Әрбір бала бір жұлдыз, тек оны жарқыратып жаға білу – үлкендерге парыз. Баланың қабілет-қарымын танып, өзіндік әлемін ашу – кез-келген жанға бұйырмас бақ. Ол тек өз саласының майталман мамандарының қолынан келері хақ. Осы орайда Алматы қаласындағы «Art House» театр және кино мектебі жаққан жұлдыздар қатарында «Өмір» сериалымен көпшілікке таныс жас талант Шоқан Чупанбаевты даралап айтуға болады. Шоқан бұған дейін «Достар», «Рауза», «Шоқан» атты кинотуындыларға түсіп үлгерген. Олардың әрқайсысының да көтеретін жүгі айрықша. Осы фильмдер және Шоқанның өнер жолына басқан қадамы туралы жас актердің өзімен сұхбаттасқан едік.
– Шоқан, алдымен отбасың және білім алып жатқан мектебің туралы айтып өтсең…
– Мен қазір Алматы қаласындағы №43 мектепте оқимын. «Art House» театр және кино мектебінде қосымша білім алып, өнерімді шыңдап жүрмін. Жалпы өзім Қарасай ауданы, Қаскелең қаласында туып, өстім. 6-сыныпқа дейін Алтын ауылындағы мектепте оқыдым. Шоқан Уәлихановтай дара тұлға болсын деп есімімді Шоқан деп әжем қойған. Анамның есімі Айсұлу, мамандығы – дәрігер. Әкемнің аты – Иса, жүк тасымалымен айналысады. Отбасымыздағы жандардың өнерге еш қатысы жоқ. Үйде екі баламыз. Інім 6-сыныпта оқиды.
– Кино әлеміне жолыңды ашқан кім? Жалпы өнерге қалай келдің?
– Алматыдағы мектепке ауысып келгенімде өзіммен қатар оқитын басқа балалар актерлік үйірмеге барып жүрді. Оларға еріп барып, мен де қатысып көрдім. Ұнай бастады. Содан қызығушылығым артты. Қызығушылық арман, мақсатқа айналды. «Art House» театр және кино мектебінде оқып жатқаныма 4 жылдай болды. Ұсатазым әрі продюссерім Мадияр Төлегенов деген ағай. Сол кісі кино, сериалдарға түсу үшін кастингтерге қатыстырып, жалпы актерлік өнерге шыңдап жүр. Ең алғаш «Балапан» телеарнасының тапсырысымен түсірген «Достар» деген сериалда басты рөлде ойнадым. Содан кейін фильм, сериалдарға түсуге шақыртулар ала бастадым.
– Өзің ойнаған сериалдар несімен айрықша болды?
– «Достар» фильмінде волонтерлықты насихаттау, адамдарға жақсылық жасау жағы үлгі етіледі. Онда мектепке жаңадан келген оқушы Әділдің рөлін сомдадым. Ол Мағжан, Әйгерім деген оқушылармен достасып, үшеуі «Жақсылық жасап жарысайық» деген топ құрады. Мақсаттары – кез келген адамға, әрбір істе жақсылық жасау. Мысалы, құстың ұясы құласа, оны қайта орнына қою, қарт кісіге қамқорлық жасап, бақшасындағы алмасын теріп беру. Маған бұл рөл қатты ұнады. Одан алар жақсы үлгі-өнегем мол болды. 2020 жылы режиссер Қуаныш Бейсеков түсірген «Шоқан» атты қысқаметражды фильмде басты рөл бұйырды. Фильм кейіпкерінің есімі де маған аттас Шоқан болғандықтан да бұл туынды маған қатты ұнады. Онда болашақтан келген бала Шоқан өзінің білімділігінің, ақылдылығының арқасында ата-анасын, туысқандарын ашаршылықтан құтқарады. Жан-дүниеме ерекше жақын фильм болды. «Өмір» танымалдылық алып келген сериал. Жаз бойы түсірілім жүрді. Маған берілген рөл де ауыр болды, оны алып шығу да қиынға түсті. Қазір 2 миллиондай қаралым жиналды. Өмірдің мәнін, ата-ананың құндылығын түсіндіретін туынды.
– Өмірдің бейнесін шығаруға қалай дайындаласың? Киноға түсер алдында сол оброзға еніп, одан шыға алмай қалатын сәттерің болатын шығар.
– Осы фильмге түсу үшін кастинг болардың алдында бізге Өмірдің тағдырына ұқсас киноларды көрсетті. Өзім «Жетімдер» деген фильмді көргенім бар. Сол балалардың орнына өзімді қойып, мәтінін жаттап, оброзды алып шығуға тырыстым.
Кейіпкер бейнесін ашу үшін сол адам болып өмір сүруге тура келеді. Өзің ойнап жатқан кейіпкердің оброзына жиі еніп кетесің. Өмірді ойнаған кезде іштей өз-өзімді дайындап, дәл сол баладай қиналамын. Киноға түсу барысында да, одан шыққан соң да мұңға батып қалып жүрдім. Сериалдың сюжеті бойынша Айдос деген досым болды. Оны әкесі жиі ұрады. Сол сәттерді түсіргенде қайта-қайта ойланып қалған кезім болды.
– Киноға түсу көп уақытыңды алатын болар. Сабағыңа үлгеріп жүрсің бе?
– Сабаққа үлгеріп жүрмін. Үлгермей жатсам, мен жоқ кезде өткен тақырыптарды достарымнан немесе ұстаздарымнан сұрап, өз бетімше оқып баруға тырысамын. Түсірілім сабақ уақытында болса, үстаздардан сұранып, ол күндерге анықтама қағаз апарамын. Сериалдарға түсу барысында күн сайын түсірілім алаңында жүретін кездер де болады.
– Киноға түсу кезінде қызықты сәттер де орын алған шығар.
– Әрине. «Достар» сериалын түсіру кезінде талдың төбесіне құстың ұясын орналастыруым керек болды. Мен биіктен қорқамын. Сондықтан қорқып, дірілдеп тұрдым. Соған қарамастан бұл көріністі алып шықтым. «Өмір» сериалында менімен бірге ойнайтын Мақышты полиция ұстап алады да оны құлатып, ұрып жатады. Менің мақсатым – оған көмектесу. Жүгіріп барып полицейді шыны құтымен басынан ұруым керек болды. Бізде ондай үш құты болды. Ол қолдан жасалған. Біреуі алдында күнге еріп өзінен-өзі сынып қалды. Сондықтан түсіретін екі-ақ дубль болды. Біріншісінде қатты жүгіріп келіп, секіргенде құтыны сындырып алдым. Соңғы дубльді қалайда шығаруым керек. Бар пәрменіммен жүгіріп барып қатты ұрып қойғаным соншалық, Мақыштың басы қызарып кетті. Бәріміз қарап күліп жатырмыз. Қызықты сахналардың бірі осы болды.
– Ел Президентінің жарлығымен биылғы жыл «Балалар жылы» деп белгіленді. Осы орайда өзің сынды жасөспірімдерге қандай тілек айтар едің?
– Әрбір сәтті бағалап, ата-аналарыңның қасыңда болыңдар. Ертең қалай өсіп кеткендеріңді білмей қаласыңдар, сондықтан үлкен болуға асықпаңдар. Арман-мақсаттарыңды бүгіннен қалаңдар. Қазір ештеңеге талпынбай жүре берсеңдер, ертең бір нәрсеге жету қиын болады. Жер бетіндегі балаларға Өмірдікіндей қиын тағдыр бұйырмасын. Әр бүлдіршін ата-анасының жанында күліп-ойнап, бақытты болып өсе берсін.
Әңгімеңе рахмет. Өзің де тек биіктен көріне бер!
Сұхбаттасқан Алма ЕСЕНБАЙ





