Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында сатып алулардағы жергілікті қамтуды дамыту және тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі қаралды. Отырысқа Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика, сауда және интеграция министрлері, «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Атамекен» ҰКП төрағалары, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары қатысып, Солтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарының әкімдері баяндама жасады.
Баяндамашылардың айтуынша, биылғы 9 айда жергілікті қамтудың өсу қарқыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4 пайызды құрап, 51,9 пайыздан 58,3 пайызға дейін артқан. Қарапайым заттар экономикасының жеті саласы бойынша жергілікті қамтудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізілді, оның ішінде машина жасау, фармацевтика, жеңіл, жиһаз, химия және тамақ өнеркәсіптерінде өсім бар. Десе де, Үкімет басшысы әр салада өнім байқалғанымен құрылыс материалдары өндірісінде мақсатты көрсеткішке қол жеткізілмегенін еске салды. Сондай-ақ, жиында қарапайым заттар экономикасының тауарлары бойынша жергілікті қамту үлесі жоғары және төмен облыстар аталды. Алматы облысы ол қатардан көрінбеді.
Осыған орай, Премьер-Министр жергілікті қамту үлесі көрсеткіштерінің өсуін қамтамасыз ету үшін офтейк-келісімшарт, тауарлардың электрондық каталогы, жер қойнауын пайдаланушылармен келісімдер сияқты жаңа құралдар енгізіліп жатқанын атап өтті. Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы, жергілікті қамтуды дамыту қоры құрылғанын жеткізді. Осы жұмыстардың нәтижесінде, «Самұрық-Қазына» тобындағы компанияларының жалпы сатып алу көлемінің 75 пайызы отандық тауар өндірушілер жүзеге асыратын деңгейге жетіп отыр. Премьер-Министр облыс әкімдеріне жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейтуді, олардың қызметіне өңірлік бизнес өкілдерін барынша тартуды тапсырды әрі әкімдердің жұмысы осыған байланысты бағаланатынын да ескертті.
Тұтынушылардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында өткен Үкіметтің жанынан ведомствоаралық кеңес құрылып, тұтынушылардың құқығын бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту енгізілген еді. Биылғы 1 қаңтардан бастап «бір терезе» – e-tutynýshy қағидаты бойынша тұтынушылардың өтінішін қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі қолданысқа енгізілді. Осыған орай, тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша өтініштердің саны арта түскен. Айталық, бір ғана Сауда және интеграция министрлігі 2019 жылы 6 мыңға жуық, 2020 жылы 20 мыңнан астам, осы жылдың 10 айында 21 мыңнан астам өтініш қарапты.
Үкімет басшысы Сауда және интеграция министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін электрондық сауда сегментінде құқықтық реттеуді жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне Сауда министрлігімен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және әкімдіктермен бірлесіп, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша халықты ақпараттандыруды күшейту және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруды жүктеді.
Қажет АНДАС




