Сарыбай би ауылындағы «AI-RAI OIL» ЖШС-нің сусындар шығаратын зауыты өткен желтоқсан айында ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған еді. Екі айға жуық уақытта өндіріс орнында бірте-бірте ырғақты жұмыс үрдісі қалыптасып келеді.
Жаңа кәсіпорын аудан экономикасына, халықты жұмыспен қамтуға өзіндік үлесін қоса бастады. Қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін арттыру, кәсіпкерлерді барынша қолдау жөніндегі тапсырмаларына сәйкес келеді.
Ауылдық жерлерде өндіріс көлемін арттыру, өнеркәсіп кешендерін жандандыру, жаңа жұмыс орындарын көбейту сияқты жұмыстардың іске асырылуына ықпал ету бүгінде атқарушы билікке жүктелген басты міндеттердің бірі екені белгілі. Осыған байланысты жаңа өндіріс орны салынып, іске қосыларда ондағы жол мәселесінде, электр энергиясымен, сумен жабдықтауда, табиғи газбен қамтамасыз ету істерінде аудан әкімдігі тарапынан тиісінше қолдау көрсетілген.
Мұнда таза ауызсу мен сусындар және табиғи шырындар шығарылады. Аталған серіктестіктің атқарушы директоры Ұзақбай Жақсымұратұлынан кәсіпорынның жұмысы туралы сұрағанымызда, бұл өндірісті ашудағы негізгі мақсат халыққа химиялық құрамы сақталған, бірақ микробиологиялық өңдеуден өткен ауызсу ұсыну екенін алға тартты. Оның айтуынша, бұл жобаның жалпы құны 372 млн. теңге. Зауытта шөлмекке құйылған ауызсу, тәтті сусындар, минералды сулар шығарылады. Заманауи құрал-жабдықтар қойылып, жұмыс үрдісі автоматтандырылған. Бірінші кезеңде өндіріс орнында сыйымдылығы жарты литрден 5 литрге дейінгі құтыдағы ауызсу өндіріледі. Екінші кезеңде көрсеткіш еселеніп, әртүрлі сусын шығарылады. Нәтижесінде 40 адам жұмыспен қамтылмақ.
Қазіргі кезде мұнда 15 адам жұмыс істейді. Сағатына үш мың литр су құтыланады. Ал жалпы кәсіпорын өнімнің 15 түрін шығаруға қауқарлы. Бұған қоса маусым кездері алмадан шырын әзірленеді. Бұл дегеніміз күз айларында жұмыс түрленіп, қыза түседі деген сөз.
Енді серіктестік иелерінің алдында өнім өткізу мәселесі тұр. Себебі, көзделген межеден шығу үшін өндірістің қуаттылығына сәйкес сұраныс болуы шарт. Зауыт орналасқан Қарасу селолық округіне қарайтын төрт елді мекендегі халық саны алты мыңнан асады. Бұл зауыт үшін көп емес. Демек, тұтынушылардың денін алыстан іздеу қажет. Осыған байланысты қазіргі кезде дайын өнімді өткізуді мықтап жолға қою мақсатындағы ұйымдастыру шараларына басымдық берілген. Бұл бағытта серіктестер табу, тиімді келісімшарттар жасасу сияқты іскерлік байланыстар орнату жұмыстарын оңтайлы жүргізе білсе, өндіріс өміршең болмақ. Өйткені, табыс табуды түпкі мақсат еткен бизнес әлеміне қойылар басты талап та осыған саяды. Сондықтан ісін жаңа бастаған отандық өндірістің алғашқы қадамына сәттілік тілейміз. Қажетті қуатында жұмыс істейтін болса, зауыт жұмысынан бюджетке жылына 150 млн. теңге көлемінде салық төленетін болады.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Сарыбай би ауылы,
Жамбыл ауданы





