Райымбек ауданында 67 мыңнан аса ірі қара, 276 мыңнан аса қой-ешкі, 44 мыңнан аса жылқы бар. Өткен жылғы қуаңшылық Нарынқол топырағына да салқынын тигізбей қойған жоқ. Соған қарамастан аудан бойынша 186 мың тонна шөп дайындалды. Сырттан шөп сатып алған ағайындар да баршылық.
– Жыл сайын айналадағы сұраныс иелеріне біздің ауылдың тұрғындары шөп сататын. Былтыр қуаңшылық орын алып, біраз мал азығын сырттан сатып алуға тура келді. Дегенмен, жалпы жағдайымыз жақсы. Округ бойынша 21500 тонна мал азығы дайындалды. Биылғы қыс жайлы мінез танытып тұр. Қар жұқа. Аса қатты суық жоқ. 67 жердегі мал отарлары сындарлы шақты бастарынан өткеруде. Жұмыстың ретіне қарай малды ауылды аралап, жайларын біліп тұрамыз. Реті келгенде Қанат Манжуов, Бауыржан Мамытов, Жолдыбек Нұрбеков, Махрат Смайылов басқаратын шаруа қожалықтарындағы сәтімен жүргізіліп жатқан мал қыстату жұмыстарын атап өтуге болады, – дейді Сүмбе ауылдық округінің әкімі Елжан Бестібаев.
Иә, Сүмбе өңірінде атакәсібін жалғастырып, әкелерінің ақ таяғын қолына алып берекелі тірлік жасап жүрген азаматтар баршылық. Солардың бірі – Қанат және Болат Манжуовтар. Олар өз тұсындағы атақты шопан, бірнеше орден, медальдардың иесі болған Даубай Манжуовтардың ұрпағы. Шаруашылықтар тарағаннан кейін «Аман» атты шаруа қожалығының жұмысын жүргізіп келеді. Күнгейдегі «Жабыр» қырқаларын құтты қоныс етіп келе жатқан қожалықта 2 мың бас асыл тұқымды арқар-меринос саулығы өсірілуде. Қанат пен Болат бастаған қожалық мал тұқымын, оның ішінде ірі қараны асылдандыру ісіне де ден қойған. Қазіргі таңда асыл тұқымды 100 бас аналық «Әулиекөл» ірі қараларын бағып отыр. Жағдайы жақсы. Оның сыртында 100 бас жылқы өрістің сәнін кіргізіп тұр. Қожалықта мал азығын дайындауға, егіншілікпен айналысуға қажетті трактор, техникалардың бәрі бар. Өткен жылы төрт түлік мал үшін 1 мың дана тайланған шөп дайындалыпты. Өріс ашық, мал азығының дені сол қалпында сақтаулы деуге болады. Қожалықта Қанат Тұңғатаров, Ержан Шылғаубаев секілді сенімді, еңбекқор, малды ауылдың жұмысын, жай-күйін жақсы білетін тәжірибелі малшылар бар. Жаз маусымын «Ойқарағай» жайлауында өткізіп келген малдың жайы жақсы. Қожалық мал қыстауындағы бірнеше малшы үйін, қой қораларын заманға лайық жақсылап қамдап алыпты. Мал қыстатуды, алдағы төл алу науқанын сәтімен өткізетіндеріне сенімдері мол.
Қанат БІРЖАНСАЛ





