Талдықорған: -4°C
$ 494.63
€ 583.22
₽ 6.42
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАНСАРАЙ

ТҰЛҒА БИІГІ

26.11.2021
ЖАНСАРАЙ
ТҰЛҒА БИІГІ
WhatsAppTelegramFacebook

Отбасылық ескі архив пен ескі альбомнан алынған «сарғайған парақ беттер» мен сарғыш тартқан суреттерді ой сүзгісіне салып отырып, өткен өмірдің шуақты, нұрлы сәттерімен қайта қауышқандай, қайыра табысқандай болдым. 
Толқыдым. Тебірендім!
Мына жалған атты жер дүниесінен бақи дейтін сыры мен жұмбағы мол екінші шын дүниеге әлдеқашан кеткен ардақты әкелеріміз бен аяулы аналарымыздың жас кездегі, жасамыз кездегі суреттерін көріп, бір сәт өзім де сонау алыс-алыс жылдардың құшағында қалған балалық шағыма қайта оралғандай күйге түстім…
Оралтқан Зәкеңнің кенже ұлы – Бақыт Заманбекұлы  Батталхановтың алдыма жайған «сарғайған парақ беттер» мен сарғыш тартқан ескі суреттер. Әке рухын арқалап, архив аралап, өткен өмірді қастер тұтқан ұрпақтың көңіл ауаны…
Өмірімнің ұмыт бола бастаған тұстары, бала күнімнің балғын сәт-сағаттары, түтіні түзу ұшқан туған ауылымның елуінші, алпысыншы жылдардағы көрінісі көз алдыма келді. Бүгінде, ауыл-ауылды қойып, Қазақстан көлемінде, қатарлары мүлдем сиреген майдангер буынның өртеңде өсіп, өрісі мен өркені күрес қанатында жетілген өкілдерінің бейнелерін елестеттім. Әкемнің көзін көріп, анамның қолынан дәм татқан аяулы жандар өмір дейтін ескі лентаның кадрларындай болып, көз алдымнан түйдек-түйдек өте бастады…

Үстеріндегі сұр шинельдері мен күн қағып, сұрқай тартқан гимнастеркаларын шешпей, соғыстан оралған бетте әлгі от пен оқтың ортасынан аман оралған қайсар мінезді, халықшыл майдангерлердің бірден ел өміріне қоян-қолтық араласып кеткені – кешегі соғыс сансыратқан қазақ ауылдарының аңызға бергісіз ғажайып ақиқаты еді. Біздер «соғыстан соң туғандар» көзімізді ашар-ашпастан сол аңызға бергісіз өмір көріністерінің аз да болса шетін көріп қалдық… Сондықтан болар… Тәубешіл, ырымшыл, қазақы наным-сенімге деген адалдығын жоймаған, тағдыр қанша табанға салып тепкілесе де тектілігіне сызат түсірмей, ғұмыр кешкен, көңтері мінезді қоңыр ауылдардың қоңыр адамдарын жадымыздан шығарған емеспіз. Көзбен көріп, көкірекке түйген ана ғасырдың елуінші, алпысыншы жылдарының әр көрінісі сол өмір, ақиқаты мен замана шындықтарын көзімен көріп, ой-санасы арқылы өткізгендердің есінде. Әңгіме-хикаяттар да, жүректі тербеп, алпыс екі тамырды бойлай кезер өлең-дастандар да аз жазылған жоқ… Әлі де жазылып келеді. Жазыла берері ақиқат…
Жалпы адамзатқа, сол санатта қазақ есімді халыққа, өмір мен тіршілік үшін жүргізілген күрестің алуан-алуан қиындығы мен қасіретін, қайғысы мен шерін көбірек ұсынған жиырмасыншы ғасырдың күнгей-көлеңкесін таразыға қойған сәттерде сана мен жадыдан сылып алып тастау мүмкін емес, ұлы оқиғалардың бәрі де осы кезең шындықтары… Екінші дүниежүзілік соғыс пен соғыстың зардаптарын қалай ұмытуға болады? Ұмыту мүмкін емес! Бұл тұтас бір дәуірдің тарихқа айналған тағдырлы шындығына көз жұма қарау, менің ойымша, Құдай алдында да, ұрпағы мен ұлтын ойлап, от кешіп, өзін оққа байлаған ондаған миллиондардың аруақтарының алдында да күнәға батумен бірдей…
Күнәнің үлкен-кішісі болмайды…
Аз айт, көп айт, біліп айт, білмей айт, шындықтың «ала жібінен» бір аттадың ба? Болды…
Мен мұны неге айтып отыр дейсіз? Біріншіден, мені толқытқан ескі жазбалар, ескі альбом бетіндегі сарғайған суреттер мен халқына қадірі асқан ардақты ел ағасы Заманбек Батталханов хақындағы мына баспаға әзірленіп жатқан естеліктер мен мақалалар. Деректі материалдардан құралған бұл кітаптың оқырман үшін де, ол кісіні көрген-білген замандастары үшін де қаншама қымбат екенін сезіндім. Өмірден өткеніне көп жыл болған кітап қаhарманы сол «аңызға айналған ақиқаттың» қайнаған қара қазанынан шыққан, өмірлік ұстанымы мен танымы бүгінгі ұрпаққа үлгі болар ғажайып жан еді. Екіншіден, кітап ұсынар ақиқат – ағаның өмір жолы мен күрескерлік рухы мыңдаған адамның басынан кешкенін жадымызда қайыра жаңғыртып, сана төріне ізгілік пен сенімнің сәулесін төгері күмәнсіз. Үшіншіден, кітаптың әр бетінен менмұндалап шығар уақыт пен заманның қоспасыз суреттері мен боямасыз көріністері кешегі әкелер мен аталар өмірін сана төрінде жаңғыртып, жадымыздан көшіп бара жатқан дәуір, замана шындықтарын таразылауға, безбендеуге, екшеуге, сайып келгенде, тануға, талдауға көмектесері күмәнсіз. 
Осыдан табаны күректей бір ғасыр бұрын қазақ жерінің оңтүстік шығысындағы Аспантау өңірінде, дәлірек айтқанда ұлы таулардың арасын жалғап, емін-еркін көсілген Қарадала жазығының шекара шегіндегі бір қиырында – көне Үйсін тауының қолтығына орналасқан Қаратам дейтін ескі қыстауда өмірге келген қара қазақтың баласы – Заманбек Батталханұлы (есімі ел аузында «Зәке», «Замаш», «Заманбек аға», «Замаш аға» атанып кеткен) қара орман қазақ жұртына, әсіресе Жетісу өңірінің халқына аса танымал кісі еді.
Мінезі кең, жүрегі жомарт, жаны жайсаң жақсы ағаның аты мен ісі, ойы мен сөзі жарыса шығып, есімі ел аузына кең жайылған өткен ғасырдың елуінші, алпысыншы, жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы жылдарына қайта оралғандай күй кештім… Сөйлесе, ағып тұрған шешен, ойласа, елінің қамын әріден толғайтын көсем, істің көзін білетін, досқа бай, ағайынға қадірлі қайран ағаның әр жүрісі, әр айтқаны көз алдымда… Қайсыбірін айтарсың?!
Зәкең қызметке бойында бар халықшыл қасиеттерінің бәрін салушы еді. Нағыз басшы! Жаратылысынан елге жақын. Жүрген жерінде тыңдаушыларын ұйытып, соңынан ертіп әкететін, «темір тізгінді» дәуірде таразы басын тең ұстап, халық жүрегіне жол таба білер мінезге бай тұлға болатын. Бүгінде ұлтын сүю мен қадірлеудің ғажайып үлгілерін бойына мол дарытқан сол Зәкең мен Зәкең тұстас ағаларды сағынып іздейтініміз рас… Қызыл кітапқа кіретіндей сирек құндылыққа айналып бара жатқан «әзіл-қалжың» дейтін ұлттық қазынамыз да осы Зәкеңдермен бірге тұрлауы тарихтың қойын-қолтығында қалып бара ма деп ойлаймын. Атамыз қазақтан қалған, даудың түйінін сөзбен шешіп, жаудың бетін сөзбен қайыру дейтін ежелден келе жатқан ұлы қасиет те осы Зәкеңдердің қатарымен келмеске кетіп бара жатқандай елестейді… Қателесіп айтсам, уақыт дейтін төреші, шіркін, өзі түзей жатар… Әй, бірақ, қазіргідей жаhандану дейтін ақыл мен ойды цифр мен технологияға біржола көгендеген кезеңде жоғалып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз аз ба? Қазіргідей әлемді бір қолға бағындыруға ұмтылғандардың көзсіз күресінің дәуірінде ұлттық құндылық атаулының ең нәзік, ең қажеттісі саналар ана тіліміздің тағдырының ессіз додалар мен көкпарға жиі-жиі түсері бізді алаңдатады. 
Заманбек Батталхановтың замандастары тіл мен діл тағдырына айрықша қарайтын. Ауылды – қалаға, қаланы далаға жақындату дейтін саясатты жүргізе отырып, Зәкең мәселені шешу жайлы ұсыныстарды қалай айтса, оның жолдарын да солай қоса ұсынып отыратын. Ол кісі – Алматыға жақын орналасқан Талғар, Іле секілді көп-ұлтты аудандарда көп жылдар ел тізгінін ұстаған кезең, от пен оқты кешіп келген елдің қадірін, жердің қасиетін білетін «сары гимнастеркалары» үстерінен түспей еңбек майданына араласқан буынның өкілі болғандықтан ба, Отан алдындағы міндетіне қалай адал болса, отбасындағы тәрбиеге де солай ыждағатты еді. Марқұм Қалихан әпкеміз екеуінің отбасылық мәдениетін тілмен айтып жеткізу үшін көп уақыт керек…
Жә… Әңгімеміздің бір саласы – тіл, отбасылық салт-дәстүр болды ғой… Үйдегі ұрпақ пен ұлтқа деген жауапкершілікті атқаруда Зәкең ана тіліне айрықша мән беретін. 
«Тіл үшін күресу, ұлттың мәңгілігін қамтамасыз ету үшін жүргізілер азаматтық, перзенттік міндетіміз. Қал-қадіріміздің жетісінше мүмкіндіктің бәрін сарқа пайдалану ешқашан ешбір ұрпақтың күн тәртібінен түспеуі тиіс. Қазақ қазақ болып, ат жалын тартып мінгелі солай болған. Солай болып келеді… Солай болуы тиіс!» деп отыратын. 
Иә… Зәкең де, Зәкеңнің замандастары да қазақ халқы мен қазақ қоғамының дәуір талаптарына сай өмір сүруін қамтамасыз етуде айрықша із қалдырған жиырмасыншы ғасырдың түлектері. Бәрін көзімен көріп, көңіліне түйген, аштықты да, елдің жермен-жексен болып жазықсыз қырылған кезеңдерін де, ұлы соғыстың қан-қасабын да көрген ұрпақ. 
Бұл кезең – ұлт басына қайғы мен қуанышты, қасірет пен күресті көп берген, талай-талай өзгерістерді өткерген ескі мен жаңаның арасына көпір салған ондаған жеңістер мен сандаған жеңілістердің куәсі болған кезең. Жұмыр жердің бір түкпірінде жаңа тұрпатты мемлекеттер пайда болып жатса, бір түкпірінде химерлік қатынастардың құрбаны болған екінші бір ұлттардың жойылу процесі жүріп жатты. Бұл процесс, ең әуелі, сол құрдымға бет алған ұлттың тілінен, ділінің әлсіздігінен, дінінің алашұбарлығынан көрініс тапты.
Тілді жою – ұлтты жоюдың басты құралы. Өткен ғасыр көшпелі өркениеттің ақырғы бесігі болған Ұлы Дала жұртына осындай кеселі мен кесапаты мол қиындық атаулыны алдынан көлденең тартты. Көнсең көндің, көнбесең, тағдырың талқан болып, өзің де, өрісің де тоз-тозың шығар ақиқатпен бетпе-бет келді… Алаш арыстарының қиямет-қайым тағдыры мен репрессия құрбаны болған ел азаматтарының пүшайманды халі, әрі-беріден соң ұлт басына ұлы нәубет алып келген отызыншы жылғы аштық соның дәлелсіз айғағы.

Ағамен сырласу
(80 жылдық тойында жазылған)

Адал болу – кісілік шарты білем,
елдің жүгін көтердің артығымен.
ғұмыр кешіп келесің, асыл аға,
Уақытты тізгіндеп тәртібімен. 

Жол көрсетіп таудағы, сайдағыға,
туған жұртты таныттың аймағыңа.
Қаратамда туған ұл қазағымның
еркін келіп қосылдың қаймағына.

Жақындатар алысты білігімен
тұлға болдың, қасыңда – ұлы кілең.
Шешендігің атыңды мәшһүр етті
май суырған ойлардың жілігінен.

Әділ жанды ел сүймек мәлім бастан,
сезінгенге ойың мен жаның – дастан. 
Қатарыңмен келесің алшаң басып,
құрметінен жұртыңның жаңылмастан.

Сабырлысыз…
Ішіңде төзімді ой көп,
өткендердің келесің көзіндей боп.
Аспантаудай асқақсың, даладай кең…
өссе, шіркін, кейінгі ұл Өзіңдей боп…

Күйге бөлеп еліңді шекер үнмен,
жүрегіңнен жалын мен от өрілген
қалпыңа, аға, қызығып қарайды жұрт
билер сынды міз бақпай көтерілген.

Қазан биыл ерекше, қыр басы – көк,
көтерілдің сексеннің сырласы боп.
Димекеңдей ұлының інісі боп,
Асекеңдей арыстың құрдасы боп.

Бұйырғанын еліңмен бір басып өт,
қазынаңды түгендеп сырласып өт!
Аман жүрші, жан аға, арамызда,
Тоқсанның тұлғасы боп!
Жүздің де құрдасы боп! 

5 қазан, 2002 жыл.

Заманбек Батталханов – осындай дәуірде туып, арғы-бергіні зейінімен тоқып өскен, ой-өрісі кең, білімді, оқығаны көп, зерделі буынның шынайы халық құрметіне бөленген көрнекті өкілі болатын. Өмірінің бар күнгейлі, көлеңкелі кезеңдерінің қай-қайсысында да алдына келген адамның жағдайын қаныға тыңдап барып асықпай пікір айту, ақыл-кеңес беру, қол көмегін көрсету – асыл ағаның жарқыраған жаратылысының бір қыры-тын. Осының өзінен халқын сүйер, қоғамшыл тұлғаның болмысын аңғаруға болар еді… 
Осы күндерде өмір дейтін мәңгілік қозғалыста болатын кеңістіктің қыры-сырына үңілген сайын басып өткен жолыңды, сыйласқан, сырласқан үлкен-кіші замандастарыңды жиі еске алу, бар-жоғыңды түгендеу, таразылау ғадетіме айналып барады. Сондай кездерде үнсіз отырып Заманбек ағаның рухымен ауық-ауық тілдесемін. Жалғыз жүріп, адаспай жол тапқан ақыл-қайратына, парасат-пайымына сүйсінемін. Нағыз өмір қазанында қайнап жетілген тұлға! Аға бойындағы осы бір қасиеттерге төмендегі екі бірдей шындықты қосыңыз. Сонда тұлғаның дүниетанымын, жаратылысын тереңірек тануға мүмкіндік туар еді деп ойлаймын. Бірінші шындық, тағдыры қыл үстіне ілігіп, екі бірдей ұлы империяның қыспағында келе жатқан қазақ елінің шекара үстіндегі ауыл-өңірлерінің айрықша қиындығын бала кезінен сезініп өскендігі болса, екінші шындық, он алтыншы жылғы ұлт-азаттық күресінің ел өмірі мен мінезіндегі зардабын бар болмысымен бағалай білгендігі дер едім. Екі шындықтың екеуі де ел рухын мұқатар уақыт зардабының көріністері-тұғын. Екеуі де жасығын жұбатып, жаны мен рухы күйзеліске түскен ұлттың намысын аяққа салып, жігерін жаншу үшін, тоталитарлық жүйенің өз мақсатына жету үшін жүргізген айлалы әрекеттері еді. Бұл, сайып келгенде, бүгінде «қызыл империя» атанып кеткен кешегі «түкірігі жерге түспейтін» алып ел идеологиясындағы ұсақ ұлттарды біржола шөктіру үшін жүргізілген әккі саясаты болатын.
Аудандық партия және атқару билігінің тізгінін ұзақ жыл ұстаған Зәкеңмен ара-тұра осындай тақырыпта әңгімелесіп те қалатынбыз. Сондай сәттерде ұлтжандылық мінбесінен түспей отырып, қазақ дейтін халықтың тағдыры мен болашағы туралы батыл-батыл ой өретін ағаның білімпаздығы мен парасат бітімінің тереңдігіне іштей риза болушы едім. «Нұрлан шырағым, ойдың еркін болғаны дұрыс. Бұл, әсіресе, өнер адамдарына, соның ішінде ақын-жазушыларға аса қажет дүние. Ой мен рух еркін болмай, шынайы өнер, шыншыл әдебиет жасалмайды… Шыншыл әдебиет – ұлт ойын тәрбиелейтін құдіретті құрал» дегенді жиі қайталаушы еді. «Бірақ… «Сақтықта қорлық жоқ», «Үй артында кісі бар», «Көрінген ортада, көрінген жерде ауызға не келсе, соны бас-көз демей сыртқа шығару – қатер!.. Айта білсең, сөз – досың, айта алмасаң, сөз – жауың… Ақ, адал ісіңе қара күйе жағушылар көп болады. Өсектің аты – өсек. Өзіңе сен! Ең басты нәрсе осы! Кешегі бастары жадыда кеткен арыстарымыздың ащы тағдырларын ұмытуға болмайды…» деген ағалық сақтығын да ара-тұра айтып отыратын.
Жалпы, өткен өмір үзіктерін ой-таразысына салған сайын өз басым аштық апатын көрген, репрессия мен соғыс қырғынынан өткен аға буынның бойында төзімділікпен қатар тектілік нышанының да ұшан-теңіз болғанын уақыт өткен сайын аңғара түсудеміз. Бұл – даусыз шындық. Заманбек ағаның бойында да осындай қасиеттер мол еді. Ол кісінің достары, сырластары көп еді. Зәкеңмен жақсы араласып, дәм-тұзы жарасқан өз заманына лайық адал өмір сүріп, ел сенімінен шығуға ұмтылғандар көп болатын. Солардың біразымен танысып, араласуыма Заманбек аға себепкер болып еді…
Зәкең өзін Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев дәуірінің сарбазы санайтын. Димекең өмірден өткенде қатты қабаржып, қиналды. «Қазақтың мың жылда біртуар ұлы тұлғасы өтті!» дегені есімде. Ол кісі Асанбай Асқаров дейтін Алаш жұртының ақиық ұлдарының бірімен дос болды, сырласып өтті. Асекеңнің басына қара бұлт төнген алақұйын кезеңде жасқанбай, жалтақтамай Фатима Ғалиқызын ертіп Бішкек түрмесіне бір емес, бірнеше дүркін барған санаулы әріптес-достарының бірі еді… Анда-санда ақтарылып сырын айтып отырып, «Асанбайдың жүрегі арыстанның жүрегіндей… Қайтпас қайсардың өзі. Айтарын жасқанбай тура айтатын, айта білетін қасиеттің иесі. Бүгінгі күннің тұлғалы, тұғырлы басшысы!» дейтін. Сейдәлім Тәнекеев, Кеңес Аухадиев, Әріпбай Алыбаев, Жұмахан Балапанов, Құсайын Бижанов, Қазтай Ұлтарақов, Ізбасар Балтағұлов, Молдан Әлдербаев, Айтақын Алпысбаев, Құрман Қожахметов, Ұзақ Таубалдин секілді қызмет табыстырған Жетісу жерінің өсіп-өркендеуіне қатар жүріп, тер төккен елжанды замандастарын аузынан тастамайтын. Әзілі мен адалдығы жарасып қатар жүретін осы бір үркердей топтың ел басқару ісін қалай атқарып, қалай жүргізгені бүгінде тұрлаулы тарихтың еншісіне айналып барады. Мен бұл кісілердің «саябырсып, сабырға жүгінген» кейінгі жылдарын жиі еске аламын. Ескінің соңы, жаңаның басы болған асыл ағалардың бәрі бүгінде арамызда жоқ… Өздері жоқ болғанымен атқарған істері, ақсақалдық мінездері, қабақтан танып, артық сөзге ұрындырмай, бірін-бірі аялап отыратын жарасты қалжыңдары қандай еді?! Шетінен шешен, шетінен көсем ортаның арасынан әсіресе Заманбек аға мен Сәкен ағаның сұлу қалжыңдары айрықша дараланып, жұртты күлкіге бөлеп отыратын…
Мен білетін Зәкең қандай ортаға түссе де сол ортаны өзіне икемдей кетуге жүйрік еді. Әдебиет, өнер адамдарымен тонның ішкі бауындай араласатын. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сафуан Шәймерденов, Бердібек Соқпақбаев, Тахауи Ахтанов, Зейнолла Қабдолов, Балғабек Қыдырбекұлы, Сапар Байжанов, Сейдахмет Бердіқұлов, Тұманбай Молдағалиев секілді көркемсөздің тарландарымен жақсы араласып, сырлас, дос болды. Фариза Оңғарсынованы жиі айтатын. Нұрғиса Тілендиев, Мұқағали Мақатаевтарды туған бауырындай көретін… Сондықтан да болар, Сафуан ағамыз бір кейіпкерінің портретін, түр-пішінін, тіпті есіміне дейін Зәкеңе ұқсатып жазса, бағаға сараң, ықыласы жөпшеңді жанға құлай бермейтін Әбең – Әбдіжәміл Нұрпейісов замандас-досы туралы өз кезінде орталықтың бас газеті «Правданың» бетінде (1983 жыл) «Қарой жазығында» («В Илийской степи») деген көлемді эссе-мақала жазғаны есімде.
«Жақсыда жаттық жоқ» дейді атамыз қазақ… Зәкең туыс-бауырларымен, құда-жекжаттарымен жақсы сыйласып, әрқайсысына уақыт тауып, ықылас аударудан жаңылмайтын. Алты ұл мен алты келіннің арасына шуақ себер күре жол – құдалармен арадағы жылы қабақ екенін өмір философиясына қанық ақылман жан естен бір шығармайтын. Дәулетияр ағамен, Ахаңмен, Жұмабай, Серғазы, Амангелді құдаларымен арадағы орнықты байланысы соның нышаны-тын. Зәкең ауылдас достарымен де, іні-бауырларымен де байланысын үзбейтін. Кейде ұзақты кеш отырып, әңгіме-дүкен құруға бейім, дүниетанымдары кең, дарынды іні-шәкірттері – Ұлттық ғылым академиясының академигі Мәкен Тойшыбеков, тарих ғылымдарының докторлары Кеңес Қожахметов, Сәйден Жолдасбаев секілді республикаға танымал ғалым інілерімен, марқұм Нүсіпбек Исахметов секілді белгілі ақын бауырымен, Стақан Белғожаев, Нәсілбек Мәткерімов, Абай Базарбаев, Ызғарбек Бектұрсынов секілді інілерімен ағынан жарылып, ақтарылған сәттері жады төрінде жиі-жиі жаңғырады. 
Жақсы аға жайлы айтылар әңгіме үзілер емес… Өткен өмір көріністері үздік-создық жалғасуда…
Зәкеңнің аты аталған сайын менің есіме туған ауылым – Бақағаш, өскен жерім – Кеңес түседі… Бақағаштың өзегіндей болып,тауды бетке алған жалғыз көше елестейді. Құлын-тайдай тебісіп, тау-тасты жалаңаяқ кезіп, жар жағалап қатар өскен бала күнгі достар – Бекболат, Мэлс, Елемес, Жарас, Айжалбы, Абай, Нәсен, Дыбыр, Қизат, Ілияс, Қанаттар қара жолдың шаңын көтеріп, тауды бетке алып бара жатқандай… Құлағыма бабам Өмірдің ескі диірменінің үні келетіндей… Сайдағы тау өзенінің құдіретті сарыны кең дүниені кезетіндей…
Туған ауылым жиі-жиі түсіме кіреді… Көгінде құмай құс қалқыған алпыс үйлі аз ауылдың күллі қариялары мен ақ жаулықты әжелері әлгі жалғыз көшенің бойына қаз қатар жиылып, әлдебір ұлы тойды атқарудың әбігерінде жүрген секілді. Үсембай ата, Асанбай ата, Мұстафа қария, Жұман ата, Сағынбай, Несіпбек қариялар… Абықан ата… Саурық ата… Жансерке, Байсерке қариялар, Молдабай ата, Мәткәрім ата… Зауыт қария… Жолдасбай ата… Құланбай, Бәйтілеу, Дадай, Нұрғазы қариялар… Құдай-ау, неткен ауыл?! Өткен дәуір?! Ескі мешіттің етегіндегі жазыққа ақ үйлер қайдан қонған?! Бүгінде орнында бидайықтың аңызы ғана қалған төменгі ауыл тойлатып жатқан тәрізді…
Заманбек ағаның ат жалын тартып мінген, алғаш жар сүйіп, әпкеміз Қалиханға көз салған ауылы… Менің туған нағашым Нұрахмет Малыбаев пен Сүлеймен Аралбаев, Тұрысбек Тойшыбеков пен Әбілқайыр Қаңтарбаев секілді бірімен-бірі қыз алысып, қыз берісіп, сарысүйек құда болған ел ағаларының ізі қалған Үйсін тауының қолтығындағы шағын ауылды ойладым…
Қыржолды, тау бөктеріндегі Қайыңдыны, Желді кезеңге ирелеңдеп тартқан тарғыл жолды, Желді кезеңнен асып, Әлембайлағанға бет алған тұстағы Тоқсанбайдың жайлауы көзіме елестеді. Тоқсанбай деген атын бүгін біреу біліп, біреу біле бермейтін Зәкеңнің үлкен атасы. Мына жайлау – елге сөзі мен билігін қатар жүргізген сол ұлы шалдың атақонысы. Дәуірлер құшағына сіңіп бара жатқан өмір үзіктері. Өткен ғасырдың елуінші жылдары елестеді…
Бақағаш… Есіме: «Бекболатым» деп ел-жұртты бетіне қаратпай өсірген, ерден түспей жүріп, бір әулетті асыраған ер мінезді Әтижан әпкем түсті. Ахметжан аға мен Рахима шешеміздің, Әбдуәли аға мен Бисан әпкеміздің, Бұрысбай аға мен Байғайша әпкеміздің, Кермақан аға мен Бипа әпкеміздің тағдыр қосып, ұрпақ сүйген ауылы… Әкем Мырқасым мен анам Әсемнің ақ бесікке тұңғыш ұлдары мені бөлеп, айлы аспанды әнмен көмкерген Бақағаш!.. Әбдікерім аға… Тастан мұғалім, Мөрдін аға, Үсейін аға, Сәлім аға… Шынжырбай аға… Мұқанәлі аға… Уәжіп аға… Менің кіші әкем Әбілқасым мен әпкем Қайшан… 
Аталарымыз бен бабаларымыздың, аналарымыз бен әжелеріміздің ұлы аруақтары аспанын кезген сол Бақағаш Зәкеңнің атын ауызға алған сайын қоса жарысып, бүгін де, міне, күн ұзаққа жиі-жиі ойыма орала берді. Бабам Өмір мен ұлы әжем Мақтым оралды. Атам Оразалы мен әжем Күлжәмилә оралды. Әкем оралды… Анам оралды… Иығын ақ қар басқан Үйсін тауының шыңдары елестеді… Қарадала елестеді көз алдыма…
Иә… Қарадалада туып, арқасын Аспантауға сүйеп өскен Алаштың адал жүрек ұлдарының бірі Зәкеңнің заманы оңай болған жоқ. Анасынан ерте айырылып, өмірі шегаралы аймақтың қиын-қыстаулы жылдарының жонында жүріп өткен әкені бақилыққа ертелеу аттандырған жалын жүрек жастың қабырғасы ерте қатайып, буыны да ерте бекіді. Көнекөз қариялардың әңгімесі мен ақ күндікті әжелердің мейіріміне малынып өскен бозбала інісі Болысбегінен де солай ерте, тым ерте Ұлы Отан соғысының қанды майданында көз жазып қалды. Атасы Тоқсанбайдың жайлауы жүдеу тартып, жүздеген жылдардан бері қара орман қазаққа пана болып келе жатқан Үйсінтау бөктеріндегі бір әулеттің тамыры үзіле жаздап, қайта жалғанған тұсы да осы өткен ғасырдың қырқыншы, елуінші жылдарымен тұспа-тұс келеді… Ара-тұра айтылатын өзі туралы, өз айналасы жайлы әңгімелерінде де Заманбек аға: «Қалихан біледі… Арғы-бергінің анығына қанық адам осы біздің Қалихан ғой… Қалиханның арқасында жоғала жаздап барып жалғасқан Батталханның әулеті, міне, өсіп, жетіліп отырмыз» деуші еді…
Шынында да Заманбек ағаның айтқаны шындық. Соғыс жалмаған қаншама өмір, өз жалғасын көрмей үзілді. Егер… Сол соғыстан оралмаса, Зәкең мен Қалихан әпкемізден өрген, Алла көп көрмесін, бүгінде бір рулы ел болуға бет алған Батталхан ақсақалдың үрім-бұтағы да болмасы анық еді… Құдайдың көзі түзу екен. Зәкең соғыстан аман оралды. Алты ұл (Бекболат, Ерболат, Қанатбек, Аманбек, Болысбек, Бақыт), Сәулетхан, Салтанат есімді екі қызынан өрген немере, шөберелерін көріп, еліне аға болған сыйлы жан осыдан жиырма жылдай бұрын сексеннен аса өмірден озды.
Бар ғұмыры осы Алматы облысының Ұйғыр, Жаркент, Талғар, Іле секілді аудандарында басшылық қызметте өткен ел ағасын ақтық сапарға Ахметжан Есімов, Серік Үмбетовтердің қатысуымен берісі қала, облыс, әрісі республика жұртшылығы аза тұтып шығарып салды. 
Ұрпақ қамын ойлап, ұлтына қызмет етуден жаңылмай, бар саналы ғұмырын халқына қалтқысыз арнаған, ел үшін, елдік тұтастығымыз үшін өлшеусіз еңбек етіп, тер төккен қайраткер тұлғаның ауыр қазасына Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көңіл айту жеделхатын жолдады. Қалың ел сеңдей соғылысты. Өзі көзі тірісінде бойындағы күш-қуатын, жүрегінің оты мен жалынын селкеусіз арнап, сарқа жұмсаған Жетісу халқы – Аспантау мен Алакөл, Үйсін тауы мен Қордай арасын жайлаған қалың ел аға рухына деген адалдығын танытты. Қаралы жиынға қатарлары күн санап сиреген кешегі ұлы соғыстың солдаттары, Кеңес одағы дейтін тарихқа айналған құрылымның көзіндей болған еңбек ардагерлері, Зәкеңнің алдын көріп, тәрбиесін алған, ел басқару жұмысында жүрген шәкірттері, достары, іні-бауырлары, алыс-жақын таныстары жиналды. Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентіне (бұрынғы ГРЭС-ке) іргедегі Алматы дейтін ұлы шаhардан ағылып келіп жатқан көңіл айтушылар арасында өнер мен әдебиеттің, ғылым мен білімнің шырағын ұстаған ұлт биігіне көтерілген тұлғалар көп болды.
Мағыналы, мәнді ғұмыр кешкен, өмір сүрудің, адамдармен араласудың, ел басқару мен ұлт тәрбиесіне оң ықпал етудің үлкен мектебінен өткен, Қаратамда туып, Қарадалада қабырғасы қатайған, ел басына күн туғанда қолына қару ұстап, оқ пен оттың ішінде жүрген, жалғыз жүріп, жанына дос жинаған үлкенді сыйлаған, кісілік қорығын бұзбаған, қандай тұста да сабырға жүгініп, өрекпіп қызбаған, кең мінезді, кенен ойлы ардақты ағаның мәйіті Кеңсай зиратына жерленді…
Ағаның тәні қара жердің қойнына кіргенімен, жаны, рухы көкке көтерілгені анық…

Міне… Үстіміздегі жылы Алматы облысы әкімдігінің ұсынысымен қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткеріне – Жетісу елінің абыз мінезді ақсақалына Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен Ұйғыр ауданындағы Үлкен Диқан елді мекеніндегі, соғыстан кейінгі жылдары марқұм Зәкең өзі бас-көз болып жүріп, қандыкөйлек достары – Мырқасым Оразалин, Керімақын Мұхаметжанов, Мөрдін Тайыпов, Үсейін Рашитов секілді қатарластарымен іргесін бірге қалаған мектептің аты берілді. 
Уақыт өз дегеніне көндіреді. Адалдық көшін түзейді. Халқын сүйіп, халқына қалтқысыз қызмет еткен жанның рухы бүгін бір аунап, туған Қарадаласы мен қасиетті Тәңіртауының қойын-қолтығын ғана кезіп қоймай, қазақтың сайын сахарасын тегіс аралап жүргендей көрінді маған…

Тұлға биігі дегеніміз осы болар?!

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын, Қазақстан Республикасы 
Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Қатысты жаңалықтар

Ғылым, инновация және мәдениет: Айгүл Сәдуақасова неге бұл құндылықтар Конституцияның негізін құрайтынын айтты

Ғылым, инновация және мәдениет: Айгүл Сәдуақасова неге бұл құндылықтар Конституцияның негізін құрайтынын айтты

07.02.2026
Жетісуда жылдық жоспар бекітілді

Жетісуда жылдық жоспар бекітілді

07.02.2026
Жаңа Конституция биліктің тұрақты және түсінікті моделін орнатады – Ольга Перепечина

Жаңа Конституция биліктің тұрақты және түсінікті моделін орнатады – Ольга Перепечина

07.02.2026
Волонтерліктің ұлттық желісінің басшысы жаңа Конституцияда волонтерлікті ынтыландыруды бекітуді ұсынды

Волонтерліктің ұлттық желісінің басшысы жаңа Конституцияда волонтерлікті ынтыландыруды бекітуді ұсынды

07.02.2026
Жаңа Конституцияда теңгені ұлттық валюта ретінде бекіту туралы ұсыныс қолдау тапты – Бақыт Нұрмұханов

Жаңа Конституцияда теңгені ұлттық валюта ретінде бекіту туралы ұсыныс қолдау тапты – Бақыт Нұрмұханов

07.02.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.