Талдықорған: -2°C
$ 494.63
€ 583.22
₽ 6.42
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАНСАРАЙ

АРДА ТУҒАН АЗАМАТ

04.02.2022
ЖАНСАРАЙ
АРДА ТУҒАН АЗАМАТ
WhatsAppTelegramFacebook

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-­ай!» дейді қазақтың ескі әндерінің бірінде…
Жер үстін жайлаған адамзат баласына тән екі дүние салмағын таразыға сала отырып өмірді сүюге, тіршілікті бағалауға, жұмырбас пенденің қадірі мен қасиетін тануға көмектесер осынау екі жол өлеңнің төркінінде жатқан ақиқатқа қалай сүйсінбессің?!
Қабырғаң қайысып қайғырып отырып, алпыс екі тамырыңда қаны ойнаған халқымыздың ойға жетелер, сөзге жүгіндірер кемеңгерлігіне сүйсінесің!
Соңғы екі жыл ішінде осы бір екі жол өлең тілімнің ұшына жиі оралатын болды. Оралған сайын жан­дүниемді бір белгісіз сағыныш буып, мына көз алдымда өзгеріп бара жатқан өмір мен ғаламды, дәуір мен адамды еріксіз ойлайсың. Өткен айлар мен көшкен жылдардың тасасында қалып бара жатқан өмір үзіктерін, бала күніңді, бозбала шағыңды, қатар жүріп жетілген дос, замандастарыңды, үлкен-­кіші ағайын-­тумаларыңды түгендейсің…
Күні кеше ғана сырлассаң сөзің мен ойың жарасқан, қиналсаң қасыңнан табылып, қабағыңа қарасқан құрбы-­құрдас, достарыңның қатары өрт тиген ормандай сиреп бара жатқаны еріксіз еске түседі.
Солардың бірі, бірегейі – марқұм Ырым Суанбайұлы Кененбай…
Ырым – қазақ қоғамында өз орны бар, өрге де, төрге де жарасар мінезге бай, жомарт бітімді, тумысы бөлек ұлтжанды азамат, қабырғалы қаламгер, сөзі мен ойы үйлескен ұстанымы мықты баспагер, қайраткер­ басшы еді.

Бізді таныстырған да, табыстырған да ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары… Қолымызға қалам ұстатып, бірімізді жыр дейтін дүл­дүл мінез әлемнің ақ толқынына сүңгітсе, бірімізді байыпты ой мен байсалды көркем прозаның қайығына қондырған қарт КазГУ­дің есігі мен төрі… Шетінен «сен тұр, мен атайын» деген сөз бен ойдың садағы мен жебесін сайлаған кіл мерген, кіл мықты!
Арада аттай арқырап 56 жыл өтсе де күні кеше болғандай көз алдымда тұратын 1965 жылдың сары күзі… Марқұм Жарасқан Әбдіраштың сөзімен айтқанда, «Соғыстан соң туғандар» дейтін тамыры терең, қанаты кең, арынды ой мен арқалы сөз жаратқан дарынды буынның шұрқыраса табысқан тұсы. Менімен қатар оқығандардың дені келе-келе осы «соғыстан соң туғандардың» сапын молайтқандар еді… Өткен өмірдің күнгейлі-­көлеңкелі кезеңдерін таразыға қойып, ұлт руханиятының арғы-­бергісін көңіл төрінде екшеген сайын, сөз дейтін киелі өнердің босағасынан бірге аттаған сол курстас – құрбы-­құрдас қатарластарым еске түседі. 
Иә…
Жас кезде бәрі жарасады… Алматыға арман қуып, сөз бен ойдың қанатында келген жылдарға алғыстан өзге айтарымыз жоқ… Уақыт дейтін ұлы сарапшы өмірде де, өнерде де әркімнің пешенесіне бұйырып, маңдайына жазылғанын берді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына ойша оралдым. Алматының асфальтіне аяқтары жарысып қатар тиген, жалыны мол жастық шағымның көзіндей болған қыздар мен жігіттердің дауыстары жаңғырып, кеуде­сарайымды кезгендей болды.
Таңмен тұрып, оразаларын ашар­ашпастан оқу іздеп, білім қуып, лекцияға асыққан осынау дүрмегі қалың топ ішінде сұңғыла бойлы, шашы қалың, аққұба жігіт Ырым Кененбаев та бара жатушы еді… Мінездері де, сөздері де, жүріс-­тұрыстары да бірі­біріне ұқсамайтын осынау жас керуеннің арасынан Ырым өзінің сабырлы қалпымен, сырбаз жүрісімен оқшауланып тұратын. Лекцияда отырғанда да артқы қатарлардың біріне барып, үнсіз жайғасып, қағазға шұқшиып, қаламы қолынан түспей, өзімен­өзі болатын. Жазу жазып отырғаны, әлде лекция жазып отырғаны белгісіз… Кең терезеден әлдеқайда көзін қадап, терең бір ойлардың қамауында қалғандай, жетегіне ілескендей елестейтін… Сағат үшеуміз көбіне­көп лекцияға бірге барамыз, бірге қайтамыз… Әңгімеміз – әдебиет… Көбіне­көп сөздің тізгінін Сағат ұстайды, әңгімені де Сағат бастайды. 
Бір күні лекциядан қайтып келе жатып, Сағат Ырымға төтесінен сұрақ қойды: 
– Сен осы лекцияда не жазып отырасың? – деді. Ырым қысылыңқырап барып: 
– Не жазушы ем… 
– Иә? 
– Жазу жазамын!.. – деді. 
– Әйтеуір лекция жазбайтының белгілі… Шамасы әңгіме жазасың­-ау… – деді Сағат сөзін жалғап. – Мысалы, Нұрлан өлең жазады. Жарасқан да өлең жазады… – деді сұраулы жүзбен. 
Ырым: 
– Білемін… Нұрланның «многотиражкада» шыққан өлеңін оқыдым. Жақсы өлең. Маған мына бір шумағы ұнады… – деді де: 
«Сағыныш – қараша құстары,
қара күз көгінде көлбеген;
жанымның жабыққан тұстары,
сезімге шөліркеп, шөлдеген…» – деген менің өлең жолдарымды жатқа оқыды. Сағаттың, Ырымның қандай күйде болғанын білмеймін. Мен қысылдым әрі қуандым. Осыдан бірер күн бұрын «Қазақ университеті» дейтін парақшада жарияланған жалғыз өлеңімді курстасымның оң бағалап, пікір білдіріп қана қоймай, Алматының ақ қарлы көшесінде жатқа оқығаны жүрегіме жаздың шуағын құйғандай әсер етті… 1965 жылы жазылған «Сағыныш» атты төрт шумақ өлең бізді табыстырып жібергендей болды. Сағаттың Ырым туралы болжауы расқа айналды. Шынында да осы бір мінезі тұйық, өз жасынан ересектеу көрінетін маңғаз жігіттің жазғаны мен сызғаны ғана емес, облыстық, республикалық газеттерде жарияланған әңгіме, мақалалары да көп екен. Тіпті бет-­бет болып жарық көрген сезім мен ойға толы прозалық толғауларын оқығанда (өзі ұсынған газет қиындыларынан) таңқалғанымды жасыра алмадым… «Целинный» кинотеатрының жанындағы шағын скверде жүріп, Ырым екеуміздің Айтматов, Ғамзатов секілді атақтылар туралы ағымыздан жарылып, сыр ақтарысқан сәт­-сағаттар есімде… Мен өлең оқимын. Ол пікірін айтады. Сөз арасында: «Өлең жазған жақсы. Оқисың. Ел естиді. Прозаның жолы ауыр. Жазғаныңды біреу білсе, біреу білмейді…» деп күрсініп қояды. 
Арман қанатында жүріп, сөз дейтін ұлы өнердің жолына сүрлеу салып, соқпақ ашқан студенттік күндер де өтті. Қажытай, Жарасқан, Ырым, Бақытжан, Шәрбану, Мағира, Саралар оқитын журналистика бөлімі филология факультетінен енші алып, жеке бөлінді. Факультет болды. Бірақ… Жұбымыз жазылмай қатар жүрдік. Бір артықшылығы – олар бізден бір жыл бұрын бітірді. Төрт жыл оқып, «журналист» дейтін бір-­бір күректей дипломды да бізден бір жыл бұрын алды… Осы кезеңде Ырым, Жарасқан, Сағат, Мағира, Әшірбектер «Лениншіл жасқа» қызметке орналасып, сол тұстағы қазақ журналистикасының жаңа тынысын танытар кеңістікке шықты. 
Бүгінде тұрлаулы тарихтың еншісіне айналған өткен ғасырдың жетпісінші жылдары тұсауын кесіп, Шерхан Мұртаза мен Сейдахмет Бердіқұловтың ұстаханасынан шыққан сол сайыпқыран-­қаламгерлердің алдыңғы легінен көрінген жүйріктеріміздің бірі де, бірегейі де осы Ырым Суанбайұлы Кененбаев болды. Ырымның қаламынан туған эссе-­мақалалар бір бет, кейде айқара бет болып басылып, ел­-елге, жер-­жерге тарап жатты. Асқақтатып айттыға санамаңыздар, ойы, сөзі таразы басына түсіп, тергелмесе де, жиі­-жиі тексеру көріп отыратын кезеңде Сейдахмет ағамыз басқаратын бұл газеттің бетіне көлдей­-көлдей мақала емес, шағын сөзі шыққан автордың өзі қуанатын еді… Ырым Кененбай осындай әр сөзі садақтың жебесіндей ысқырынып, ақпарат кеңістігінде майдан ашып жатқан жастар басылымында 1968 жыл мен 1979 жыл аралығында тапжылмай отырып 11 жыл қызмет етті. Осы кезең ішінде қаламгер досымыздың «тасы өрге домалап», журналистік қабілет-­қарымы барынша кең танылды. Ол газеттің мәдениет және ғылым, шаруа, жастар, насихат бөлімдерін басқарды. Редколлегия мүшесі болды. Ұлан-­байтақ даламызды аралап жүріп, ұлтқа, қоғамға қозғау салар ондаған ойлы мақалалар мен өміршең очерктер жазды. Көркемдік қуаты берік, айтары мол әңгімелері мен хикаяттары оқырман жүрегіне жол тартты. Бір сөзбен айтқанда, сабыр мен кісілік, ұстаным мен кішілік бойына тумысынан дарыған, досқа адал, ағайынға қолы ашық, ортасына нұры мен шуағын шашып жүретін Ырым Суанбайұлының өмірімен етене таныс кез келген адам оның «Лениншіл жаста» жүріп, қабырғалы қаламгер ретінде қалыптасудың үлкен мектебінен өткенін байқары күмәнсіз.
Мен театр дейтін өрісі бөлек өзге әлемге бой ұрып, драматургияның жетегіне түстім. Ол жастар газетінің маңдайалды журналисіне айналды. Екеуміз екі түрлі салада жүрсек те бозбала күнгі достық байланысымызды үзген жоқпыз. Менің өлеңдерім жарияланса немесе пьессаларым сахнаға шығып жатса, Ырым бірінші болып, аңқылдап телефон соғады. Оның ойлы сұхбаттары мен қоғам өміріне жаңаша үңілген сарабдал мақалалары жарық көрсе, мен де қуанышын бөлісіп, құттықтап жатамын… Қаламымыз қылыштай жарқылдаған сол күндерді еске алған сайын Ырымның ел назарын өзіне бұрған сол тұстағы ұлтымыздың қаймағы болған атақты тұлғалармен жүргізген сұхбаттары мен солар туралы жазған көркемдік сипаты жоғары ойлы мақалалары жадымда қоса жаңғырады. Әсіресе, мақала жазбақ түгілі, алдын көріп, бір сәлем берудің өзі шексіз бақытқа бөлейтін ғұлама ғалым, атақты академик Әлкей Марғұлан жайлы сыр толғайтын «Ғылымда даңғыл жол жоқ» дейтін шоқтығы биік эссе­-мақаласы – жалғыз Ырымның ғана емес, сол тұстағы қазақ журналистикасының озық үлгілері санатынан еді. Осы жылдарда қоғам назарын өзіне бұрған академик Шафик Шокинмен жүргізген «Сібір өзендері арнасын түстікке бұрады» деген ғылыми қазық-­бауы берік сарабдал сұхбаты жас журналистің есімін республикаға кең жайғаны есімде. Біздің буыннан сәл бұрын келіп, қазақ журналистикасының тынысын ашқан Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкеев, Ақселеу Сейдімбеков, Кәрібай Ахметбеков, Кәдірбек Сегізбаев, Серік Әбдірайымов, Қуанышбай Құрманғалиевтер қызмет еткен, бойында жастық жалын лапылдаған басылымға менің қатарластарым ақ толқынын ақтара келгені ел есінде. 
Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз бас редактор болған жылдарда жастар газетінің жұлдызы айрықша жарқырап жанғанын айту парыз. Осы тұстағы жастар газетінің абыройына абырой қосқан менің қатарластарым – Сағат Әшімбаев, Мағира Қожахметова, Жарылғап Бейсенбаев, Жақау Дәуренбеков, Әшірбек Көпішев, Сайлаубек Жұмабеков, Жанат Елшібектермен жарыса қатар шауып, Ырым Кененбай да аламанның алдынан жиі көрінуші еді… Ырымның ойының салмағын танытып, қиялының жүйріктігін аңғартар қасаңдықтан көркемдікке ойысқан, қазақ журналистикасын жаңаша ойлап, жаңаша толғау кеңістігіне алып шыққан «Мәңгілік жаз елі» секілді іргелі дүниелер осы жылдарда жазылды. 
***
1979 жылы Ырым баспагерлік салаға ауысты.
Ол «Қазақстан», «Мектеп», «Ана тілі», «Білім» баспаларында қатардағы аға редакторлықтан бас редактордың орынбасарлығына, бас редакторлыққа, директор лауазымына дейін көтеріліп, айтулы саланың ыстық-­суығынан өтті, республикадағы белгілі, беделді баспагерлер қатарынан көрінді. Ырым баспа саласында қызмет ете жүріп, бала күнінен армандаған жазушылық, журналистік салада да тындырымды істер атқарды. Ол қаламын суытқан емес. Алғаш 1971 жылы жарық көрген «Лабасы етегінде» атты кітабынан соң әр жылдарда «Қырда өскен қызғалдақтар» (1977 жылы), «Інжу-­маржандар» (1980 жылы), «Бір уыс дән» (1983 жылы), «Мәңгі жаз елі» (1989 жылы), т.т. кітаптары жарық көрді. 
Ырымның баспагерлік салаға ауысуы оның үлкен ұйымдастырушы, табанды басшы екендігін танытты. 
Бүгінде әр күнін қойып, әр айы, әр жылы уақыт атты қатал, қатыгез сыншының таразы­-талқысына түсіп, жады төрінен көшіп бара жатқан өткен ғасырдың соңы мен жаңа – жиырма бірінші ғасырдың елең­алаң басында болған кейбір оқиғалар менің есіме түсіп отыр.
Менің «Егемен Қазақстанда» қызмет етіп жүрген кезім. КазТАГ директорының орынбасары – шығарда жаны бір курстас­-досым Ризабек Әдуов маған телефон соқты. 
– Мен ғой…Әдуовпін… 
– Тыныштық па? 
– Тыныш болмаған соң ресми тонмен сөйлесіп отырмын… Ақылың керек. 
– Иә?.. 
– Мына досымыз көнбей отыр. Министрлік «бар» дейді. Мен «астыңнан су шықты ма? Барма!» деймін. Қысқасы, Ырым Суанбайұлы дейтін көсемсөздің төресінен жоғарыдағылар май-­май баспаханашы жасағылары келеді… Мұндай журналист көшеде жатқан жоқ. Сөйлесу керек! Ендігі қалғаны сенің ақылың! – деді сөзін қысқа қайырып, қайран Ризабек. 
Жұптары жазылмай, қайда жүрсе де бірге жүретін екі достың «тапсырмасын» орындаудың жолын іздедім. Жоғарыдағылардың тамырын бастым. Жөн білетін жігіттердің бірі: «Нарық бет қаратар емес. Нұреке, баспалардың болашағы тұманды… Бүгін болмаса, ертең жекешеленіп кетуі мүмкін. Онда баспа директорының қолында өзі отырған үш бөлме мен бес үстел, он орындық қана қалады. Ал… Қолынан іс келетін адамға түбі баспаханадан қолайлысы жоқ», – деді. Мен Ырыммен кездестім. Тілімнің жетісінше Ырымға осы бағыттағы ойымды айттым. Екі досынан сөз көмек сұраған Ырым үнсіз. Ризабек баспаны оң көреді. Мен: «Қалам, қағаз – қолыңда. Қайда жүрсең де жазасың. Қашпайды. Ойлан» дедім. Сәлден соң үнсіздікті бұзып, шешімді өзі қабылдады. 
– Жарайды. Ұқтым… Ризабек ренжімес. Тәуекел! Баспахананың қара майына барамын. Не көрмеген бас?! Оны да көрейік. Министрлікке жауапты бүгін беретін күнім еді. Көндік! Өзге қосар ақылың болмаса… Осыған тоқтайық, – деді сөзін шегелеңкіреп. 
Сонымен…
Сол күні Ырым Кененбайдың өмірінде үлкен бетбұрыс басталды. Жаңа заман талабына сай баспагерлік саладағы өзгерістердің қайнаған ортасына түсті. Араға көп уақыт салмай, сол 1995 жылы Алматы және Талдықорған облыстарындағы баспахана мекемелері біріктіріліп, «Алатау» мемлекеттік баспа­-полиграфиялық корпорациясы құрылды. Ырым сол корпорацияның бастығы болды… Әу баста сөз өнерінің қан майданынан алыстап, өзге бір әлемге – полиграфия дейтін салаға кеткеніне қиналыңқыраған Рекең бірте­-бірте бұл саланың үлкен білгіріне, көшін бастар білікті басшыларының біріне айналды.
Арада жылдар өтті… Жұбымызды жазбай түннің бір уағына дейін үйді­-үйді аралап жүретін сәттер азая бастады. Ойда жоқта Сағаттан көз жазып қалдық… Сонан соң… Айтпай келер ажал арамыздан Ризабекті әкетті… Жарасқан өтті өмірден… Шығармашылық қанатын енді жая бастағанда Әділбек кетті. Сайлаубек кетті кенжесі Санжарбегін жетектеп… Әдебиет дейтін ғылымға өз сорабын салып, курсымыздың мақтан тұтар қызы Алма кетті. Курсымыздың үлкені Ұлықман ағамыз кетті… Соның бәрінде де Ырым марқұм жүруші еді. Білек сыбана кірісіп: «Маған не тапсырасың? Айт. Жігіттердің жағдайын білеміз ғой… Бірігіп атқарайық. Ұяты – артында қалған бізге сын!» деп, бірінен соң бірі жедел қабыл бақиға ерте, тым ерте аттанған достарымыздың ақтық міндетіне болысып жүруші еді…
Қайран Ырым! Қаламы жүйрік, ойы елгезек еді ғой… Дос болып кеп, есік қаққан адамның үлкеніне де, кішісіне де құшағын айқара жайып отыратын. Сол кеңдігі досымыздың алдын ашып, қандай ортаға барса да абыройына абырой қосушы еді. Ол қалам мен қызметті әдемі үйлестіріп, замана ақбозын алдынан тартқан кәсіпкерлікті де тез еркін игеріп еді. «Жаратылысынан мол пішілген адамның ісін Алла­ Тағала қолдайды!» деген сөзді баяғыда атам марқұм жиі айтатын. Ырымды көрген сайын сол көп жасап, көп көріп, көп түйген ақылман қартымның сөзі еріксіз еске түсетін… Қайсы бірін айтайын?! Ырым қандай жерде жүрсем де аңқылдап іздеп келетін. «Ағасы, жүр, Науаттың шайын сағынған шығарсың. Жеңешемді ертіп, бырысқан­-тырысқан жүйкені жазайық…» деп қолқа салатын. «Жазушылар одағының жұмысы бітпейді. Бірін бітірсең екіншісі, екіншісін бітірсең, үшіншісі шығады… Астанадан Бақытжан досымыз келді. Дастарқан жайып қойдым. Қағаздарыңды ана Берік, Ғалым, Жанарбектерге тапсыр!» деп ақсия күлуші еді… Мағира, Шәрбан, Сара дейтін үш қыздарын ұмытпайтын. Сәлім мен Ақкөлін, Қаржаубайы мен Тынышбегін түгендеп жүретін… «Осы біз Сейсенді ұмытып барамыз-­ау?!» деп күрсінуші еді… «Айтқали телефон соқты… Социал сирек хабарласады…» деп жарты ғасыр бұрынғы курстастарын айтып отыратын. «Әй, Ыреке­-ау, ана баспаханаңды ойлайсың ба? Бірге оқығандарыңды ойлайсың ба?» деп, кейде тоқтау айтқан болушы едім…
Сөйтіп жүргенде…
Құрдасымыз – Ырым Суанбайұлы алпысқа толды… Ауылына шақырды. «Смағұл, Нұрқанатты қоса шақырып отырмын. Кіндік қаным тамған жеріме апарып, үш құрдас мені туған жердің топырағына бір аунатсаңдаршы… Ата-­бабаларым жатқан топыраққа…» деді. 
Туған жер дегеннен шығады…
Араға он жыл салып Ырым жетпіске келді. «Екеуміздің туған күніміз қатар ғой… Әуелі күніңді сен белгіле… Сенен соң… Баяғы уәдеңді ұмытпа. «Жетпісіңде барамын» деген едің… Бұл жолы графигіңді мықтап белгіле! Баратын бол!» деп, сөзін өзімсініп, нығарлыңқырап айтты… Бұл жолы бозбала күннен бірге келе жатқан дос көңілінен қалай да шығуға тырыстым. Сәті келді. Бірге бардық. Бірге жүрдік. Анасы ауырып жатыр екен. Той батасын төсегінде жатып берді… Ел көп жиналды… Дүркіреп өтті. Қайтарда аттың басын ауылына бұрды… «Тым құрыса «Екіаша» мен «Ешкіөлместі» алыстан болса да көріп қайт» деді. Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз бен Смағұл Елубай екеуін алдыға салып, алпыстағы алма ағаш тұрған жыраға келдік… Той жалғасты. Ырекең көкпар берді… Мұнда да інілері Серік марқұм мен Бақытбек қызмет етті. Науаттың жүзі нұрланып, жігітінің жетпіске желіп жеткеніне мәз, қуанып жүріп қонақтарын күтті. Сол жолы Ырым ашылып, ата-­бабалары жайлы көп айтты. Тебіреніп айтты. «Бұйырса… Енді екі-­үш айда жарық көретін кітабымның атын «Жетпістегі жиде ағашы» деп қоямын» деп еді бәрімізді шығарып салып тұрып… Оның ар жағында Алла­ Тағала өмір берсе, сексенге жетіп жатсақ… Ол кітабының атын «Сексендегі сексеуіл» деп қою ойымда бар» деп еді… 
«Жақсының жаттығы жоқ… Жақсы адаммен таныссам, жаңа туыс тапқандай қуанамын» деп, қашан көрсең ел­-жұртқа қол ұшын беріп, жолдас-­жораларының ортасында емен-­жарқын жүретін, кең мінезді, кемел бітімді Ырымымыздан ойда­ жоқта көз жазып қалғалы да, міне, он айдың жүзі болды.
Ырымсыз өткен он ай ішінде Ай асты, жер бетінде қаншама өзгерістер болды. Ырым тебіреніп, толқып айтатын Қазақ елінің басынан да аумалы-­төкпелі пандемия кезеңінің қайғысы мен қасіреті, жеңісі мен жеңілістері аз өткен жоқ. Алты құрлықтың тынышын кетіріп, есін алған сұраусыз тажал екі жылға тарта уақыт ішінде қаншама асылдарымыз бен арыстарымызды алып кетті… Күні кеше ғана өмір дейтін өрісі кең, өркені мол кеңістікте бір дәуірдің жүгін арқалап, қызық­-қуанышын тең бөлісіп жүрген қаламдастарымыз, замандастарымыз, ғаламдастарымыз бақиға аттанды… 
Осындай қиын күндердің бірінде Ырым мен Науат «Дегдар, 45» дейтін мекенжайдағы Алматы қаласы Физио­-Пульмонология Орталығына түсті. Екеуінің де диагноздары – ковид. Төбемізден жай түскендей болды. Дәрігерлермен хабарластық. Ырыммен сөйлестім. «Нұрлан! Ағасы-­ау! Мен саспай, сен саспа! Әрі кетсе, бір жетіден соң шығамын… Бұйырса… Шаруа көп. Астанаға барамын. Министрлікке жолығамын. Кіші ұлды… Немерелерімді сағындым…» деп еді аңқылдаған ақжүрек құрдасым. 
Адам баласының қай айтқаны болсын?!. Оның үстіне анау-­мынау, ұсақ-­түйек ауруға «мұрын шүйіріп» үйренген қара қазақтың ұлымыз… Ырым да сол мінездің жетегіне түсті ме, әлде Алланың берген бұйрықты мерзімі бітті ме? Әйтеуір… Араға бірер күн салып, нар тұлғалы азаматтың жағдайы ауырлады… Жансақтау бөліміне көшірілді. Ұзын-­ырғасы ауруханада 23 күн болды, соның 15 күні жансақтау бөлімінде өтті… Өмірді өзгеше сүйетін, сарқылмас ой мен сезімді серік еткен сабырлы жан 10 ақпан күні мына жарық жалғанмен мәңгілікке қоштасты. Сол күні күнделігіме мынандай сөйлемдер түсіпті… «Түнімен қар жауды… Ылғалы мол ауыр қар… Алматыда – минус 4. Астанада – минус 29… Аяз… Суық…» деген сөйлемдерді жаза бергенім де сол еді, телефон шыр етті. «Аға, Ырым ағадан айырылыппыз!» деген өксікті дауыс жетті. «Мен ғой… Айтақынмын… Аға… Талдықорғаннан… Бұлғақовпын!» Досыңыздың иманы саламат болсын!» деді. Суық хабардан сілейіп, үнсіз қалдым… Қолқамды өксік буғандай болды… Түнде үлкен ұлы Заңғармен сөйлескенімде «…жағдайы ауыр… Мамамның жағдайы дұрыс…» деп еді… Ырымның осыдан он бес күндей бұрын вацапқа жазған соңғы сөзін оқыдым. «Аман бол! Рахмет!» депті. Содан қайтып Ырымның жағдайын реанимациядан, ұлы Заңғардан біліп отырдық… Дәрігерлер бізді сөйлестірмеді. 

Тізгінсіз тажал арамыздан Ырымымызды алып кетті… 
Мына жарық жалғаннан Ырым өтті!
Өмірін кестелі көркемсөз бен көсемсөзге арнаған үлкен жүректі, ұлтжанды азаматтың, бойынан адамгершілік пен адалдықтың самалы есіп тұратын Ырым Кененбай есімді қаламдас ­досымыздың бейнесі көз алдымыздан кеткен емес. Ырым ел аралағанды ұнататын. Қазақтың байтақ даласы мен өзі жанындай жақсы көрген Жоңғар Алатауының қойын-­қолтығын кезіп жүргендей көрінеді… Жазсам деген жоспары көп еді. Бітірсем деген ісі жетіп артылатын… Әттең!.. Сол ойларының жүзеге аспай қалғаны жанға батады… Артында ұл-­қызы қалды, өрімдей ұрпағы қалды. Бәріне ие болып Науаты қалды… Ырымды жоқтатпай іздейтін ағайыны, жолдас-­жоралары қалды, оқырманы қалды. 
Мына жерүсті қызығын көру үшін маңдайға жазылған кесімді уақыттың 56 жылын бірге өткізген, өмірдің күнгейін де, көлеңкесін де бірге жүріп көрген дос, сырлас, ауызын ашса, жүрегі көрінетін қатар өскен құрдас, қаламдас, замандас, қазақ журналистикасының көрнекті өкілі, қарымды қаламгер, беделді баспагер, қайраткер бітімді тұлға, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ондаған көркем, әдеби шығармалардың авторы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, елі мен жерін қалтқысыз сүйген ұлтжанды азамат – Ырым Суанбайұлы Кененбай жалған дүниемен қоштасып, бақи дейтін, шын дүниенің есігін ашқан 2021 жылғы ақпанның 10 жұлдызынан бері де жылжып жыл өтті. 
Бұл мерзім бізді Ырымнан алыстатқан жоқ. Қайта жақындата түсті. Рухын асқақтатып, арда туған азаматтың кескіні мен қаламгерлік келбетін биіктете түсті… 

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
2 қаңтар, 2022 жыл.

Қатысты жаңалықтар

Ғылым, инновация және мәдениет: Айгүл Сәдуақасова неге бұл құндылықтар Конституцияның негізін құрайтынын айтты

Ғылым, инновация және мәдениет: Айгүл Сәдуақасова неге бұл құндылықтар Конституцияның негізін құрайтынын айтты

07.02.2026
Жетісуда жылдық жоспар бекітілді

Жетісуда жылдық жоспар бекітілді

07.02.2026
Жаңа Конституция биліктің тұрақты және түсінікті моделін орнатады – Ольга Перепечина

Жаңа Конституция биліктің тұрақты және түсінікті моделін орнатады – Ольга Перепечина

07.02.2026
Волонтерліктің ұлттық желісінің басшысы жаңа Конституцияда волонтерлікті ынтыландыруды бекітуді ұсынды

Волонтерліктің ұлттық желісінің басшысы жаңа Конституцияда волонтерлікті ынтыландыруды бекітуді ұсынды

07.02.2026
Жаңа Конституцияда теңгені ұлттық валюта ретінде бекіту туралы ұсыныс қолдау тапты – Бақыт Нұрмұханов

Жаңа Конституцияда теңгені ұлттық валюта ретінде бекіту туралы ұсыныс қолдау тапты – Бақыт Нұрмұханов

07.02.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.