Ескелді ауданында ғана емес, облыста беделді, аймақтағы ауылшаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген шаруа қожалықтардың бірі – «Дюсенбинов А.К» шаруа қожалығы.
Табысты шаруа қожалығының иесі – Айдын Дүйсенбинов. Ол биыл 400 га қант қызылшасын, дәнді дақылдар, оның ішінде 3000 га күздік бидай, 150 га жүгері, 1200 га жаздық арпа, 1000 га соя өсірді. Ал шаруа қожалығының базасында 2020 жылы «Жетісу «ӘКК «РИР» АҚ қолдауымен «Бақтыбай» сервистік-дайындау орталығы құрылған.
Қожалық басшылығы мұнымен тоқтап қалмайтындықтарын айтып, шаруашылықтың ауқымын кеңейтіп, қызмет сапасын арттыра түспек. Мәселен, келесі жоспар – Бақтыбай ауылында 200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салуды жобалап қойды. Ферма 2023 жылы іске қосылмақ. Құрылыс жүретін ферма кешенінің аумағы – 3,19 га. Бұл аумақта барлық қажетті коммуникациялар: су құбыры ұңғымасы, су құбыры мұнарасы және 100 ВТ-қа арналған меншікті ТК бар. Жем-шөп базасы 500 га суармалы жермен қамтамасыз етілген. Болашақта 10 тұрақты жұмыс орны құрылады.
Өндірілген өнім «JLC сүт» ЖШС, «Фуд Мастер» ЖШС және тағы басқа облыстағы сүт өңдеу кәсіпорындарына жеткізілетін болады, сондай-ақ, жылына 20 тоннаға дейін сиыр еті мен асыл тұқымды қашарларды сату жоспарланған.
Қали АСҚАР





