«Тастүлек» жастар бетінің «Үш сауал» айдарының алғашқы қонағы балалар жазушысы, «Тауға саяхат» әңгімелер жинағының, «Қырық бірінші өтіріктің соңы», «Батыр қоян» кітаптарының авторы Мейіржан Жылқыбай.
– Бүгінгі жастардың балалар әдебиетіне баруы және олар қандай жаңалық алып келіп жатыр?
– Балалар тақырыбын қозғап жүрген жастар қазіргі таңда өте көп деп айта аламын. Жақында «Алтын сақа» баспасы төрт айдың ішінде балаларға арнап 100 кітап шығарды. Осының өзі дәлел. Сол сияқты балаларға арналған «Ер Төстік» байқауында қаншама жастарымыз қатысты. Көптеген жақсы шығармаларды байқауға болады. Алайда солардың халық арасында кең танымал емес екені көңілді түсіреді. Ал байқауға қатысқан, кітапқа еніп жатқан жастардың шығармаларының көп екені, арасында мықты шығармалар бар екені қатты қуантады.
– Жас балалар жазушысы ретінде шет елдің де балалар әдебиетін қадағалап отыратының белгілі. Біздің балалар әдебиетіне нені үйрену керек және біздің олардан артықшылығымыз.
– Аудиторияға керектіні зерттеуді оны тереңінен толғауды көбісі қолға алмайды. Көбісі жазады, бірақ оқырман «оқымайды» деп ренжиді. Ал оқырманға алдымен «не қажетті?» екенін білу керек және тағы қайталап айтамын зерттеу қажет. Одан кейін жазғаныңды сата білу де керек. Шет елдік балалар жазушыларымен біздің жазып жүргендерден аса артықшылық жоқ, керсінше кемшілігіміз болмаса. Бізде балалар тақырыбында жазу өте қымбат. Неге? Иллюстрацияның жұмысы, сапалы кітап шығару қымбат. Ал қымбатқа шыққан кітаптың арзанға сатылмайтыны белгілі ғой. Ал ондай бағаға кітап алуға оқырман дайын емес. Ол біздің кемшілігіміз. Бұдан шығатын екі-ақ жол бар, кітап арзандауы керек немесе халықтың сол бағаға сатып алатын жағдайы болуы қажет. Шет елде кітап жақсы оқылады. Ол бүгінгі жазылған шығарма болсын, бұрын жазылған болсын бәрі экранизация арқылы оралып жатыр. Ол оқырманға қызық.
– Шет елдегі өзіңмен қатар жас балалар тақырыбында қалам тербеп жүргендер жөнінде де айта кетсең…
– Жас деуге келмейді-ау, бірақ кейінгі оқығандардың ішінде беларус жазушысы Павел Гушинец «Ұйқыдағы ару» атты әңгімесі қатты ұнады. Балаға болсын, ата-анаға болсын оқуға ыңғайлы форматта жазылған. Негізі балалар әдебиеті балаларға ғана емес, оны соларға оқып беретін ата-анаға да лайықталуы керек деп білемін. Оңай оқылып, оны жеңіл қабылдай алу керек, құлаққа жағымды естіліп, жүрекке жылы жетуі тиіс деп білемін.
Сұхбаттасқан: Серік ҚАНТАЙ





