Облыстық мәслихат хатшысы Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВТЫҢ төрағалығымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс XIV сессиясы өтті. Онда облыстық мәслихаттың регламенті, 2022 жылғы жұмыс жоспары бекітіліп, тұрақты комиссия құрамына өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, қала құрылысын ерекше реттеу аймағында орналасқан облыс аумағының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді сызбасы бекітілді.
Сессия отырысында алдымен облыстық мәслихаттың 2022 жылға арналған жұмыс рагламенті таныстырылды. Онда мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамына өзгерістер енгізу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының, жанар-жағармайдың және қоғамдық көлікпен жүру бағалары мен олардың негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыс жоспарын айқындау, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара тиімді диалогты дамытудағы қоғамдық кеңестердің рөлі мен маңызы, 2020 жылға арналған бюджеттің орындалуы және тиісті кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған өңірдің салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарын іске асыру жолдары қарастырылған. Сондай-ақ, 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасының орындалуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары, есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер және прекурсорлармен байланысты қылмыстарды ескерту, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, маскүнемдікке, алкоголизмге, нашақорлыққа және уытқұмарлыққа қарсы атқарылатын жұмыс жоспары мен жер ресурстарының пайдаланылуы мен қорғалуының жай-күйі және 2023-2025 жылдарға арналған облыс бюджетін бекіту туралы іс-шаралар кешені нақтыланған. Отырысқа қатысқан депутаттар облыстық мәслихаттың жұмыс регламентін лайықты деп тапты.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына 2021 жылдың 30 маусымында енгізілген өзгерістерге сәйкес облыстық мәслихатқа екі тұрақты комиссия төрағасын тұрақты негізде, жергілікті бюджет есебінен еңбекақы алатын лауазымды адам ретінде жұмысқа қабылдау өкілеттігі берілді. Аталған сессия отырысында екі тұрақты комиссия төрғаларының кандидатурасы ұсынылып, депутаттар дауыс арқылы олардың кандидатурасын қолдайтындықтарын білдірді. Сонымен алдағы уақытта облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттіктер мен этика мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағалығына Берік Тынышбаев, денсаулық сақтау, білім, халықты әлеуметтік қорғау және мәдениет мәселелері бойынша тұрақты комиссияның төрағалығына Болатжан Нұрбеков, ауылшаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария және экология мәселелері бойынша тұрақты комиссияның төрағалығына Асқар Сүлейменов, индустриялық-инновациялық, көліктік-логистикалық даму, кіші және орта бизнесті, туризм мен спортты қолдау мәселелері бойынша тұрақты комиссияның төрайымына Римма Салықова, дін, тіл, этносаралық қатынастар, ішкі және жастар саясаты мәселелері бойынша тұрақты комиссияның төрайымына Самал Қабышева, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс мәселелері бойынша тұрақты комиссияның төрағалығына Бағдаулет Үстенов бекітілді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша 27 қаңтар күні облыстық мәслихаттың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның көшпелі отырысында қаралған қала құрылысын ерекше реттеу аймағында орналасқан облыс аумағының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді сызбасын дауысқа салды. Отырысқа қатысқан депутаттар аталған сызбаны бірауыздан бекітті.
Омар Ақын




