Облыс орталығындағы Журналистер үйінің мәжіліс залында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтіп, онда «Ақ жол» демократиялық партиясының 50-ге жуық белсенді мүшесі марапатталды.
Азаттық алған жылдан бері атқарылған ауқымды істер, игілігі мол шаралар жайлы айтқан «Ақ жол» демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Мейраш Шынасылова: «Барлықтарыңызды мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңізге табыс, дендеріңізге саулық тілеймін. Ел ертеңі үшін атқарып жатқан ерен еңбектеріңіз жемісін берсін. Мемлекеттің дамуы жолында партиямызбен бірге аянбай жұмыс істеп келе жатқандарыңыз үшін алғыс айтамын», – деп әріптестеріне жылы лебізін арнады.
Еңбегі еленіп, мерейі тасыған мұғалім, дәрігер, кәсіпкер сынды әртүрлі салада қызмет етіп жүрген жандарға «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтің Алғыс хаты мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай әзірленген «Еңбегім еліме» атты төсбелгі табысталды.
Марапатталғандардың қатарындағы партия ардагері Төлеген Демидов: «Бұл партиямен тоқсаныншы жылдан бері бірге келемін. Басшылық қызметте болдым. Қазіргі уақытта біздің біраз азамат ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. Көптеген мәселелерді шешуге ықпал етуде. Партияның жұмысы алға баса берсін, қашанда сіздермен біргемін, әр бастамаларыңызға тілекшімін», – деді.
Мәулен ӘНЕРБАЙ




