Арамызда қарапайым қалпымен-ақ елдің құрметіне бөленіп жүрген қайырымды жандар көп. Сондай жақсы адамның бірі ретінде өмірін еңбекпен өрнектеп, жерлестерінің алғысына бөленіп жүрген кәсіпкер Бақыт Көншібаеваны ерекше атап айтуға болады.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, кәсібін ер-азаматтай дөңгелентіп, бүгінде еңбегінің нәсібін көріп отырған Бақыт бала кезінен өте салмақты, өршіл, айтқанынан қайтпайтын, зерделі, өжет болатын. Осындай өршіл шәкірттің алғашқы ұстазы болғаныма мақтанамын. Бақыт мектепте озат оқыды, математика пәнін жақсы көрді. Сыныптастарына ерекше қамқор, өте ұқыпты, дарынды оқушым болып жүрді.
Әкесі марқұм Еркаш аға жүргізуші, анасы Бибилил Пенжім ауылындағы білікті тігінші еді. Тәрбиелі отбасынан шыққан Бақыт Ы. Алтынсарин атындағы мектепті бітіріп, жоғары білім алды. Жаркент қаласына отбасылық жағдайымен көшіп барып, оқуын бітірген соң, өзі өскен Пенжім ауылына келіп, 2016 жылы желтоқсан айында 50 орынды «Тұмархан» атты балабақша ашты. Балабақша меңгерушісі етіп келіні Меруерт Бошанованы тағайындады. Міне, солай Пенжім ауылының балапандарын қуантып, тәрбиешілерді жұмыспен қамтыды. Содан кейін өзі тұратын Иванова көшесінен «Гауһартас» атты балабақша салды. Ауылдан «Томирис», «Шаңырақ», «Наурыз» атты дәмханалар, дүкендер ашты. «Гауһартас» балабақшасына меңгеруші етіп көпжылдық тәжірибесі бар Дина Ғаниева апайды бекітті. Бүгінде өнімді жұмыс істеп жатыр. Өзінің інісі Бауыржан, сіңлісі Баян да кәсіптерін дөңгелентіп отыр. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, Бақыт, міне, осылай бақытын еңбектен тауып отыр.
Ата-анасының ізгі ісін өнеге еткен Бақыттың бала-шағасы да өз қатарластарының алды болып жүр. Қызы Томирис оқу озаты. Қоғамдық жұмыстарға, би үйірмесіне қатысады. Түрлі байқауларға қатысып, қаладағы қара шаңырақ Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің намысын қорғайды. Бақыт ауыл тұрғындарына, мектепке, тұрмысы төмен отбасыларға әрқашан көмектесіп, қол ұшын беріп келеді. Алдағы уақытта Жаркент қаласынан екі балабақша ашқалы жатыр. Бұл да жерлестеріне үлкен қуаныш сыйлайтыны анық. Анасы Бибилил екі рет Меккеге барып, мұсылмандық парызын өтеп қайтты. Бұл да анасын құрметтеген адамның ғана қолынан келетін іс.
Еңбекқор ата-анадан тәлім-тәрбие алған Бақытты бүгінде ел-жұрты мақтан етеді. Еңбегі бағаланып, марапаттарға да ие болды. Десе де Бақыт үшін үлкен марапат – туған жерінің түлеуіне үлес қосу.
Тоқтаргүл КИІЗБАЕВА,
ардагер ұстаз
Пенжім ауылы,
Панфилов ауданы





