Жақында ғана Сербияда өткен әлемдік додада бір топ қазақстандық спортшыларымыз еліміздің рухын асқақтататын жеңістерге жетіп, әлемге жеңіс тұғырында тұрып Қазақстан мемлекетінің Гимнін тыңдатты. Солардың қатарында грэпплинг күресінен 84 келі салмақта әлем чемпионы атанған Зейнеден Мұхамбетжанов та бар. Осы тұста әлем чемпионымен болған қысқаша сұхбатты ұсынайын.
– Зейнеден, әлем чемпионатындағы жеңіске жету жолыңдағы әсерлеріңмен бөлісе кетсең?
– Әлем біріншілігіне 25 елдің спортшылары қатысып, жеңіс үшін бақ сынастық. Менің бірінші қарсыласым үнді балуаны болды. Оны 6:0 есебімен жеңдім. Екінші қарсыласым әзірбайжан балуанын да айқын басымдықпен ұттым. Үшінші америкалық Келвин Робертпен кездестім. Айта кетейін, оның жеңіске деген ұмтылысы жоғары болды. Тіпті жарыс кілеміне бірден шыға қоймайтын. Мұндайды психологиялық шабуыл дейміз. Жанкүйерлерінің қолпаштауына масаттанып шықты. Қазақта мұны дөңайбат деуші ме еді? Сонымен, америкалықпен күрес басталып кетті. Ол маған аяқты ауырту әдісін жасап, жеңем деп ойлады. Оған көп күш жұмсады. Бірақ мен ауырсынсам да төзіп, аяғымды шығарып алған соң оны еркін күрестің әдісімен аударып тастап, тиісті ұпайымды алдым. Осылайша америкалық балуанды 2:1 есебімен ұттым. Финалда Францияның Мухаммед Байрактар деген атақты балуанымен күрестім. Ол джиу-джитсудан қара белдік иесі, мықты балуан екен. Қандай атағы болса да мен жүрексінбедім. 5:3 есебімен басымдықпен жеңіп, әлем чемпионы атандым.
– Сені жеңіске жетелеген қандай күш?
– Әлем чемпионатына бүкіл Қазақстанның атынан шығып жатқан соң мені намыс қамшылады. Намыс деген үлкен қамшы екен. Қарсыластарым да өз елінің іріктеуінен өтіп келген мықты балуандар ғой. Бірақ, салыстырмалы түрде айтар болсақ, күрес алаңында өзімнің бойымнан байқағаным, менің дайындығым физикалық жағынан да, функционалдық жағынан да жоғары деңгейде екендігі. Менімен күресте олар қанша мықты болса да шаршап қалатынын байқадым. Мен күрестің аяғына дейін шаршамаймын. Ол дайындықтың нәтижесі. Әрине, қуаныштың аты қуаныш, жеңіске жеткенімде қуандым. Өйткені бұл жеңіс – бүкіл қазақтың жеңісі деп түсінемін. Жеңісімді бүкіл еліме арнаймын!
– Орда бұзар отыз жастан астың. Болашаққа қандай жоспар бар?
– Жалпы алғанда грэпплингке жас жағынан шектеу жоқ. Айта кетейін, күресті 16 жастан бастауға болады. Ал жастың жоғары деңгейі, әрине, кім өзін қалай сезінеді, соған байланысты. Денсаулық сыр бере бастаса төрешілікке немесе жаттықтырушылыққа ауысуға болады. Бірақ, қазіргі таңда 35-40 жасқа дейінгі айналысып жүрген балуандарды көрдім. Өзім әлі де жалғастырмақ ойым бар бұл күресті. Грэпплингтің Қазақстанда дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Батыс Қазақстанда, дәлірек айтқанда Орал қаласында грэпплингке мән беріліп, оған жастарды баулу жұмысы жақсы жолға қойылған. Реті келгенде айта кетейін, менің жеңіске жетуіме атсалысқан көп адамдар болды. Солардың бәрін атамасам да кейбіреуіне ризашылығымды білдіргім келеді. Ең бірінші, қазір ол кісілер о дүниелік болып кетті. Еркін күрестің негізін қалаған Амангелді Оқашев пен Өтепті Молғабековті ерекше атар едім. Қазіргі жаттықтырушыларым Мұхтар Хамзин, Жәнібек Қаленов, Жүсіп Қаметов, Бразилиядан келген грэпплинг жаттықтырушысы Карлос Фальс, Батыс Қазақстан облыстық грэпплинг федерациясының басшысы Азат Ыхсанов, жаттықтырушы Алмас Ыхсанов, Қазақстан грэпплинг федерациясының президенті Қанат Алинге алғысым ерекше. Менің чемпион атануыма осы кісілер көп еңбек сіңірді .
– Чемпион жігіттің үйдегі рөлі қандай: лидерсің бе, әлде?..
– Әрине, отбасы дегеніңіз ер адамның тынысы. Үйде ата-анам, екі қызым, әйелім менің тілеуімді тілеп отырғаны маған керемет күш береді. Біздің отбасымызда ер адамның орны жоғары. Әйелім мен сияқты қарапайым. Ақылды. Ер адамды қолдай біледі.
Сұхбаттасқан
Баян ТАҢАТАРОВА




