Қарасай ауданында Қаңтардағы дүрбелеңде «Апорт» сауда орталығында ұялы телефондарды қолды қылған жергілікті тұрғын ұсталды. Бұрын сотталған азаматтан бағасы қымбат 12 смартфон мен 4 планшет айғақзат ретінде тәркіленді.
Қарасай ауданы бойынша қазіргі таңда тонау дерегі бойынша 20 күдікті анықталып, олардан 200-ден астам тұрмыстық және компьютерлік техника табылды. Қаңтар оқиғасына қатысы бар азаматтарды анықтау мақсатында ауданда кешенді шаралар жалғасып жатыр. Бейнебақылау камераларындағы жазбалар қаралып, куәгерлерден түсініктеме жинастырылуда.
— Күдіктілер қолды қылған заттар иелеріне қайтарылды. Аудан аумағында тонау деректерін анықтау бойынша кешенді шаралар әлі жүріп жатыр. Барлық іс-қимыл аудандық және облыстық полиция департаменті басшыларының тікелей қадағалауында, — деді Қарасай аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Серік Тұрпанбаев.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





