Полиция қызметкерлері Алматы облысында жоғалған 25 жастағы әйелдің денесін тауып, күдіктіні ұстады.
Қайғылы оқиға Көксу ауданының Ақшатоған ауылында болған. 7 наурызда 25 жастағы әйел із-түссіз жоғалып кетті. Оның жоғалғаны туралы арыз 9 наурызда Көксу аудандық полициясына келіп түскен. Бірақ іздеуден нәтиже шықпаған.
24 наурызда оның бұрынғы күйеуі кісі өлтірді деген күдікпен жауапқа алынып, кейін қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Тергеудің алдын-ала нұсқасы бойынша, ер адам бұрынғы әйелін қызғаныш салдарынан тұншықтырып өлтірген. Оның денесі ауыл шетінен табылды.
— Күдікті әйелімен ажырасып, Талдықорғанда тұрған. Олардың ортақ баласы бар, сондықтан, күдікті арасында баласын көруге келіп жүрген. 7 наурыз күні ол кездесуге мас күйінде келіп, бұрынғы әйелімен жанжалдасқан. Мұның соңы кісі өлтірумен аяқталды. Қазіргі таңда күдікті қамауда отыр. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің «Кісі өлтіру» бабы бойынша тергеу жүргізілуде, — деп хабарлады полиция департаменті.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





