Еліміздің білім беру саласы толықтай оқытудың жаңа мазмұнына көшкені белгілі. Әуел баста жаңалықты жатсынғандар, оның еліміздің білім беру стандартына сай келмейтінін айтып сынағандар болды. Жаңа жүйеде қазіргі таңда да олқылықтар баршылық. Осы орайда «Жаңартылған бағдарламаның артықшылығы неде? Кемшілігі қандай?» деген сауалды оқытудың осы жүйесімен жұмыс істеп, зерттеп жүрген ұстаз, жаттықтырушы, ғалымға қойып көрген едік.
САУАТТЫЛЫҚҚА МӘН БЕРІЛСЕ
Айнұр Таурбекова, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушы-дәріскері, магистр:
Ал, Жүсіпбек Аймауытов оқушының зерттеушілік қабілетін қалыптастыруда жаратылыстану, математика сабақтарының мәні зор екенін, баланың тыңдау арқылы ғана емес, өз қолымен ұстап көру арқылы қызығушылығын ояту керектігін алға тартады. Оны сабаққа қажетті материалды іріктеудегі мына сөзінен байқаймыз: «Материал тізгенде тұрмыс пен ғылым айқастасып, астасып тізілсін. Жұмсайтын материалдар даяр түрінде емес, балалар тәжірибе қылып зерттеп, өз бетімен шешкендей тұрмыс, жұмбақ түрінде берілсін». Қазіргі таңда да осы баланың өзіндік ойлауын, логикалық қабілетін дамыту, жеке ерекшеліктерін ашуға мүмкіндік жасалуда.
Жаңартылған бағдарламада баламен еркін қатынас басты рөл ойнайды. Ол арқылы оқушының өзіндік көзқарасы, сыни ойлауы қалыптасады. Бұл орайда Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұғалім тәлімгерлік шешен түсіп, оқушымен тең дәрежеде ақиқат іздеуші болуы керек» деген пікіріне құлақ асқан жөн. Баланың ойлау қабілетін арттыру, ойын жеткізудегі тілдің рөлін бағалауда әңгіменің маңызды орын алатыны туралы да Шәкәрім атамыз: «Оқытудың ең үздік тәсілі – әңгіме» деп тұжырымдаған болатын. Міне, осы сынды ұлт кемеңгерлерінің балаға білім берудегі ойлары қазіргі Жаңартылған бағдарламада көрініс тауып отыр.
Ал, енді бағдарламаның кемшілік тұсына келер болсақ, баланың бұрынғыдай диктант, мазмұндама жазып, сауаттылығын арттыратын тұстары қысқарды. Каллиграфия, грамматика, қазақ тілінің ережелерін жаттау, сол бойынша жазу мәселесі де шет қалды. Қазір көп жағдайда эссе жазумен шектеледі. Осы тұрғыдан алғанда сауатты жазу мәселесіне көп мән беру керек деп ойлаймын. Қазір ол оқу стандартында жоқ деп оған аса мән бермейтін мұғалімдер бар. Ал оның маңыздылығын түсінетін тәжірибелі мамандар өздері амал тауып, бұл жағдайдан шығып отыр.
Мұғалімдердің қиналатын тағы бір тұсы – дискрипторлар құру. Күнделікті тақырыпқа сай тапсырманы орындау барысында балаға дискриптор беріледі. Оның нақты болуы шарт. Ол арқылы бала нәтижеге жетеді. Сол дискрипторларды құра алмайтын немесе оған көп уақыт жұмсайтын мұғалімдер бар. Соның салдарынан мұғалімдердің басқа жұмысы қалып қояды. Ортақ мақсат, тақырып берілгені сияқты дискрипторлар да нақтыланып берілсе деген ұсынысым бар.
Мұнымен қатар топтық, жұптық жұмыс жасаған кезде жақсы оқитын оқушылар алға шығады да, сылбыр, баяу қабылдайтын оқушылар артта қалып қояды. Олар үшін басқа балалар тапсырманы шешіп береді. Бұл тұста да оқушылардың ерекшелігін ескеріп, жұмыс істеу мұғалімнің өзіндік шеберлігіне байланысты дер едім.
БЖБ, ТЖБ жазуда балаға тапсырма ұсынылады да, оны қорытындылауға уақыт берілмейді. Баланың нақты қатесі көрсетілмейді, тек тұспалдап жеткізіледі. Оқу құралдарында да қателіктер бар. Мәселен, математика бойынша 4-сыныпта берілген амалдар өте күрделі, 5-6 сыныптың есептері енгізілген. Осы тұста мұғалімдер қиналады, бала да түсінбей жатады.
«Көш жүре түзелер» дейді. Осындай олқылықтарымызды түзете білсек, Жаңартылған бағдарламаның жас буынға білім, тәрбие берудегі рөлі зор дер едім.
Ізденіс – басты талап
Ұлжан Темірғалиева, Талдықорған қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері:
Жаңартылған бағдарлама негізінде әр пән бойынша нақты стандарт берілген, оқу мақсаттары белгіленген. Мәселен, осы тоқсанда оқушы нені үйренуі, қандай дағдыларды меңгеруі керек, соның бәрі көрсетілген. Бірақ, әлі де жұмыс барысында қиындықтар туындауда. Оқу мақсатына сай ресурстарды табу, оқушыларға тапсырмаларды түрлендіріп беру жағынан кемшін тұстар бар. Біздің мұғалімдер әлі де оқулық бойынша дайын шаблонмен жұмыс істеуден шыға алмай келеді. Мәселен, 10 тапсырма берілсе, сонымен ғана жұмыс істеумен шектеледі. Бұл жерде кітап қосымша ресурс ретінде ғана қолданылуы керек. Мұғалімнің өздігінен жұмыс істеуі көбірек талап етіледі. Оқу мақсаты, ұсыныстары бар, қалғанын мұғалім өз бетінше ізденіп, зерттей отырып қолданғаны дұрыс. Бірақ, мұғалімдеріміз оған қаншалықты дайын, бұл әлі де үлкен сұрақ. Ол ұстаздың жеке ізденісіне байланысты.
Жаңартылған бағдарламаның ең негізгі артықшылығы және ең ыңғайлысы – нақты бағдарламаның болуы. Негізі мұның алдында бізде дайын бағдарлама болған жоқ. Ұстаздар өз ізденісі бойынша жұмыс істеді. Ал, қазір бағыты айқындалған. Оқушы ауыл немесе қала мектебінде білім алса да бір бағытта оқып, бір оқу мақсатына қол жеткізеді. Барлық оқушының бірдей деңгейде білім алуы осы бағдарламаның артықшылығы деп ойлаймын.
Жаңартылған бағдарламаның негізгі бір кілт идеясы – қалыптастырушы бағалауда. Бұрын бағалаудың өзі мұғалімнің жеке жұмысы ретінде қарастырылатын. Оқушы сабақтың аяғында қандай баға алдым екен деп тосып отыратын. Мұғалім «3,4,5» деп өз бағасын қоятын. Қазіргі кездегі бағалау ол мүлдем басқаша. Бағалау арқылы оқушының нені білетінін, нені білмейтінін анықтау ғана емес, ары қарай оның білімін жақсарту, жеңілдеу тапсырма беру, жол көрсету, кері байланыс орнату, дискрипторлар сынды түрлі жұмыс түрлері бар. Бағалау арқылы ол қазір қай сатыда, қандай деңгейге көтерілуі керек екендігі нақты білінеді. Қай тұсын жақсарту керек, сол бойынша жұмыс жүргізіледі. Бұл үлкен бір артықшылық деп айтуға болады.
Тағы бір өзгешелік, дәстүрлі оқытуда бір ғана оқулықпен жұмыс істедік. Ал, қазір мұғалімдер үшін қатып қалған қағида жоқ. Түрлі ресурс қолдануға, оқулықтың кейбір тапсырмасын қолданып, керек емесін алып тастауға мүмкіндігі мол. Осы тұста ізденімпаз, табиғатынан дарынды ұстаздар үлкен нәтиже көрсете алады. Кейбірі ол мүмкіндікті пайдалана алмайды. «Оқулықта бәрі тұр, мен неге ізденуім керек?» деген көзқарас танытады. Қазіргі таңда мұғалім болу барып жай ғана сабақ өткізе салу емес, бойында бар жинаған білімі мен шеберлігін, табиғи дарынын қосып, әр тақырыпқа үлкен жауапкершілікпен, шығармашылық ізденіспен келу. Алдымдағы оқушым шынайы білім алып шықса екен дейтін ұстаз ізденіп, белгілі бір нәтижеге қол жеткізеді. Айлық алу үшін ғана жүрген, осы сабақты әйтеуір өткізе салайыншы деген мұғалім сол деңгейден аса алмайды деп ойлаймын. Сондықтан Жаңартылған бағдарламаның артықшылығы мол деп сеніммен айта аламын.
Еркін ойлы ұрпақ тәрбиеленуде
Айгүл Қазбекова, Назарбаев зияткерлік мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:
Одан соң Эстонияға бардық. Ол мемлекетпен келісімшартқа отырғандықтан дәріс тыңдадық. Жаңартылған бағдарламада «Тілге ену сыныбы» деген бар. Бұл басқа ұлттың балаларына тілді оқыту тәжірибесі. Эстонияда ол он бес жыл бұрын енгізілген екен. Біздің мақсатымыз – түрлі әдіс-тәсілдер арқылы балаларды оқытуды меңгеру болды. Қазір біз қолданып жүрген балалардың тілдік дағдысын дамыту, тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым деген дағдылармен сол жерде таныстық.
Бұдан кейін Финляндияға бастауыш сыныптарда сабақ қалай жүреді, соны көру мақсатында барып қайттық. Біздегі дәстүрлі оқытуда 45 минут сабақты түсіндіріп әлек болатынбыз. Оны бала түсінді ме, жоқ па, оған жете мән бермейміз. Ол жақта әрбір баламен жұмыс жүргізіледі. Бүгінгі өтетін тақырыпты әрбір бала ұғынуы керек. Түсіне алмаған балаға қарапайым тәсілмен болсын түсіндіру қажет. Дифференциация, демек, балаларды жоғары, орта, төмен деңгейде оқыту деген осы. Бұл нәрсе ол елде жақсы жолға қойылған. Мұнымен қатар барлық сабақ практикалық тұрғыда өтеді. Бала затты қолымен ұстайды, қосады, азайтады, орнына қояды. Екі мен екінің қосындысын ол кәдімгідей сурет салып, бояу арқылы көрсетеді немесе ол үшін белгілі бір затты қолданады. Міне, осы тәжірибелерді байқап көрген соң оны эксперимент ретінде қолдана бастадық. Әр елдің сараптап, озық тәжірибесін алып, оны өзімізге икемдедік. Ұстаздардың осындай тәжірибесінің негізінде білімнің жаңа бағыты қаланды.
Бұрын мұғалім сөйлеушінің рөлін атқарса, қазір бағыт қана беріп отырады. Бірақ, бала болған соң ол қателік жіберіп жатады. Соны дер кезінде түзеп отыруымыз қажет. Бұрынғыдай қатып қалған ереже жоқ. Сабақта бала өзін еркін ұстайды. Сондықтан да еркін диалог жүргізе аламыз. Бір нәрсені дұрыс айтпадым-ау деген балада үрей, қорқыныш болмайды. Бір сөзбен айтсақ, еркін ойлы ұрпақ тәрбиеленіп келеді.
Біздегі сабақтардың бәрі өмірмен байланысты өтеді. Бұрын балаларды өмірге бағыттау жағы кемшін еді. Қатып қалған теория, жаттанды дүние көп болды. Қазіргі сабақтар өзгеше. Әрі белгілі бір тақырып бойынша пәнаралық байланыстар жолға қойылған. Демек, бір тақырыпты әр пән бойынша жан-жақты қарастыра отырып, ол туралы баланың толыққанды мағлұмат алып, одан ой қорытуына, ізденіс, зерттеу жұмыстарына жол ашамыз. Жаратылыстану пәні арқылы ғылымға бағыт сілтейміз. Сонымен қатар сабақтарда балалармен белсенді жұмыс түрлері көп жүргізіледі. Топпен, жұппен, ұжыммен де шығармашылық жеке жұмыс жасалады. Осының бәрі баланың жан-жақты дамуына өзіндік үлес қосады. Бірлесе жұмыс жасау арқылы балалар бір-бірінен білмегенін сұрап, сабақты түсініп жатады. «Баланың тілін бала табады» дегендей, мұндай жұмыс түрі де жақсы нәтиже береді. Одан соң біз баланы үнемі ынталандырып отырамыз. «Өте дұрыс айттың, тек мына бір жерін түзеу керек» деген сияқты өз-өзіне деген сенімділігін арттырамыз. Осының бәрі баланың жан-жақты ашылуына, тұлға болып қалануына зор мүмкіндік ашады.
Бүгінгі оқу жүйесінің негізгі тірегі – Жаңартылған білім бағдарламасы туралы ұстаздардың толғаған ойы осындай. Қалай десек те бағдарламаның артықшылығын уақыт дәлелдеуде. Ендігі мақсат жекелеген олқылықтарды түзетіп, балалардың қабылдауына жеңіл, ақылға қонымды тапсырмалар қатарын көбейту. Осы орайда айтар ұсыныстарыңыз болса ой бөлісуге шақырамыз, ойлы оқырман!
Алма ЕСЕНБАЙ





