Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі мерекесі. Осы жылдар ішінде жеткен жетістігіміз бен барлық табысымызда «Nur Otan» партиясының да өзіндік үлесі бар. Ел ішіндегі бірлік пен саяси тұрақтылықты нығайту, азаматтардың бейбіт өмір сүруі мен әлеуметтік жағдайын жақсартуды негізгі міндеті етіп алған «Nur Otan» партиясы отандық көшбасшы, бағыт-бағдары айқын партия екенін дәлелдеді. Алғашқы құрылған күнінен тың бастамалар көтеріп, жауапты шешімдер қабылдауға ұйытқы болған партия елмен біте қайнасып, халықтың мүддесін жеткізіп жүрген нағыз халықтық ұйым екенін танытты.
Ел егемендігі мен Елбасы – егіз ұғым. Отыз жылда қазақ елін тоқыраудың соқпағынан алып шығып, дамудың даңғыл жолына түсірген, жастарға демеу, қарттарға медеу бола білген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен аз ғана мерзімде көптеген жеңістерге қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көпұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Елбасының жүргізген парасатты да көреген саясатының нәтижесі.
Экономика дамып, халықтың жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілді. Өзге елдермен арадағы қарым-қатынас реттеліп, халықаралық деңгейдегі саудаға шығуға мүмкіндік алдық.
Жер көлемі жөнінен тоғызыншы орынды иеленген Қазақстан көпұлттылығымен аты шықты. Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан жерді иемденген қазақ халқы қашан да бауырмал. Әр кезеңде елімізден пана іздеп келген жатжұрттықтардың бәрін бауырына басып, төрінен орын ұсынды, бір үзім нанын бөліп жеді. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Жетісу жерінде егемендіктің 30 жылдық тарихында осындай ауқымды мәселелер шешіліп, өрелі өзгерістер орын алды. Өңірімізде тәуелсіздік алған күннен бері 500 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, халық саны сәйкесінше 1,3 есеге артты. Бүгінгі күні ресми тіркелген тұрғындардың саны 2 миллион 78 адамға жетіп отыр.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың облыс орталығын көшіру туралы 2001 жылғы 14 сәуірдегі Жарлығының арқасында Жетісу өңірінің орталығы еліміздегі ең көрікті әрі өмір сүруге қолайлы шаһардың біріне айналды. Бұл тағдыршешті Жарлық қаланың өмірін жаңа арнаға бағыттады. Географиялық жағынан қолайлы, жайлы экологиясы және дамыған инфрақұрылымы бар Талдықорған биыл 20 жылдық мерейтойын атап өтуде. Тұрғындарының саны 200 мыңға жеткен қалада жаңа құрылыстар көбейіп, көшелер мен аулалар абаттандырылуда, саябақтар мен скверлер салынып, инфрақұрылым жақсартылуда, жаңа маңызды нысандар бой көтеріп, күннен күнге ұлғайып келеді. Осы 20 жыл ішінде аумағы 4 есеге кеңейтілген Талдықорғанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 17 миллиард теңгеден 39 миллиард теңгеге өскен. Қалаға биыл 84 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылмақшы. 2001 жылы бұл көрсеткіш 1,8 миллиард теңге болған қалада 15 ірі және орта кәсіпорын жұмыс істейді.
Өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында отыз жылда облыста 14,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 101 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Облыс бойынша 7 мың километрге жуық су, 2 мың километр газ құбыры, 2,2 мың километр электр жарығы және 239 километр жылу желісі салынды. Бұл жетісулықтардың жаңа әрі жылы үйлерге қоныстанып, заманауи инфрақұрылым желілеріне қол жеткізгенінің көрсеткіші. Облыс жолдарының 84 пайызы жаңартылып, көлік инфрақұрылымы қарқын алуда.
Жетісу өңірі 30 жылда Қазақстанның туристік әрі транзиттік әлеуеті жоғары, аграрлық-индустриялық өңірлерінің біріне айналды. Облыста «Кока Кола», «Хамле», «Адал», «Фуд Мастер», «Данон», «RG Brands Kazakstan» сияқты танымал әлемдік брендтердің өнімдерін шығаратын ірі өндіруші кәсіпорындар жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Маревен Фуд Тянь-Шань», «Лукойл Лубрикантс», «Wilo Central Asia», «Фид Миллс», «Алацем», «Pure Pack» сынды ірі кәсіпорындар іске қосылды. Мұндай алдыңғы қатарлы өндіріс орындарының ашылуы партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жоспарында бар.
Былтыр «Nur Otan» партиясы елімізде тұңғыш рет праймериз өткізіп, саясат алаңында жаңашылдық пен өзгеріске жол ашты. Праймеризге облыс бойынша жалпы 1047 адам өтініш беріп, 713 үміткер іріктелді. Соның ішінде 8 адам ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер атанды. Халық арасынан таңдауға түскен талапты, білімді азаматтар, жігерлі жастар партиялық праймеризде өз күштерін біліммен сынады, елге берер нақты уәдемен нықтады.
Биылғы жыл басында өткен сайлаудан кейін «Nur Otan» партиясы берген уәдесін орын-даудың кешенді қадамдарын жасады. Оны іске асыру ел дамуына көмегін молынан тигізбек. «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» деп аталатын сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған Жол картасына сәйкес нұротандықтар 2025 жылға дейінгі межеленген міндеттердің орындалу барысын қадағалау мақсатында облыстық филиал жанынан 12 қоғамдық кеңес құрды.
Ел тарихындағы тағы бір айтулы белес – ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы болды десек қателеспейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саяси жаңашылдыққа қатысты: «Ауыл әкімдерінің сайлауы демократиялық үрдістің дамуына, мемлекеттің институционалдық тұтастығын бекемдей түсуіне және саяси үдерістің барынша ашық болуына септігін тигізеді» деп пікір білдірді.
Өткен шілде айында облыстағы 82 ауылдық округте ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Оның 79-ына «Nur Otan» партиясының үміткерлері сайланды. Бұл – партияға деген халық сенімінің айғағы. Жаңа сайланған ауыл әкімдері партияның аудан, қала, ауылдық округ деңгейінде берген сайлауалды уәделерін орындау үшін белсенді қызмет атқарып, партияның халық арасындағы беделін одан сайын бекемдей бермек. Біз бос уәде бермейміз, айтылған әрбір сөз, қойылған әрбір мақсат – межеленген нақты істермен, толымды көрсеткіштермен бекітілген. Бес жылда бұл жаңа бастамамыздың жемісті қорытындысы да шығарылмақ.
Тәуелсіздік мерекесін партиялықтар ерекше қуанышпен атап өтуде. Облыстық филиал тарапынан арнайы іс-шаралар жоспары жасалып, соған сәйкес жыл басынан аймақтық және аумақтық партия филиалдарының ұйымдастыруымен 557 шара өтіп, 9658 адам қатысты. «30 игі іс» акциясы аясында 5929 адамның қатысуымен 402 іс-шара ұйымдастырылды. Одан бөлек, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық, Дина Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойлары облыстық деңгейде аталып өтті. Жоспарда көрсетілген шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланды. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай әр деңгейдегі мәслихат депутаттары 400-ден астам экспромт және 724 канвассинг кездесу өткізді. Кездесулерде тәуелсіздік жылдары өңірдің әлеуметтік ахуалының нығаюына үлес қосқан ардагерлер, ел ағалары, өңірдің танымал тұлғалары, әртүрлі салада жетістікке жеткен беделді тұрғындар өз ойларын ортаға салып, еліміздің дамуы мен өркендеуіне қатысты пікір білдірді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу және «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында республикалық деңгейде өткізілген онлайн акцияға қатысушылар Тәуелсіз Қазақстанның дамуына баға жетпес үлес қосқан Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектерін атап өтті. Акция аясында әлеуметтік желілерде еліміздің барлық өңірлерінен 1700-ден астам бейнеролик жарияланды. Байқаудың қорытындысы бойынша іріктелген 83 бейнероликтің ішінде тікелей дауыс беру арқылы аудиторияны ең көп қамтыған, ең мазмұнды 30 бейнеролик тағы іріктелді. Соған орай Талдықорған қаласының Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз, білім саласына еңбек сіңірген қайраткер Сайлаугүл Қыйылбаева жеңімпаз деп танылып, Алматы облысының мерейін өсірді. Жеңімпаз қаржылай сыйақы еншіледі.
«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 4 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығын табыстау рәсімі өтті. 7 номинация бойынша сынға түскен жеңімпаздардың ішінде Алматы облысынан «Спорт саласындағы үздік жетістігі үшін» номинациясы бойынша Раушан Қойшыбаева және «Ерекше күтімді қажет ететін адамдарға қатысты қоғамдық сананың өзгеруіне қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша Гүлмира Пармышева марапатталды. Партияластар биылғы мерейлі мерекені маңызды әрі сапалы іс-шаралармен атап өтуде.
Егемендігіміздің еңселі болуына бірлесе күш жұмсап, ел абыройын асқақтату жолында жұмыла еңбек ету біздің ортақ міндетіміз. Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ арманы мен қайсар рухының жемісі. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан ел егемендігінің баянды болуына күш жұмылдырып, ортақ отанымыз Қазақстанның гүлденуіне барлығымыз біркісідей жұмыла атсалысуымыз керек.
Гүлнар Тойлыбаева,
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты,
депутаттық фракция
жетекшісі





