Студенттер арасында құқықбұзушылық, суицидтік жағдайларды болдырмау, синтетикалық есірткіге тәуелділіктің алдын алу аса маңызды мәселе. Осыған орай облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен «Өмірің өз қолыңда – сен өзгеше тұлғасың» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінің қабырғасында өткен шараға облыс колледждері директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары мен педагог-психологтар қатысты.
Шараны облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова ашып, колледж студенттері арасында құқықбұзушылық пен өз-өзіне қол салу деректері азаймай отырғанын жеткізді. Атап айтар болсақ, 2019 жылы 4, 2020 жылы 5 аяқталған суицид тіркелсе, былтыр өз-өзіне қол салуға ұмтылу бойынша бір және аяқталған суицидтік бір жағдай орын алған. Жастар арасында оқыс оқиғалар да кездесуде. Мәселен, былтыр колледждің студенті досының басынан күрекпен ұрып өлтіріп алса және бір студент әкесінің жекеменшік автокөлік жөндеу шеберханасында бензин иісіне уланып қайтыс болған. Екі студент көлік апатынан көз жұмған. Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде оқитын бір студент Талдықорған заң колледжінің білімгеріне суық қару жұмсап, денсаулығына ауыр дәрежеде нұқсан келтірген. Бүгінгі күні екі шәкірт те оқудан шығарылған. Аталмыш оқу орындары директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психологтары, топ кураторлары тәртіптік жазаға тартылған. Алайда, оған қарамастан Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде осы қылмыстық әрекет қайта орын алып, студенттер арасында төбелес шығып, нәтижесінде 18 жастағы 4-курс студенті 15 жасар 1-курс білімгеріне суық қару жұмсаған. Бүгінгі күні жарақат алған студент ауруханадан шықты, екі қылмыс бойынша да тергеу амалдары жүргізілуде.
Биылғы наурыз айында Талдықорған қаласының колледждерінде оқитын бір студент өз үйінде 4-қабаттан секіріп кеткен. Қазір ауыр халде облыстық ауруханада жатыр. Бұл деректерді атап өткен Гүлсара Тастандықызы мұндай жағдайлардың алын алу үшін отбасы мен колледж арасындағы қарым-қатынасты жандандыру қажеттігін алға тартты.
Семинар барысында облыстық прокуратураның аға прокуроры Әлішер Айешев, облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев сөз алып, жасөспірімдер арасында орын алған қылмыстық ахуалға сараптама жасады.
– Жүргізілген сараптама қорытындысы жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы деректерінің барлық жағдайы олардың ата-аналарымен немесе жақын туыстарымен ренжіскеннен кейін орын алғандығын көрсетуде. Тек екі жағдайға ғана өзге нәрсе себеп болған. Өз-өзіне қол салған балалар 10-17 жас аралығын қамтиды, – деді өз сөзінде Серік Исатайұлы.
Психикасы әлсіз балалармен жұмыс істеудің маңызы зор. Бұл орайда Халықаралық бизнес университетінің педагог-психологі, психоанализ бағытындағы психотерапевт Саламат Момынова, Қазақстан Психологтар одағының мүшесі, практик-психолог, жеке тұлғаны дамыту кеңесшісі Назигүл Темірғалиева, Талдықорған қаласындағы №2 емханасының психологі Сабира Исламжанова баланың нәзік жанын танып, жұмыс істеудің қыр-сырымен бөлісті.
Облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Дания Қыдырбаева балаларға дұрыс тәрбие беріп, бос уақытын тиімді пайдалануда аула клубтарын құрып, ата-аналармен қарым-қатынасты нығайтып, психологтардың қызметін жандандыру қажеттігін айта кетті.
Сарқан политехникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Анар Өмірбекова құқық бұзушы және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды анықтау, суицидтік әрекеттің алдын алу бойынша тәжірибесімен бөлісті. Бұл ретте студенттер кімнің үйінде тұрады, туысы тарапынан келер зорлық-зомбылық жоқ па, осы нәрсеге де мән беру керектігіне тоқталды.
Сондай-ақ, семинар барысында синтетикалық есірткі қолдану жастар арасында өршіп, ол бойынша 6 баланың есепте тұрғандығы айтылды. Хиджаб киетін студенттермен жұмыс жүргізудің маңыздылығына да мән беріліп, бұл қатарда оқу жылының басында 48 қыз болса, жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 21-інің қымтанып жүруден бас тартқандығы жеткізілді.
Семинар соңында құқықбұзушылық, зорлық-зомбылықтың алдын алу, жастарға тағылымды тәрбие беру бойынша алда атқарылатын шаралар бекітілді. Мазмұнды басқосу қатысушыларға үлкен ой салды.
Алма ЕСЕНБАЙ,
Алматы облысы





