Қазақстандағы мәслихаттар – өз өкілеттігі аясында көптеген өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететін халық пен билік арасындағы алтын көпір іспетті. Іле аудандық мәслихатында 2016 жылы нәтижелі жұмыс жасау үшін www.ile-maslihat.kz сайты ашылған болатын. Содан бері депутаттардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында заңдарды зерделеу, кеңестер өткізу үшін арнайы ғылыми-әдістемелік орталық жасалды. Әрбір шақырылым сайын жергілікті өкілдік органдардың маңыздылығы арттырылуда. Себебі, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, шешімін табу басты міндеттің бірі.
Биылғы жыл басынан бастап жоспарланған медиа жоспарға сәйкес «Іле таңы» газетінде тұрақты түрде айына екі рет депутаттарымыз кезек-кезекпен атқарылған жұмыстары жайлы мақала жариялайды. Бұл халыққа есеп берудің бір түрі болып табылады.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мақсатында депутаттарымыз ауылдық округтерде тұрғылықты қауымдастық мүшелерімен тығыз жұмыс атқаруда. Барлық мониторингтік іс-шаралар белсенді тұрғындардың тікелей қатысуымен жүзеге асырылады. Өйткені қолға алынған жобалардың тұтынушысы – халық. Басты міндетіміз – барлық жасалып жатқан жұмыстың нәтижелі болуына бағытталған. Тіпті, бюджеттің сапалы орындалуы да тұрғындардың саяси өмірге белсене қатысуына байланысты. Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы, «Жұмыспен қамту жол картасы» депутаттардың тұрақты назары мен бақылауында екенін айтқым келеді.
Аудандық мәслихаттың тұрақты үш комиссиясының отырысында қаралатын барлық мәселелер алдын ала зерделеніп, арнайы комиссия құрылады. Комиссия мүшелері керек жағдайда объектіге барып, кемшіліктер бойынша өз ойларын мердігерлерге жеткізеді. Барлық кемшілік түзетілгеннен кейін тұрақты комиссия отырысы өтеді.
Тәуелсіздік алғаннан бері саяси және әлеуметтік шешімдердің қабылдануына әсер етіп, қоғам өмірінің тиімді құрамдас бөлігіне айналған мәслихаттар азаматтардың қоғамдық белсенділігі арқылы жергілікті маңызы бар барлық мәселені шешуге мүмкіндік алады. Айта кететін жайт, атқарушы биліктің бірде-бір шешімі, өңірді дамытудың бірде-бір бағдарламасы депутаттармен жан-жақты зерттелмей, мәслихаттың тиісті комиссияларында талқыланбай жүзеге асырылмайды. Сонымен қатар, біздің депутаттар әлеуметтік желіде халықпен тығыз байланыс орнатқан. Қойылған сұрақтарға бірден жауап беріп, шешімдердің шешілуіне ықпал ететін депутаттар атқарған жұмыстарын Facebook және Instagram парақшаларына жариялап, тікелей эфирлер өткізеді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен барша отандастарымызды шын жүректен құттықтаймыз! Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай.
Роза Абилова,
Іле аудандық мәслихат хатшысы





