Биыл – қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Алаш жұртының асқақ айбары мен Ұлы Дала аманатын арқалаған Мәңгілік ел үшін азаттықтың орны бөлек. Тәу етер киемізге айналған Тәуелсіздіктің жаңа жылнамасы, егемендігіміздің төртінші онжылдығы басталғалы тұр.
Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары еліміздің даму бағытын айқындайтын, қоғамдық қатынастарды жүзеге асыратын сан салалы реформалар жасады. Кезең-кезеңімен жүргізілген тұрақты саясаттың арқасында біз бүгінгі белеске көтерілдік. Қуатты елге айналып отырған Қазақстан азаматтары үшін аспанымыз ашық, көк байрағымыз асқақ болғаннан артық мәртебе жоқ.
Осы бір тұста жергілікті өкілді органдар – мәслихаттардың өзіндік орны мен қосқан сүбелі үлесі бар екендігі сөзсіз. Осы мерзім аралығында облыстық, аудандық мәслихат депутаттары жергілікті жерлерде тұрғындар үшін маңызды біраз істің басын қайырып, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуда. Алматы облысындағы ірі ауданның бірі Еңбекшіқазақ ауданының қойнауы – құт, елі – жайсаң. Бұл өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы жалпы облыстың қарыштап алға басуына үлес қосуда. Түгін тартсаң майы шығатын ырысты жерде бүгінгі күні заман талабына сай кешенді ауылшаруашылық, өндірістік кәсіп-орындар, шағын және орта бизнес нәтижелі жұмыс істеуде.
Аудан әкімі Әлібек Жақанбаевпен бірлесіп аудандық атқарушы органдар мен мәслихаттың өңір игілігі үшін бағытталған ортақ жұмысымызда жаңа міндеттер қойдық. Осы асулар мен белестерді ерекше қарқынмен жоспарлы түрде бағындырып келеміз.
Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігінің ғимаратында ашылған депутаттық қызметті іске асыруға арналған «депутат бөлмесінде» мәслихат депутаты азаматтарды қабылдап, депутаттық қызметіне қатысты жұмыстарды жүргізе алады. Одан бөлек аудандық мәслихат аппаратының жанынан құрылған арнайы тұрақты жұмыс тобы жыл бойы елді мекендерге шығып, тұрғындармен «ашық алаң» үлгісінде кездесулер өткізіп отырады. Кездесулерде түйткілді мәселелердің сыры ашылып, оны шешудің жолдарына талдау жасалады.
Есепті кезеңде бекітілген кестеге сәйкес 4 іссапар жұмыстары ұйымдастырылып, аудандағы 80 елді мекен толықтай қамтылып, 150-ден астам кездесу өткізіліп және 300-ден астам мәселе түсті. Тұрғындар тарапынан түскен маңызды ұсыныс пен талап-тілектер бойынша тиісті мекемелерге 24 сауал жолданды.
Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы һәм Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай! Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен баршаңызды құттықтаймын!
Бекет АХМЕТОВ,
Еңбекшіқазақ аудандық мәслихат хатшысы





