Өңір жұртшылығы Абыхан Жексембеков туралы сөз болғанда оны «Түргенді түрлендірген тұлға» деп атайды. Жергілікті халық оған деген зор құрметін осылайша білдіреді.
Енді аздап шегініс жасайық. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы өтпелі кезеңде өндірістік қатынастар нарықтық экономикаға көшті. Қоғамның күрт өзгеруіне ешкім де дайын емес еді. Бүкіл елмен бірге түргендіктер де қиналды.
Жұмысты қалай ұйымдастыруды білмей абыржығандары аға буынның әлі есінде. Бәрінің еститіні «Өз күніңді өзің көру керек» деген қағида ғана. Осындай шақтарда жауапкершілікті арқалап, қиындықтардан тайсалмай жұртты алға бастайтын азаматтың қажеттігі қатты сезілді және ондай азаматты түргендіктер тапты да. Ол – аумақтың алғашқы әкімі Абыхан Жексембеков болатын.
Абыхан ағаның бойында қайраткерлікке тән ерекшеліктер бар еді. Ең бастысы, ол Түрген өңірінің тумасы. Ел мен жердің қыры мен сырын бес саусақтай біледі. Кімнің неге қабілетті екеніне дейін ажыратады. Маңына топтасқандарға соған сәйкес жұмыстар тапсырып, нақты нәтиже күтті. Аграрлық саланы, жергілікті өндірісті дамытуға күш салды. Уақыт талабына сай келетін әдіс-тәсілдерге жүгінді.
Ел Абыхан Аманбайұлын мол тәжірибе жинаған, жан-жақты жетіліп, шыңдалған маман ретінде бағалады. Өзі еңбек еткен ұжымшарда ұзақ жылдар төрағаның орынбасары болып, барлық істі ойдағыдай атқарған. Көпсалалы шаруашылықта төрт түлік өсіру, ет-сүт өндіру жолға қойылған. Көкөніс, жеміс-жидек алқаптары көлемін ұлғайтты. Құрылыс барынша қанат жайды. Соның арқасында елді мекен кезінде озат атанды. Шаруашылық төрағасына Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Демек, орынбасар білімді де білікті болған.
Көпұлтты ұжымда жүргенімен ата дәстүрді ешқашан ұмытқан емес. Өз ұлтының қадір-қасиетін берік ұстанды және оны дамытуға бар күшін салды. Еліміздің тәуелсіздікке жеткенін қазақтың басына қонған бақ деп қабылдады. Соны одан әрі нығайту үшін аянбады, жерлестерін елдік мақсаттарға жұмылдырды.
Абыхан ағаның өмірбаянын зерделесеңіз, көп нәрсеге көзіңіз жетеді. Бала болып ойнамағандай, көзін ашқанда көргені саяси зобалаңның сұмдықтары. Мәселен, құдай қосқан қосағы, бала шағындағы сыныптасы Әуес Шәріпқызының әкесі жазықсыз жала арқалап «халық жауы» атанды. Қайда көз салса да заманның сұрғылт суреттері еңсені басып тұратын.
Одан кейін Ұлы Отан соғысы басталды. Екі жақтан қамқорлық көрсетіп, алақандарына салып мәпелеген әкелері Аманбай Түменбаев пен Жексембек Қаңлыбаевтар маңдайына сыймапты. Олар қан майданға аттанып, қайтып елге оралмады. Жесірлер мен жетімдердің көл болып аққан жасына бала Абыханның да көкірегіндегі қасірет қосылып жатты.
Әжесі мен анасының жалғыз үміті және арқасүйер азаматы екенін жан-тәнімен сезінді. Сондықтан тағдырдың ауыр жүгін қайыспай көтеруге серт етті. Алда кездесетін барлық тәуекелдерге белін бекем буды. Қолы жұмыстан, көзі кітаптан босамады. Сығырайған шамның жарығымен сабақтарына мұқият дайындалатын. Ұзамай өзінің дұрыс істегеніне және болашаққа бастайтын жолды таңдауда қателеспегеніне көзі жетті.
50-ші жылдардағы тұрмыс қиындығы да оңай емес еді. Соған қарамастан Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын үздік бітірді. Шелек ауданында алғашқы тәжірибеден өтті. Көзге түскен жас маманды жоғарғы басшылар Балқаш ауданындағы шаруашылыққа жібереді.
Құмды жердің табиғаты тау бөктеріндегі өңірден бөлек. Жауапкершілікке толы сындарлы шақтарда ол өз мүмкіндігін толық көрсетті. Соның арқасында Түргендегі аты әйгілі колхоз қызметке шақырды. Көп ұзамай мұнда төрағаның орынбасары қызметіне сайланады. Ұжымдағы әріптестері өзімнен бұрын басқаға болсын деп жүгіретін азаматты тік тұрып құрметтеді.
Түргеннің алғашқы әкімі ретіндегі сіңірген еңбегі одан да зор.Тұрғындардың жағдайын жақсарту жолдарын қарастыруға ден қойды. Жұмыспен қамту ол кезде өте қиын еді. Шаруашылыққа арналған жер телімдерін жекеменшікке бөлді. Әділет талаптарын мұқият сақтады. Құрылған комиссияның заңға сай жұмыс істеуін қадағалады. Адамдарды жаңа қоғам жағдайында еңбек етуге дағдыландырды. Ұжымдасқысы келгендерді кооперативке біріктірді. Кім қандай саланы ұнатады, соның ыңғайымен жергілікті өндірістерді дамытты. Жеке кәсіпкерліктің жандануына көңіл бөлді. Бәріне өкімет тарапынан несие бөлдіруге ықпал етті.
Еңбек текке кетпепті. Небәрі 2-3 жылдың шамасында түргендіктер аяғынан тік тұрды. Табыстары тасыған бақуатты жандарға айнала бастады. Өңірде тамақ өнеркәсібіне арналған шағын цехтар бой көтерді. Қаңырап қалған шарап зауыттары қайтадан іске қосылды. Қазіргі жетістіктердің барлық алғышарты сол кезде қаланғаны көпшіліктің есінде.
Абыхан Аманбайұлының ерекше шешімінің бірі – қазақ мектебін ашуға атсалысқаны. Түргенде екі үлкен мектеп болды. Бірақ олар сабақты орысша оқытатын. Қолы ұзындары балаларын аудан орталығына, маңайдағы елді мекендерге апарып жүрді. Ал мүмкіндігі жоқтар не істейді? Амалдың жоғынан ұл-қызын орыс мектебіне тапсырады. Басқадай таңдауы жоқ. Ал елді мекендегі қазақ отбасылардың саны ай сайын көбейіп бара жатты.
Әкімнің осы мәселе бойынша бармаған адамы, ашпаған есігі қалмады. Ақыры көздеген мақсатына жетті. Алғаш рет балабақшаға, кейіннен кәсіптік-техникалық училищенің үйіне орналастырып жүріп, жаңадан ашылған қазақ мектебін орта мектепке айналдырды. «Байторы» қоғамдық қорын құрып, мектеп пен ұстаздарға барынша көмектесті. Осы арқылы мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілінің нығаюына өзіндік үлесін қосты.
Еңселі қазақ мектебі қазір алыстан көз тартады. Аталған оқу орны Абыхан Жексембековтың атында. Мұнда асыл жанға арналған музей бөлмесі бар. Жастар ата жолын әрқашан кие тұтады.
Абыхан Аманбайұлы өзі бас болып жаңа атау берген Дінмұхамед Қонаев мектебі де елді мекеннің көркі. Қонаев көшесі де ұлы қайраткердің рухын асқақтатады. Дінмұхамед ағасын салтанатты шараға арнайы шақырып, тұрғындармен кездестіргені күні кеше ғана сияқты. Енді Абыхан аға да тарихтың шежіресіне айналды.
Ауыл әкімі лауазымы тиісті қызметтің бір түрі. Олар өзіне берілген жұмысты ойдағыдай атқаруға міндетті. Ал Абыхан Аманбайұлы басқаша қимылдады. Уақытпен санаспады, тыным таппады. Тек биіктерге өрледі. Елім биік болсын деді. Ақ ниеті жүзеге асып, ақ тілегі қабыл болды. Оның халық перзентіне айналғанын күллі жұрт риясыз мойындады. Сондықтан «Түргенді түрлендірген тұлға» деп атады. Бұл – Абыхан ағаға арналған марапаттың ішіндегі ең үлкені.
Болат МӘЖИТ,
Еңбекшіқазақ ауданы





