Қолдобы спорты – он екі мүшеңді ширатып, қыздыратын, тартысты спорттың төресі. Қазақстанда қазіргі таңда айтулы спорт түрі, әсіресе, қыздар арасында ерекше дамып келеді. Жуырда Испанияда қолдобынан өткен әлем чемпионатына Қазақстан қыздар құрама командасы барып қатысқанын жақсы білеміз. Бүгінгі күні қолдобы спорты еліміздің қай өңірінде ерекше дамып келеді деген сұраққа жауап іздеп көргенде, Қызылорда мен Алматы облысын ерекше бөліп айта кетер едім. Ал, егер нақтырақ айтсақ, өз басым Алматы облысындағы дамуды назарға ала отырып, Қазақстандағы қолдобы спортының келешегін көргендей боламын.
Жетісу өңірінде бүгінгі таңда гандбол мектептері көптеп ашылып, жастар қызығушылық таныта бастады. Оған дәлел Алматы облысы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, білікті басшы, білгір маман Нұрбақыт Теңізбаевтың спортты, соның ішінде қолдобын насихаттау аясында дұрыс жолға қойған жарқын бағдарламасының арқасында бұл спорт айрықша даму үстінде. Жалпы, қамқорлық болған жерде нәтиже жоғары болатыны сөзсіз. Сол секілді Жетісу аймағының дарынды спортшылары спорттың қай түрін алып қарасақ та қамшы салдырмай алда келеді. Ал қолдобына келсек, бүгінгі таңда облыстың әр ауданында бөлімшелер ашылып, сол залдарда жаттығып жатқан ұл-қыздар облыстың абыройын ел чемпионаттарында табысты қорғауда.
Жетісу өңірінде қолдобының дамуы Алматы маңындағы Өтеген батыр кентінде орналасқан Гандбол мен футзалдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне тікелей байланысты десек жаңылыс айтылмаған болар еді. Облыста гандболдан және футзалдан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің іргесі қаланғаннан бері (2018 ж.), Жетісу өңірі қолдобының бойына қан жүгірді. Өйткені, аталған мектептің таланттары облыс атынан республикалық және халықаралық жарыстарға сынға түсіп, жарқын жеңістерімен қуантып келеді.
Спорт мектебінің директоры Дархан Аширов басшылық тізгінін ұстағаннан бастап, қолдобынан білікті бапкерлер мен талантты ойыншыларды айналасына ұйыстырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Мектепте талантты жасөспірімдер қолдобы, футзал және бадминтон секілді спорттың үш түрімен айналысады. Дарынды жастар Талдықорған қаласы, Іле, Талғар, Панфилов, Алакөл, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Райымбек, Ескелді аудандарына барып оқу-жаттығуларын өткізіп, даланың саф таза ауасын жұтып, қыр төсінде шыңдалып қайтады екен. Бұл да бір айтулы спорт мектебі басшылығының жаттығу жұмысындағы ұтымды ойластырылып жасаған тиімді бағдарламасы сияқты. Қолдобы спортының өңірдегі филиалдары жалпы білім беретін мектептердің базасында жұмыс істеп келеді.
Шеберлерді дайындап шығарып жатқан бейнебір ұстахана іспеттес ат төбеліндей ғана мектептің жеңісті жолдарын алға тартсақ. Гандбол мен футзалдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері 2018 жылы Өтеген батыр кентінде 2003 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 1-орынды жеңіп алса, 2019 жылы Қостанайда 2002 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдесін, 2021жылы 2002 жылы туған жастар 3-орынға ие болды. Сонымен бірге, Қостанай қаласында өткен жоғары лига арасындағы ҚР чемпионатында Алматы облысының 2005 жылы туған жасөспірімдер құрамасы жүлделі үшінші орынға қол жеткізеді. Қолдобынан ұлдар командасы Риддер қаласында өткен ел біріншілігінде жүлделі үшінші орынға табан тіреді.
Міне, бұл жетістіктердің барлығы үш жылдың ішінде орын алды. Сонымен қатар, айтулы спорт мектебінің қыздар командасы Қазақстаннан өзге, халықаралық жарыстарда да тамаша өнер көрсетіп топ жарғанын айтпасқа болмас. Мәселен, Ташкентте өткен халықаралық жарысқа алғаш рет қатысып, күміс жүлдемен оралады. Ал 2019 жылы Өзбекстанның Наманган қаласында қолдобынан «Тәуелсіздік кубогі» үшін өткен дүбірлі жарыста қарсыластарын бұзып-жарып бас жүлдені жеңіп алса, 2021 жылы Самарқан қаласында өткен байрақты жарыста чемпион атанады. Бұл енді қыр асып барып ел намысын абыроймен қорғап, олжамен оралған бір ғана спорт мектебінің жеткен жеңістері. 2021 жылы мектеп басшылығы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевпен бірлесе отырып, гандбол мен футзалдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлектерінің негізін алып, облыстық «Жетісу» клубын құрады. «Жетісу» құрама командасының ел чемпионатында топжарып шығуына Іле ауданындағы спорт мектебінің үлесі зор. Жуырда Қазақстан Республикасының суперлига сайысында «Жетісу» командасы 9 команданың арасынан суырылып шығып, 29-шы ҚР чемпионатының чемпионы атанды. «Жетісу» қыздар құрама командасының аға жаттықтырушысы, білікті бапкер Жанатты Байарыстанованың шәкірттері қазіргі таңда еліміздегі ең үздік команда атанып жүр. Жуырда Испанияда өткен әлем чемпионатында Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен «Жетісу» қолдобы командасының қос түлегі Ирина Александрова мен Кәмилә Серікбаеваның тамаша ойынымен жанкүйерлердің сүйенішіне бөленді. Айталық, Ирина Александрова Испанияда әлем чемпионатында үздік сұрмергендердің сапына еніп, 43 голмен екінші сатыға жайғасты. Кәмилә да осы сында шеберлігімен көзге түсті.
Өтеген батыр кентіндегі мектептен түлеп ұшқан қос қарлығаштың, әлем біріншілігінде өнер көрсетуі облыстағы жүйелі жұмыстың арқасы екені анық. Мектеп директоры Дархан Аширов командадағы қыздардың болашағынан үлкен үміт күтеді. Алда әлі талай дүбірлі жарыстар күтіп тұр. Сәтін салса, жетісулық қолдобының ұл-қыздары әлем чемпионы болатыны анық.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі





