Көкпар – өзіне ықыласты жандарды ат құлағында ойнауға үйретеді. Жігіттің білек күшін сомдап, қажыры мен қайратын шыңдайды. Адамды ат үстінде шыдамды болуға, ептілікке жетелейді. Дүрмекті топтың ішінде жерде жатқан көкпарды асқан ептілік, шеберлікпен іліп алып, атын құйындата шапқылатып белгіленген жерге тастау оңай шаруа емес. Көкпарға әбден үйренген жігіттер қолындағысын оңайлықпен бере де қоймайды. Сол үшін де көкпар додасына шыдамды ат, білегі мықты, епті жігіттер керек. Ауылдық деңгейдегі көкпар бүгінде аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеге көтеріліп кетті. Ұлттық ат спортының бұл түрі аясын кеңітті. Өзіне ықыласты жандардың қатары да көбеймесе азайған жоқ.
Кеген ауданындағы Бөлексаз ауылынан шыққан Бақдәулет бекер көкпаршы болған жоқ. Атқұмар баланың әкесі Серікжан Битіманов пен анасы Бағдат Сламжанова қыз-бозбала шағында бір реткі малшылар тойында «қыз қуу» жарысына қатысып, сол арқылы танысып, шаңырақ көтереді. Атқа, жылқыға жақын өскен ерлі-зайыптылардан Бақдәулет дүниеге келеді. Ол кішкентай кезінен атқұмар бала болды. Біреулер асық атып, доп теуіп жүргенде Бақдәулет тай желдіртіп жүретін. Сөйтіп, үлкендердің назарына ілігіп, 5 жасынан бастап-ақ аудандық, облыстық, республикалық ат бәйгесіне қатысатын тұлпарларды ауыздықтап, талай-талай топ жарып жүрді. 12 жасынан көкпарға араласа бастаған.
– Бозбала шағымнан бастап-ақ тай күнінен «Көкдауыл» атты баптадым. Сол сәйгүлігіммен ұлтымыздың ежелден келе жатқан көкпар, теңге ілу және аударыспақ секілді ат спортының ойындарына қатыса бастадым. Көптің айтуына қарағанда үлкен атам Алпысбай өте мықты көкпаршы болған екен. Көпке сыйлы әрі сегіз қырлы, бір сырлы, өнер десе ішкен асын жерге қоятын атамды ел-жұрт «Көке» деп кетіпті. Көкпаршылық өнер маған сол атамнан жұққан болуы керек, – дейді Бақдәулет жылы жымиып қойып.
Құлдыраңдаған құлын кезінен тайға мініп, есейе келе ат баптап өскен Бақдәулет жоғары сыныпта оқып жүрген кезінен-ақ ауылдағы белсенді жастардан құралған «Көкбиік» атты көкпаршылар командасының белсенді мүшесі болды. Араларында білікті, епті әрі сондайлық самдағай Бақдәулет бар аталған көкпаршылар командасы аудандық жарыстарда үнемі бірінші орыннан көрініп жүрді. Ұлттық додамызды ұлықтап, көкпаршы болғысы келуді армандаған ол бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің спорт және туризм факультетінде оқып жүр.
Көкпаршы жігіттің алғашқы шыққан биігі, алған асуы қуантпай қоймайды. Алғаш ауылдық, аудандық құрама командада өнер көрсетіп жүрген Бақдәулет кейін облыстық құрама команданың сапында бәсекеге түсті. Өткен жылы Қызылорда қаласында өткен жастар арасындағы республикалық чемпионатта Алматы облысының жастар командасы 2-орыннан көрінсе, мұнда да Бақдәулеттің лайықты орны бар. Аузы дуалы азаматтардың назарына іліккен ол Қазақстан Республикасының құрама командасына алынды. Бүгінде көкпардан Азия чемпионы.
Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен көкпардан жастар арасындағы І ашық Азия чемпионатында Қазақстан, Ресей, Қытай, Монғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан мемлекеттерінен келген жастар құрама командалары бақ сынасқан болатын. Осынау дүбірлі додада Қазақстан Республикасының жастар командасы бірінші орынды жеңіп алды. Осылайша республикамыздың Көк байрағы желбіреді. 12 жігіттен құралған жастар командасының ішіндегі Бақдәулет Серікжан осы жолы Қазақстанның спорт шебері атанды. Сөйтіп, үлкен қуанышқа кенелді.
Көкпар деп аталатын ұлттық додамызды ұлықтап жүрген Бақдәулетке туған елі-жері лайықты құрмет көрсетіп, сенім артуда. Оның көкпардағы нық қадамы туралы сырттай естіп-біліп, қуанып жүрген аудан әкімі Талғат Байеділов арнайы қабылдады. Көкпаршы жігітпен емен-жарқын әңгімелесіп, жағдайын білді. Алдағы жоспарымен танысты. Қандай жарыс болсын аудан тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізіп, лайықты сый-құрметін көрсетті. Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков Бақдәулетке ақ батасын берді.
Бүгінде көкпаршы жігітті серіктестерімен бірге Монғолияда өтетін әлемдік дода күтіп тұр. Оған лайықты дайындығын жасап жүрген жайы бар. Жас жігіттің елім-жерім, ұлтым деп соққан кішкентай ғана жүрегі қазағының көкпар секілді ат спорты жүйрік уақытпен бірге өрістеп, өркенін жая берсе деп тілейді.
– Қазақтың нағыз қазақ екенін қай өнер, қай спорт түрінен болсын дәлелдеп жатсақ, бізге сол жеткілікті, біз үшін сол мерей, –дейді ол. Ендеше, қазақтың көкпарымен қазағын көтеріп жүрген, Көк байрағын желбіретіп жүрген Бақдәулетке жүзің жарық, жолың ашық, мерейің үстем бола берсін дейміз.
Қанат БІРЖАНСАЛ,
Кеген ауданы





