Тәуелсіз еліміздің рухани-мәдени дамуына, өркендеуіне таудай үлесін қосып, қажыр-қайратын жұмылдырып жүрген жандардың бірі – Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева. Жүрегі жалын, рухы асқақ өнер жанашырының тәуелсіздік жылдарда атқарған еселі еңбегі мен тынымсыз ізденісін ел-жұрт жақсы біледі. Жұдырықтай жұмылған бірлігіміздің, мың түрлі тірлігіміздің тамырына нәр беріп, рухы биік елдігімізді айқындайтын мәдени іс-шаралардың мәйегіне, ұйытқысына айналып жүрген Фарида Мамырбекқызы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет өнер институтының театр факультетіне 1984 жылы түсіп, тамамдаған. Қазақ өнерінің жарық жұлдыздары Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріпова, Асқар Тоқпанов, Хадиша Бөкеева сынды ұлтжанды ұстаздардан дәріс алған, еңбек жолын Талдықорған драма театрынан бастаған Фарида Бегенбаева 2000 жылдан бері Талғар ауданының мәдени дамуына өзіндік үлес қосып келеді.
Ақ қарға өр намыстың алауын жаққан Желтоқсан көтерілісі кезінде жалындаған жастармен қатар алаңға шығып, үн қосқан студент жастың жүрегіне ұлттық рухтың дәні егіліп, отансүйгіштік, патриоттық сезімнің өшпес оты маздайды. Содан бергі уақытта ұлтымыздың ұлы мұралары – тіліміз бен мәдениетіміздің, әдебиетіміздің өркендеуіне өзіндік септігін тигізіп келеді.
– Желтоқсан кезіндегі жастардың жанарында от болды. Сол жылдары қазақ театрында еңбек ететін, келешекте ұлт өнерін өркендететін жастар орыс тілінде дәріс тыңдайтынбыз. Сонда оқытушыларымызға: «Неге біз орыс тілінде оқимыз, біз қазақ өнеріне үлес қосамыз ғой», – дейтін көкейкесті сауалдарды жиі қоятын едік. Біздің ұстаздардың рухы мықты болды. Мысалы, қылышынан қан тамған кеңестік дәуірде Шона Смаханұлы, Сайлау Батыршаұлы деген мұғалімдеріміздің тегін өзгертпеуінің өзі үлгі болатын. Сол кісілерден ұлтты сүюді, ұлтқа қызмет етуді үйрендік. Қазір жастарға көп сын айтылады. Ал оларды тәрбиелеп жатқан кім? Міне, мені ойландыратын да осы мәселе, – деген Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Фарида Мамырбекқызы ата-баба қанымен келген Тәуелсіздігімізді қастерлеп, егемен ел азаматы ретінде адал еңбек етіп, қоғам дамуына сүбелі үлес қосу қажеттігін айтты.
Жер жаннаты Жетісудың тарихқа бай бір пұшпағы – Талғар ауданында тарихи-өлкетану музейінің болмауы естір құлаққа ерсі. Бұл дегеніміз, елдің, жердің тарихы сақталатын, дәріптелетін орынның жоқтығын айқындайды. Музей салу қажеттігі қаншама жылдар бойы көтерілгенмен, түйіні әлі тарқатылмай келеді. Жүрек түкпіріндегі шын сөзін ақтарған мәдениет жанашыры Фарида Бегенбаева бұған дейін де халық игілігіне қызмет етер игі істердің ұйытқысы болғанын білеміз. Соның бірі – былтыр Бесағаш ауылынан Алаш арыстарына арнап сәулетті монументтің бой көтеруіне жан аянбай атсалысуы. Биыл Желтоқсан құрбандарына тағзым ретінде белгітас қойылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Талғардың кешегісін, бүгінін және ертеңін арқау еткен деректі фильм жасалып, көпшілікке ұсынылмақ. Сондай-ақ, кітап жарыққа шықпақ. Мұның барлығының жүзеге асуында мәдениет қызметкерлерінің қолтаңбасы бары анық.
Қай іске болсын бел шешіп кірісіп қана қоймай, озық ойы, ұлттық рух-жігерімен азаматтық үн қатып, жасындай жарқылдап жүретін Фарида Мамырбекқызының өткір де өршілдігі, талапшылдығы жас буынның талайының қабырғасының қатып, буынының бекуіне септігі тиюде. Сондықтан болар, өзі шыңдаған, қайраған жастардың әр деңгейдегі байқаулардан оза шауып, бас бәйгені қанжығалап жататыны және бар.
– «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты», – деген Алаш арысы Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» өлеңі бүгінде өзекті. Өйткені, өмір тоқтап тұрған жоқ, жаһандану дәуірінде экономика мен руханият тізгіні тең болу керек. «Менің елім, менің жерім» деген патриоттық сезімді құр айқай, жалаң ұранмен емес, нақты іспен көрсету қажет. «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деген сөзді Әлихан Бөкейханов бекер айтпаған. Мен Алаш арыстарының әр сөзін күнделікті ісіме ұран, бағыт-бағдар етіп жүремін. Өйткені, Алаш арыстарының «қазағым аман болсын, тәуелсіз ел болсын!» дегеннен өзге мақсат-мұраты болмаған, – деген Фарида Мамырбекқызы ұлтқа мінсіз қызмет етуді өзінің басты мақсаты етуде.
Ұлболсын ИСАБЕК,
Талғар ауданы





