің егізіндей болып кеткен Мұқағалидың 90 жылдығына куә болды. Ел мен жұрт орынды ұсыныс жасап, айтылып-айтылып бір ыңғайына келмей жүрген сүйікті жары Еркіннің есімі Қарасаз ауылдық Мәдениет үйіне салтантты түрде беріліп, өлгені тіріліп, өшкені жанғандай шат-шадыман қуанышқа бөленгенін тілмен айтып жеткізу қиын. Сол күндері анамыз ерекше күйде, толғаныс құшағында жүрді. Сахнаның төріне шақырғанда осынау игілікті шаруаға атсалысқан азаматтарға аналық ақ жүрегімен алғысын арнады. Ең бастысы, Қарасаздың төрінде қатар орналасқан Мұқағалидың музейі мен Еркін ақынның атындағы Мәдениет үйіне өмір мен өлеңде бірге жүрген, қатар өскен қос ақын тіріліп келіп, орын теуіп, бірімен-бірі қауышып жатқандай сезімдер қатар атойлап жанын албырата, балбырата түскен. Сол бір ерекше қуанышы бар, сексен жылдығының әсері бар ақ жүзі шырайлана түскен тамаша сәтіне тап болдық.
– Балалық, жастық шағыңыз қайда өтті? 
– Шалкөде ауылының төрінде өтті, қарағым. Сол бір жанымызға жақын, көзімізге ыстық мекенде балалық шағым өрнектелді. Сонда мектепте білім алдым. Сол бір киелі, қастерлі топырақтың шапағаты шығар, жастайымнан өнерге бейім болып өстім. Сұрапыл соғыс жылдары дүниеге келдік-қой. Көп қатарлы шаңырағымыздағы айранды ішіп, талқанды жеп, барды қанағат етіп, қиындықтарды арқалай жүріп бойжеттік. Осы күнді көрсеткен бір Аллаға әрдайым шүкір деймін. Бірге жүрген, бірге оқыған талай-талай құрбыларым өмірден өтіп кетті. Әттең, дүние-ай, десеңші. 
– Еркін ағамызбен қашан таныстыңыздар?
– Бізді табыстырған өнер сахнасы болды. Жоғарыда айтып өткенімдей, өнерге жақындығымнан мектептің, ауылдың сахнасынан түспейтінмін. Ән айтам, би де билеймін дегендей. Ерекең де сондай іс-шаралардың ортасында жүретін. Ақындығымен де танылып қалған ағамыздың сыртынан сүйсіне, риза көңілімізбен қарап қойып жүретінбіз. Сөйтіп жүріп Нарынқол халық театрының мүшесінің біріне айналдым. Ахметбай Бекмұханбетов атты комсомол комитетінің хатшысы болды. Үлкен-үлкен шара болса, біздей өнерлі жастарды арнайы шақыртып, қатыстыратын. Ақынның өзіме деген жылы көзқарасын көрген сайын біртүрлі күйге түсетінмін. Осы жерде бір айта кететінім, Мұқағали Лашын әпкем жағынан жақын жездем ғой әрі есімнен кетпес ұстазым болды. Мектепте талабыма қарап, көркемсөз оқуды, сахнада жүріп-тұруды үйреткен сол аяулы ақын ағамыз еді. Бір жолы ақ қар, көк мұзда Шалкөдеден 90 шақырым аудан орталығына оқушылардың аудандық білім сайысына әкелгені есімде қалыпты. 1960 жылы 10 қазанда Еркінмен шаңырақ көтеріп, отау құрдым. Жаман болғанымыз жоқ. 2009 жылы дүниеден қайтқанға дейін елу жылдай бірге тұрдық. Ағаңның тіршілігіндегі жайынан хабардарсың ғой, бар еркелігін көтердім, барымызды асырып, жоғымызды білдірмей, алаңсыз шығармашылығымен айналысса екен деген ізгі тілеумен, жақсы үміттеріммен ғана жүрдім. Өмірдің ыстығын да, суығын да көрдік. Дүниеге әкелген бала-шағамызды өсіріп, оқытып, қанаттандырып, ел қатарына қосып, немере көріп аттанып кете барды. Біз үйленгеннен кейін Еркінім Қарасазда біраз уақыт мұғалім болды. Тұңғышым Тұманыма аяғым ауыр кезімде мектепте пионер жетекшісі болып еңбек еттім. 1966 жылдан бастап Нарынқолға көшіп келдік. Еркін сол кездегі «Советтік шегара» газетіне жұмысқа тұрды. 
Рас, Алтынкүлдей бойына ұлтымыздың әншілік өнері дарыған асыл да ардақты анамыз мұндаға дейін екінің-бірі айтуға дәті, дауысы жете бермейтін халық әндерін оның ішінде әйгілі «Гауһартасты» еркін де тамылжыта орындап, тамсандырып келді. Мұндаға дейін аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Алтын қазына» әжелер ансамблінің белді мүшесі болды. Әлі де сол ансамбльдің құрамында. Ал Еркін ағамыз баяғы Нарынқол халық театрындағыдай аталған әжелер ансамблінің алғашқы ұлттық нақыштағы, ұлттық тәрбие мен танымға негізделген бағдарламаларының негізін қалап кетті. Ерекең анау-мынау емес, сол кездегі аға басылым, республикалық «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Egemen Qazaqstan»  газетінде жарияланған «Қойшылар» атты поэмасы арқылы бүкіл республикаға танылды. Ерекеңнің тың соқпақ, соны тіркеске толы поэмасына, жырдағы аяқ алысына оқырман қауым жалт бұрылып қарағандай еді. Шын мәнінде сол бір қойшылар өмірі туралы жазылған тамаша жүрек туындысы арқылы көзі қарақты жұрт Қарасаз топырағынан тағы бір арқалы ақынның келгенін мойындады. Ерекеңнің араға жылдар салып «Қойшылар», «Арманәлем», «Хантәңірі, қайдасың?!», «Қасіретті де қасиетті ғасырым», «Елшенбүйрек» атты жыр жинақтары дүниеге келіп, оқырманын қуантты. 
– Еркін ағамызды есіңізге алып тұратын шақтарыңыз жиі кездесетін шығар?
– Иә, ондай кездерім көп. Басымыздан өткен көп дүние күні кешегідей жадымда. Өткен күнді қалай ұмытарсың? Еркінімді көбінесе, ақын-жазушылар көп іздеп келетін. Еркінімнің арқасында қазағымның маңдайына біткен талай-талай ақын-жазушылармен таныс болдым. Араласып кеткендеріміз қаншама?! Еркінмен бірге Жазушылар одағының қара шаңырағына имене аяқ басып, «Осынау киелі шаңыраққа қазақтың маңдайына біткен Сәкен, Мұхтар, Ғабит, Ілияс, Ғабиден, Сырбай, Әбділда секілді көптеген дара тұлғаларының аяғы тиген», – деп ертіп барған балаларыма ырым етіп жүрген сәттерімді қалай ұмытармын?! Содан да болар, Тұманым да, Ерланым да жалпы, балаларым әдебиетке жақын, құштар болып өсті. Еркіннің қаладағы қаламдас достары келеміз деп алдын ала телефон соғып, хабарласатын. Сосын ал кеп дайындаламыз. Олар қарапайым қара шаңырағымызды өз үйлеріндей көріп қонатын, ертесінде Еркінмен бірге көкке шығып, балық аулайтын. Әсіресе, Мұқағали қайтыс болғаннан кейін жалғызсырап жүрген кездерінде ақын, жазушы Тоқаш Бердияров үйімізге жиі келіп тұрды. Еркін екеуі шахмат ойнайтын, таңды-таңға ұрып әңгімелесетін. Оспанхан Әубәкіров, Рамазан Тоқтаров ат басын бұрып тұрды. Шәмшіні көзім көрді. Өте қарапайым, биязы адам еді. Біз отбасымызбен Тұманбай Молдағалиевпен, Қадыр Мырзалиевпен, Фариза Оңғарсыновамен, Әбіш Кекілбаевпен, Нұрлан Оразалинмен, тағы басқалармен жақсы қарым-қатынаста болдық. Фариза Ерекеңнің туған қарындасындай болып кетті десем, артық айтпаймын. 
– Мұқағалиды қай кезден білесіз?
– Қалың қазағының жүрегінен орын алған аяулы ақынымызды бала кезімнен білем. Бүбіхан деген әпкемді кіші әкесі алған, құда болып келеді. Кейін Лашын әпкемізге үйленгеннен кейін жездем болды. Үйленген соң екеуі біраз уақыт Шалкөдеде тұрды. Біздің үйдің артындағы кішкентай там үйде тұрғаны есімнен кетпейді. Ләззат деген қызы сонда дүниеге келді. Ауылға келген кезінде үнемі біздің шаңыраққа ат басын бұратын. Еркінді іздеп келетін. Аудандық газеттің редакторы марқұм Әлекең, Әлнұр Мейірбеков көлігін беріп, қасына Еркінді қосып қалаған өңірлерін аралап қайтуларына мүмкіндік жасап отыратын. Сондай ақылман, батагөй, білімді, парасатты Әлнұр ағаны қалай ұмытармыз?! Жалпы, сол қадірменді қариямыз жайлы қалам тербеп тұрсаңдар артық болмайды, қарақтарым?! Көзінің тірісінде Мұқағалимен жұбымыз жазылған жоқ. Ауруханада қатты ауырып жатқан кезінде Еркінін іздеп, телефон соқты. Келіп кетсеңші деп баяу тіл қатты. Еркін де жүрегі бірдеңені сезді ме, іле-шала қалаға аттанып кетті. Қасында болып, жайын біліп келді. Ұмытпасам Мұқағали жаңадан шыққан, «Өмір-дастан» атты жыр кітабын беріпті. Бұл екеуінің бір-бірін соңғы рет көрулері екен. Көп ұзамай бір айдан кейін қайтыс болды.
– Алтынкүл әкпе, Еркін ағамыздың өзіңізге арнаған «Сырласайық, бәйбіше…» атты бейсаясат поэмасы қалай өмірге келді екен?
– Ол да бір тарих. Бір күні үйімізде оңаша отырғанымызда Еркініме ішімдегі бір сырымды айттым. «Осы Тұманбайдың жарына шығарған өлеңдері бір кітап болған. Маған арнаған бір дұрыстау өлеңің жоқ қой?», – дедім қалжыңдап. Содан ойланып қалды. Өзінің бір оңаша қалғысы келді ме, «Қарасаз жаққа, ауыл жаққа барып қайтсаңшы?»,  – деді. Еркінімнің жақсы қасиеті бір нәрсе жазғысы келсе, біреулерге ұқсап басын бастап, сосын қайта жалғастырып, көп ойланып-толғанып жатпайтын. Жазарын басынан аяғына дейін, түйініне дейін ойластырып, басында, миында, жүрегінде пісіріп барып бір-ақ жазып тастайтын. Сосын кішкентай Нұрболымды алып, Қарасазға барып, бір қонып, ертесі Нарынқолға қайттым. Ауылға кіреберісте Байынқол өзенінің жағасына таяу жерде, көпірдің тұсында Еркіннің тұрғанын көріп, автобустан түсіп қалдым. Сөйтсем толғанысты күйде жүр екен. Онда үйіміз өзенге жақын жерде болатын. «Не болды, тыныштық па?», – деп едім. «Тыныштық. Үйге барған соң айтамын», – деді. Үйге кірген соң «Кел, енді қасыма отыр. Бірдеңе жазып едім. Соны оқып берейін» деді. Өйткені, Еркінім кейбір туындысын алдымен маған оқып беретін. Мен ол шығармасының алғашқы оқырманы болып қалатынмын. Сол әдетімен қасына отырғызды. «Шын мәнінде сенің айтқаның маған қатты әсер етті. Тағдырымызда аз бейнет көрмедік. Қайыспай жүктің ауырын көтерген жерің көп. Шынында саған арнап бір өлең жазбаппын», – деді де дастанын оқи жөнелді. Риза болдым. Маған күле қарап, қалжыңдап «Енді, жумайсың ба?», –       деп жатыр. Сөйтіп, аталған дастан өмірге келді. Мұқағалиға арнап «Хантәңірі, қайдасың?» атты өлеңнен үлкен ескерткіш қалдырғанын жұрттың бәрі біледі. Соны жазған кезі де көз алдымда. «Мұқағали туралы кейбіреулер ақылға сыймайтын әңгімелер айтып, жазып жүр. Сол иттердің аузына құм құятындай бірдеңе жазғым келуде», – дейтін. Ақыры соған біржолата ден қойды. Назарын аударды. Әлнұр ағамызбен ақылдасты. Сосын Мұқағалидың жүрген жерлерін, екеуі бірге болған жерлерін аралап, көп нәрсені есіне түсіріп, сөйтіп үлкен дайындық жасап барып, жазу столына бірақ отырған еді. Қараша айының басынан жазуға отырды. Бір күн тынған жоқ. Ортасына келіп қалған кезде болуы керек. Батық бәрін біліп жүреді екен. «Ереке, Мұқағали туралы жазғаныңызды Әлекеңе барып, оқып берсеңіз, батасын алсақ, жақсы болар еді. Қанша дегенмен жасы үлкен абыз ақсақалымыз ғой. Бір балаша қуанып, көтеріліп қалатын еді», – деді. Сөйтіп, алғаш Әлекеңе таныстырып, ақ батасын алды. Жырмен жазылған көлемді туындыны алғашқы бөлімдерімен танысқан Әлекең орнынан тұрып, Еркінді құшақтап, «Мұқағалиды бір тірілттің-ғой, бауырым! Саған алғысымды айтамын» деп көзіне жас алды. Еркін сол шығармасын еңбектен қол үзбей жүріп жазып бітірді. Күндіз жұмыста болады, кешкісін үйге келген соң жазуға отырады. Сөйткен туынды оқырманынан жақсы бағасын алды. Көп ұзамай «Мен білетін Мұқағали» атты қара сөзбен жазылған естелік, эссесі дүниеге келді. Мен Еркінім шығармашылығымен шынайы беріле айналысқан кездерінде еш алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасап отырдым. Үйдің еркек атқаратын істері де баршылық қой, қарағым. Соның бәрін өзім істедім. Мен ағаңа солай көмектесіп, солай қолдау жасап отырдым. Ақынның жары болғаным – өмірдегі үлкен бақытым болды. Соған қуанып, жұбанып жүрем. «Екі әкеміздің есімі тіршілікте қатар аталатын болды, екі әкеміздің ғимараты қатар тұр. Басты арманымыз орындалды» деп қуанып жүрген Ерланым тағы бір іске дайындық жасауда. Алда келе жатқан маусымның 4-жұлдызында Қарасаз ауылдық Мәдениет үйінің алдына Еркіннің бюстісін орнатуды көздеп, жұмыс жүргізіп жатыр. Алла қаласа, ол күнді де көріп қалармыз, – дейді Алтынкүл анамыз көзіне тағы да жас алып.
О, бәйбіше, көңілдің шалқуда әні,
Бар екен, ә, тағдырдың тартулары.
Немерелер төрінде былдырлайды,
Осы еді ғой, арманың ай тұлғалы!
Өрісім деп таныпты екеуімізді,
Отаулардың осынау тай тулағы,
– деп Еркін ағамыз «Сырласайық, бәйбіше» поэмасында айтқанындай, Алтынкүлдей анамыз Еркін ағамызды жоқтатпай Нарынқол ауылында көгілдір көктемін, жайдары жазын, алтын күзін, ақ қарлы қыс мезгілін бала-шағасының ортасында, елі-жерінің құшағында қарсы алып келеді. Ерекеңнің көзі тірісінде аудандық газетте корректор болып бірге еңбек етіп, басылымның қатесін жібермеу үшін күресіп, тер төккен ананы қолына қалам ұстаған көп қауым ешқашан ұмытқан емес. Асыл ана еңбек ардагері, қылығы балдан тәтті немерелерінің мейірімді әжесі. Қазақ мәдениетінің қайраткері. Мұқағалидың 90 жылдығында арналып шығарылған мерекелік төсбелгімен марапатталды. Қара шаңырағында кенже ұлы Нұрбол мен алтын келіні Маржанның қолында, Аяулым, Алпамыс, Ақтөре, Замира, Алина атты немерелерін аялап отырған жайы бар. Әлі де елу мен алпысындағы тың қалпындағы анамыздың жүзіне қарай бет алған жақсы күндері алда. Қатардан қалған жоқ. Үлкенді-кішілі той-томалақта ауылдың алты ауызымен әнін бастап кеп жібереді. Тіпті жұртының жақсы көңіл-күй ауанына тербетіліп, «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді»   дегендей,  жас кезінен шырқап келе жатқан «Гауһартасын» тағы бір тамылжытып алады. Біз ойлаймыз, Мұқағалидай дара,  Еркіндей аяулы ақынымыздың ғасырлық тойларында «Баурайында егіз ұлың, Мұқағали, Еркін менен» деп Хасен ақын «Қарасазым» атты әніне қосқанындай, қасиетті Қарасаздың кіреберісіне, «Ақ қайың» аллеясына Мұқағали мен Еркіннің Елшенбүйрекке қарап, сырласып отырған еңселі ескерткіші бой көтеріп қалатын шығар…

Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы

 

Қатысты жаңалықтар

Ғылым, инновация және мәдениет: Айгүл Сәдуақасова неге бұл құндылықтар Конституцияның негізін құрайтынын айтты

Ғылым, инновация және мәдениет: Айгүл Сәдуақасова неге бұл құндылықтар Конституцияның негізін құрайтынын айтты

07.02.2026
Жетісуда жылдық жоспар бекітілді

Жетісуда жылдық жоспар бекітілді

07.02.2026
Жаңа Конституция биліктің тұрақты және түсінікті моделін орнатады – Ольга Перепечина

Жаңа Конституция биліктің тұрақты және түсінікті моделін орнатады – Ольга Перепечина

07.02.2026
Волонтерліктің ұлттық желісінің басшысы жаңа Конституцияда волонтерлікті ынтыландыруды бекітуді ұсынды

Волонтерліктің ұлттық желісінің басшысы жаңа Конституцияда волонтерлікті ынтыландыруды бекітуді ұсынды

07.02.2026
Жаңа Конституцияда теңгені ұлттық валюта ретінде бекіту туралы ұсыныс қолдау тапты – Бақыт Нұрмұханов

Жаңа Конституцияда теңгені ұлттық валюта ретінде бекіту туралы ұсыныс қолдау тапты – Бақыт Нұрмұханов

07.02.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.