16-26 жас аралығындағы еуропалық жастар не қалайды? Олардың әскери қақтығыстар, билік және саясат туралы пікірі қандай? Пандемия олардың өміріне қалай әсер етті? Континенттің әртүрлі елдеріндегі осы буын өкілдері өздерінің дүниетанымы мен құндылықтары бойынша қазақстандық замандастарынан несімен өзгеше?
Еуропалық хабар тарату одағының бастамасымен 16 -34 жас аралығындағы миллионға жуық жас арасында сауалнама жүргізілген болатын. Респонденттерден қоғамдық және саяси проблемалар, әлеуметтік мәселелер, олардың болашаққа деген көзқарасы туралы сұрақтар қойылды.
Жобаға Франция, Италия, Германия, Австрия, Беларусь және басқа да бірқатар Еуропа елдері қатысты. Нәтижесінде, сауалнама авторлары ұрпақтың «әлеуметтік портретін» жасап шығарған. Сауалнама авторларының бірі Ник Кристоф және ЮНЕСКО өкілі Сью Вайс БҰҰ жаңалықтар қызметіне берген сұхбатында жалпы көрініс туралы былай қайырды:
– Біз қазіргі ұрпақтар арасында үлкен алшақтық бар екенін түсіндік. Бұл – 60-шы жылдардан бері болмаған құбылыс. Қазіргі жас буын мүлдем өзгеше. Жастардың құндылықтары мен көзқарасы әртүрлі, – дейді ол.
Ал Қазақстандағы зерттеулерге сүйенетін болсақ, біздің жастарға ұрпақтар арасындағы құндылықтың айырмашылық мәселелері тән емес. «Қазақстан жастары – 2020» ұлттық баяндамасының нәтижесі бойынша (79,4 %) өз құндылықтары белгілі бір дәрежеде ата-анасының құндылықтарымен ұқсас екенін атап өтеді. Бұл көрсеткіш ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі.
Респонденттердің жартысынан көбі пандемия кезінде олардың өмірі нашарлағанын айтты. Орташа алғанда, әрбір төртінші жас жұмысынан айырылғанын немесе материалдық шығынға ұшырағанын хабарлады.
Жастарды жұмыспен қамту мәселелері Қазақстанда да күрделі. Төтенше жағдай режимі мен карантин шаралары енгізілгеніне байланысты қазақстандық жастардың 13,2 % жұмыссыз қалған. Сауалнама көрсеткендей, жастар қазіргі жүйені қабылдауға қиналғанымен өте прогрессивті және батыл болып шықты.
Жастар өздерін жүйенің бір бөлігі ретінде сезінбейді. Мемлекеттік институттарды олар түсінбейді деп ойлайды. Оларға әлемнің жүрген жолы олардың жолы емес сияқты көрінеді. Олар мәселелерді басқаша шешкісі келеді. Мысалы, Еуропадағы ксенофобия мен дис- криминация мәселесіне тоқталатын болсақ, онда жастардың көзқарастары көптеген саясаткерлердің көзқарастарымен қарама-қайшы болып шыққан. Қазақ- стандық жастар бұл мәселеде еуропалық замандастарынан ерекшеленбейді екен. Отандық әлеуметтанудағы зерттеу нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің үштен бірінің пікірінше, мемлекеттік органдар жастарды қолдау мәселелеріне келгенде аса көңіл бөлінбейді.
Қазіргі таңда өзекті тақырыпқа айналған босқындар мәселесінде еуропалық жастар негізінен қарсылық танытпайды. Дәл осындай пікірмен беларустық жастар да келіседі. Мысалы, олардың 62%-ы Беларусь азаматтары жұмысқа қабылдау кезінде басымдыққа ие болуы керек деген пікірмен келіспейді. Еуропалықтардың 72%-ы иммиграция мәдениетті байытады деп санайды. Сондай-ақ, 60%-ында хиджабтағы әйелдер жағымсыз эмоция тудырмайды.
– Жастар бейбіт шешімдерді қолдайды. Олар адамдардың бейбітшілікте өмір сүруді үйренгенін қалайды. Сондай- ақ, дискриминация мен ксенофобия мәселесін шешкісі келеді. Жаңа ұрпақ бейбітшілікті қалайтын ұрпақ деп сенімді түрде айта аламыз. Айтпақшы, жас еуропалықтар әскери қақтығыстарға, яғни, соғысқа өте жеккөрінішпен қарайды,– дейді Сью Вайс.
Әлеуметтанушылар еуропалық деңгейдегі үш үлкен проблеманы және құндылықты көрсету туралы өтінішіне жеті елдің бесеуіндегі респонденттер экология мен климатты бірінші орынға қойды. Ал қазақстандық жастар арасында экология мәселесі кейінгі орында екені анықталды. Олар үшін басты тренд – салауатты өмір салтына бейімділік (48,5 %), волонтерлік (47,1 %), саяхат (28,7 %), азаматтық белсенділік (23,1 %) және экология мәселелері (17,7 %).
Сауалнама көрсеткендей, қазіргі уақытта саяси тақырыптарға үлкен қызығушылық бар. Мысалы, британдық жастардың 58%-ы саясатқа қатты қызығушылық танытатын көрінеді. Екінші орында – немістер (41%), ал испандықтардың 32%-ы, итальяндықтардың 40%-ы және француздардың 45%-ы саясат мүлдем қызықтырмайды деп жауап бергенді. Қазақстанда саяси оқиғаларға қызығушылық танытқан жастардың үлесі 53,1 % құрады. Сауалнама авторлары болашақта Еуропаның барлық елдерінде жастардың саясатқа деген қызығушылығы төмендейтінін айтады.
Сауалнама нәтижесіне сүйенсек, демократияның басым жақтары ретінде еуропалық жастардың көпшілігі сөз бостандығы мен БАҚ-ты, сондай-ақ, барлық азаматтардың саяси процеске қатысу мүмкіндігін айтқан. Әлсіз жақтары ретінде саясаткерлер арасындағы сыбайлас жемқорлық және шешім қабылдаудың тым ұзақ рәсімдері деп көрсеткен. Алайда Франция мен Польшадан басқа барлық елдердегі жастардың жартысынан көбі демократияны мемлекеттің ең жақсы формасы деп санайды.
Дина ӘДІЛБАЙҚЫЗЫ,
журналист





