Бар қазақ сырын төккен бабам Жамбыл,
Даламның жырын төккен данам Жамбыл.
Өлеңнің бір ғасырлық бәйгесінде
Аты озып, бұрын келген дарам Жамбыл!
Бауыржан Жақып
Кім келіп, кетпеген қасиетті Жамбыл ата ауылына… Өлең-жырдың дариясына сүңгігендей болған шетелдік марқасқалар, бүкіл жер жүзі “сілкісе шапанынан өлең шумақтары төгілген” ғажайып абыздың атына мадақ сөздерін арнағанын мұрағат ақтарғандар анық аңғарар еді. “Өтті дәурен” дегенмен де кешегі әдебиет классиктері Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов тектестердің ізі қалған Жамбылдың жасыл бағы әлі жайқалып тұр. Осы ауылда ойнақ салып өскен, атаның көк теректерінің арасында жасырынбақ ойнаған талай ойлы ұл-қыздар жыр шуағына жылынып, Жамбыл жәкем жолына түсуге талпынды.
Ақын ата ауылының ауасын жұтып, суын ішкен перзенттер арасынан үзіліп шығып, әдебиет әлеміне құлаш ұрғандарға қанығып келемін. Жамбылдың ұстазы Сүйінбай ақын ауылының перзенті болған соң біз де жазу-сызу өнеріне құштарлықпен өстік. ҚазМУ-дің филология факультетін тамамдадым. Диплом жұмысым Жамбылдың шәкірті, Қазақстанның халық ақыны Әбдіғали Сариевтің шығармашылығы жайында еді. Фольклорист ғалым Сұлтанғали Садырбаевтың бағыттауымен Сариевтің айналасындағылармен тегіс таныстым. Ғылыми жетекшім түрколог ғалым Мырзатай Жолдасбеков дипломдық жұмысыма жоғары баға беріп: “Сүйінбай мен Жамбылдың қыруар шығармаларын жинақтап, жазып та, ауызша жатқа айтып та әдеби айналымға қосқан солардың құймақұлақ шәкірті Әбдіғали Сарыұлы болатын. Ол латынша да, бүгінше де жаза білетін. Диплом жұмысыңды кеңейтіп, болашақта кандидаттық еңбекке ұластыруыңа тілектеспін” деп ақыл қосқан еді…
Алайда оған отбасының жағдайымен орайы келмеді. Жеті-сегіз жыл үйсіз-күйсіз пәтер жалдап тұрдық. Бала бағып, қамыр илеп, қонақ күтіп жүріп ара-арасында екі-үш жинақ шығарғаныммен қолға қалам ұстау сиреп кетті. Сүйікті немереміз Үмітжан Әбділдаева біз жетпегенге қол созам деп қазіргі заман ағымындағы журналист санатында үміт дүниесімен талпыныс үстінде.
Жамбыл ауылының келіні болғаннан кейін осы топырақтан шыққан, абыз ақын жолын жалғағандарға құлақ түріп жүретінім бар. Оның үстіне менің жұмыс ретім республикалық мемлекеттік Кітап палатасымен тоқайласты. Ал ол мекеме республикада басылып шығатын барша газет-журнал, кітап біткенді қабылдап, әрқайсына аңдатпа жазып, карточка толтырып отырады.
– Әй, Баян, сен келін болып түскен Жамбыл жәкең ауылынан жазыпты, – деген сүйінші сөзді бөлімдегі қыз-келіншектерден естіп, бір көтеріліп қалатынмын ғой…
Былай да білетін, баспасөзден де ұдайы оқып тұратын қасиетті Жамбыл жәкемнің ауылынан атойлатып шыққан ақын-жазушылар аты-жөні қалайда жаныма жақын. Жамбыл даңқы арқаландырған, жарқын жырлары жебегендер қатары көп, өте көп. Әлімқұл Жамбылов, Тілепалды Жамбылов деген тізімді Орысбай Әбділдаұлы, Мағрипа Шөжеғұлқызы, Сейітхан Молдахметұлы жалғастырса, тағы соларға Нағашыбек Қапалбек- ұлы, Жұмабай Шаштайұлы, Рафат Әбдіғұлов қосылуға қақылы. Содан соң Қайрат Күлменов, Дәулен Жапарқұлұлы, Баян Болатқанова, Марат Құрманқұлұлы, Роза Сейілхан болып әрмен қарай созыла түседі. Бұлардың алды қырық-елу шақты, соңы екі-үш жинақ шығарып үлгергендер.
Құт қонған аруақты ауылдың келіні ретінде абыз жыраудың жаңғырығындай арқалы азаматтарды қаламыма арқау ету бақыты бұйырғанына тәубе деймін.
…Әлекең – Әлімқұл Жамбылов ән-жырдың, толғаулардың хас шебері еді. Әлқиссасын әңгіме арасында көп айтылатын «Екейде елу бақсы, сексен ақын, жаратып мінеді екен ерттеп атын. Қобызы, домбырасы, сыбызғысы, гулейді оркестрдей кешке жақын» деп бастап алып:
Мен – Әлімқұл, Жамбылдың немересі,
Өлеңнің ұшан-теңіз кенересі.
Артына бізге мирас сөз қалдырды,
Айтсын деп немере мен шөбересі, – деген өзін таныстыру рәсімін ұмытпайды-ақ. Атасының телегей-теңіз толғауларын ел құлағына салудағы еңбегі ерекше. Жамбылдың мөлтек көшірмесіндей Әлекеңнен тәлім-тәрбие алған Есенқұл Жақыпбеков пен Ақан Әбдуәлиев алысқа шапты емес пе?! Сахнада сұлу сақалын саумалап қойып:
Сәлемін үлкен-кіші қабыл қылдым,
Адамды сәлемінен танып жүрмін.
Мал емес, мансап емес, ел-жұртымнан,
«Ассалаумағалейкум» алып жүрмін, – дегенді шегелеп айтып, кең дала, ен жайлауды жұрт алдына жайып салатын шежіре көкірек кісі әрқашанда өзіне бата-тілегін арнаған тәтесіне адалдықтан тайған емес. Жырын жаттап, әуен-мақамдарын баз қалпында орындауымен де ел жүрегін елжірете білді. Жамбыл сарынына салып:
Мәңгілік мына халқыңа,
Жырларың қалды аманат.
Атыңды алды ауылың,
Даңқыңды сенің бағалап, – деп қарлығыңқы дауысымен әуелетіп келіп басқадай мақамға дереу ауысатыны аққаптал айтыс ақындарының дәстүрін еске түсіреді. Екпіндетіп те, баяулатып та үнін құбылтатыны өзіне баурап алады.
Өзіңізден бата алған,
Немереңіз мен едім.
Дұшпанға оқ боп атылған
«Ленинградтық өренің!»
Жаттап бүгін айтып жүр,
Бекмұраттай бөбегің.
Жалғасады артың деп,
Ақындарға сенемін! – дегені бекер емес. Жамбыл жырының туы желбіреген жерден жаһанға жар салып Тілепалды Жамбылов та поэзия көгінде жарқырап көрінді. Құрманғазы атындағы мемлекеттік өнер институтының түлегі мүлде бөлек стильде өлең өрнегін өріп, өзінше жол тапқаны тосын нәрсе болды. Кез келген табиғат суреттерінен құбылыс тауып, өзгеше жырлауы аға буын қаламгерлерге қатты ұнады. Ақиық ақын Ғали Орманов, ғұлама сыншы-ғалым Мұхамеджан Қаратаевтар алақайлап, сәт сапар тілеп, жинақтарына алғысөз жазды.
Табиғат жайған кілем жайлаудағы,
Тобылғы торы құлын байлаудағы.
Қайнатқан майлы құрттай бұрқылдатып,
Ақ бұлақ атқып жатқан қойнаудағы, – деп келетін жыр жосындары Жамбыл жәкем сайран салған Майтөбе баурайындағы Бесқоныс, Көктекше, Аққолтық, Асусай сияқты қордалы қоныстардың қойнау-қойнауына жетелейді. Өнер институтынан білім алған оның көркемдікке көз тігуі тегін емес. Сыншы-ғалым атап көрсеткендей: “Тілепалды негізінен өлеңнің ішкі иіріміне күш салады… Ешкімге ұқсамас өзіндік өрнегі бар жеке даралық суреткер биігіне ұмтылады…”
Зымыраған мезгілмен
Домалап күн, ай қалар,
Самала сүйіп аймалар
Мүк басқан жүзін әжімді
Жаңбыр жуып шаймалар.., – деп жыраулар дүбірін байқатар тағдырлы тарғыл шақтар туралы толғап кеткені сыншы ғалымның уәжін бекемдей түседі. Расында кәнігі суретшінің талғам таразысынан туындаған пафосты өлең өлкесіндегі ақын әсіресе өзгелерге таңсық “лирикалық живопись”, “ронда”, “поэма — эмфаза”деген сықылды өзіндік таңбалармен ой-қиялына ерік береді. “Мақсат”, “Жүрек әні”, “Ұзақ күткен күн” атты жарық көрген кітаптар жаңа ұғым, құйынды құбылыстарға толы.
Осы арада бір қызғылықты нәрсені айта отырғанның артықшылығы жоқ деп ойлаймын. Сонау бір жылдары Тілепалды қосағы, ғалым, термеші Алма Қыраубаева екеуі Алматыдан Жамбыл ауылына көшіп барып, бірер жыл тұрып, алаңсыз шығармашылықпен айналысты. Міне, сол тұста ғой Тілепалды шабыттанып, небір шалқымалар жазды. Жамбыл мен Тоқтағұлға арнап:
Біздер биік, биікпіз,
Тәкаппар кеуде, өр намыс,
Басты кімге иіппіз?!
Жүректегі бұлақтай
Тартып кетпес ұйықпыз.
Өлеңіміз қылтиған
Бәйтеректей көкке де
Көктеп шығып тиіппіз.
Дүниенің бетінен
Қыз екен деп алғашқы
Шөпілдетіп сүйіппіз, – деп шартарапты шарлап келіп, ұзын сонар толғауын:
Тірі кезде тіл алмас
Ерке тектес есі бар
Өрт іздеген күйікпіз.
Өзімізге қол жетіп
Алтыны бар әлемнің
Түйіншегін түйіппіз.
Жолыққанның бәріне
Көңілімізді таудай ғып
Артын білмей үйіппіз…
Кеңпейілді жүректің
Шындықты айтар күшімен
Біздер биік, биікпіз – деген пәлсапамен түйіндейді. Нағыз Жамбыл тәтесінің тәртесін тартып, доғасын иген деген осы еркіндіктен байқалса керек-ті.
Жамбылдың келіні дереу қаламын сайлап, дауыс жазатын құралын оңтайлап тыным тапқан жоқ. Ескі көздерден суыртпақтап абыз ақынның ән-әуендерін, мақам, сарындарын үнтаспаға түсірді. Қорытындысында “Жамбылдың келіндері” және “Жамбыл салған ән еді” атты еңбектері ел қажетіне жарады. Өзі құрастырып жазған Жамбыл келіні “Жамбыл салған ән еді” (“Жеті жарғы” баспасы, 1996 ж.) кітабында: “Жәкеңнің кей әуендері қырғыз ырларымен сарындас болып келеді… Ал, “Алғадайды жоқтауы ” ноталы кітапқа екі түрлі әуенмен берілді. Бірін ескілікті сарынмен орындаған қаламгер Орысбай Әбділдаұлы. Бұл оған Әлімқұл ағадан және жыршы-термеші Аяз Бетбаевтан жұғысты болыпты” деп ән, терме, әуен-жырлардың шығу төркінін, оны орындаушылардың аты-жөнін атайды.
Алма Қыраубайқызының тіліне тиек болған Орысбай Әбділдаұлы да ақын атындағы ауылдың төл тумасы. Қолына қалам ұстағалы бері Сүйінбай, Жамбыл жырларынан нәр алып, өлең – өнер аспанына шарықтаумен келеді. “Желмая Жәкем жырласа”атты кең тынысты толғауында Жамбыл – жыр тауының тұлғасы менмұндалайтынын сыршыл ақын Қанипа Бұғыбаеваның:
Ақын, әнші, палуан,
Қырларың бар алуан.
Асығып арман асуға
Жасынға жігер жаныған.
Қаламгерсің өнердің
Асылын ерте таныған, – деп бағалауы бекер емес. Баспасөздің барлық буындарында тер төгіп, шығармашылығы шарболаттай шыңдалған Орысбай проза мен поэзияда тең шарқ ұрды. Сол қос жанрда да Жамбыл жерінің – Жамбыл елінің құдіретін көкке көтерді. Ішкен су, татқан дәмін ақтады. Жамбыл бағында асыр салып өскен ұлан:
Шық түсіп, мөлт-мөлт тұнған шөптің басы,
Сонырқап қой қаптаған өріс қайда?!
Майтөбе – алуан гүлдер көк тұнбасы,
Өкпелеп жүрсің бе әлде Орысбайға?! – деп қозы бағып, қой қайырған балғын күндерін де ұмытпайды.
Әлемге аты жайылған,
Аққуды әнмен қайырған.
Жебеп жүрген киесі,
Ақпа жырдың иесі,
Көк жайлаудың төресі –
Сүйінбай, Жамбыл жері осы! – деген тебіреністі қайырмасы бар, бұл күндері республиканың түкпір-түкпіріне Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ұлар үнді Ұлжан Айнақұлованың айтуымен әйгілі болып кеткен Жолдасхан Құрамысовтың «Майтөбе» әнінің мәтінін жазған Орысбай Әбділдаұлы, сондай-ақ, жол-жоралғы, салт-дәстүр жырларын жамиғатқа ұсынғанымен де көпке мәлім. «Ақ баталар кітабы» ақынның атын аспандата түсті. Туған ауылы – Жамбыл мұражайы орналасқан қонысқа 80 шақырымды 80 жасында жаяу жүріп барып, байырғы спорттық бабында екенін байқатты. Ол бастаманы «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Алматы ақшамы» және «Жетісу» газеттері айшықтап тұрып жарнамалады. Жаяу жүру – денсаулық кепілі екенін сөйтіп ел-жұртқа әйгіледі. Ал оның Жамбыл жырымен қозданып жан-тәнімен аңыз атаға ықылас қойып қалам тербеуі әсте тежелген емес.
Өлкенің өжет өскіні,
Өлеңнің ғажап көшкіні.
Жарқылдап жырлап жаңаны,
Шегелеп шерткен ескіні, – дегені құлаққа қандай жылы тисе:
Толайым қисса тербеген,
Құлашын кеңге сермеген.
Қым-қиғаш қырғын айтыста,
Пендеге тізгін бермеген. – деуінде де шындықтың шоғы лаулайды. «Жамбыл – жыр жаңбырдың» тобықтай түйіні:
Толассыз дастан толғаған,
Танбаған бүлкіл, жорғадан.
Еренсіз еркін ел-жұртын,
Жауынгер жырмен қорғаған!
Ақын ата рухын көкке көтеруге күш-қайратын сарқа жұмсап жүрген Орысбай қаламының от-жалыны отыз шақты жинақтарын парақтағандарға анық-қанық байқалады.
Жыр құндағын тербеумен өз бағыттарын айқындаған Жамбыл ауылының перзенттері Сейітхан Молдахметұлы, Марат Құрманқұлұлы, Роза Сейілхан да хал-қадірінше Жамбылдың жыр дәстүрін жалғауменен жұрт назарына ілікті. Мәселен, тұғырлы тұлға, танымал ақын Тұманбай Молдағалиевтен бата алған Сейітхан Молдахметұлы:
Қызырлы, құзырлы ақын Жамбыл бабам,
Бораған отты жырың жаңбырлаған.
Өзіңнің ұрпағың боп жаралғаным,
Бармақтай берген бағы тағдыр маған, – деп Аллаға шүкіршілік етсе, Марат болса:
Өлең жырдың өлкесі,
Сүйінбай, Жамбыл асылдар.
Ақындардың серкесі,
Ақындар мен батырлар,
Дүбірлеткен жер төсі
Тізілген сонау таулардың
Тілдескен көкпен өркеші, – деу арқылы қазақ, қырғыз ақындарының, Алатау сілеміндегі ханжайлаулардың тылсым құпияларын тақырыбына талғажау етеді. Туған ауылында тапжылмай мұғалімдік міндетті мойнына артқан ақын жүрек, Марат қаламы қаңтарылып қалған емес. Жамбыл ауылының бір қапталындағы Әбдіразақ Мәмиев атындағы мектептің директоры: «Иә, пірім Жамбыл ақын қолдай гөр!», – деп ата рухына сыйынып қойып, жыр ошағына от тастаудан жалықпайды.
Тас-талқан етті миымды ой,
Айталмай жүрмін түйінді ой.
Ақымақтығың түк емес,
Ақын боп туған қиын ғой, – деп, енді бірде:
Көнгенмін, талай көнгенмін,
Тағдырдың сыйын қабыл ап.
Өлеңнен өрнек өргенмін,
Жалындай жырға жанып ап, – дейтін жаны жібектей нәзік Роза Сейілханның мектепке бара жатып ақын атаның мүзейіне жаудырап қарап өтетіні қызық еді. Ақын аруағына сыйынып қана қоймай қойын дәптеріне әлденені түртетініне, кейін оқушы жүрегінде қордаланып, жыр көгершінінің пыр-пырлап ұшатынына сыныптас құрбылары да, перзенті үшін шыбын жанын қиюға бар аяулы Жолтай анасы да куә.
Бұлақтан су тасыған бұла күнім,
Сылдырап құлағымда тұрады үнің.
Түсімде көргенімді апама айтқам,
Жамбылдай атамызды – жыр алыбын!
Әдетте, аруақты адамдардың түске енуі ырымға жақсы. “Мендегі бір әлем”, “Ақ бұлақтар” өлеңдер жинағының оқырман қауымның қолына тиіп, жылы лебіздер легінің көп болуы Розаның сол бір түндегі көрген түсіне байланысты болуы да әбден мүмкін…
Қара сөздің қамшыгерлері де ата рухына, ардақты ауыл аужайына айналып соғып, ақжарма көңіл-күйлерін ақ параққа ақтарып тұрады. Нағашыбек Қапалбекұлы «Жамбыл – толғау», Жұмабай Шаштайұлы «Жыр – жолбарыс» туындысын толайым жұртқа ұсынды. Рафат Әбдіғұлов Жамбыл дастандарының кезінде заман құбылысына қарай қысқартуға ұшырап, мән-мағынасының бұзылғанын зерделеп, текстологиялық зерттеулер жүргізіп, бастапқы қалпына келтірумен шұғылданды. Өзі он жылдай Жамбыл мұражайында ғылыми қызметкер болғандығының пайдасын көрді. Әуезовтанушыға Сүйінбай, Жамбыл мұраларына терең үңілу соншама қиын соқпаса керек…
Ұлы жыраудың мүлдем басқа қырынан олжа тапқан физик ғалым сатиралық шығармаларымен көпке таныс-тұғын. Яғни, Мағрипа Шөжеғұлқызының әдеби-мәдени білім-танымы айналасын таңырқатумен жүрді. Оның бір шығармасы Жамбылдың әулиелігі мен көріпкелдігіне терең байланысты. Жыраудың сан қырлылығын деректермен дәлме-дәл дәлелдеген Мағрипаның қызы Шарафат Жылқыбаева анасының ақ сүтін ақтап, бүгінде тіпті шет жұрттықтарды тәнті ете бастады. Жапонтанушы Шарафат Жамбыл феноменін жапон баспасөзінде паш етті. Оның осы мемлекет тіліндегі Жамбыл жайындағы жазбаларын жер жүзінің ақпарат көздері жалаулатып, іліп әкетті. Әнеки, Жамбыл жырының құдіреті!
Сиясауыт, қаламсыз,
Сөз қозғаған домбыра!
Кітап, дәптер, қағазсыз,
Ой қозғаған, домбыра! – деп қос ішектің дірілімен телегей-теңіз жыр толғайтын ақиық ақын ауылынан қолына қалам алып, елдің, жердің қадір-қасиетін көпке жеткізуге асығатын небір жүйрік журналистер қауымын қалай айтпасқа. Баймолда Мұса, Фермахан Шоева, Еркін Құтпанбаев, Нұрманбет Қизатұлы, Күмісжан Байжан, Мейірбек Оспанов десе, газет-журналды қадағалап жүретіндердің елең ете қалатыны анық…
Жанына қаламды серік етіп, Жамбыл – жырдың қызуына жылынып, сөздің сиқырына байланған абыздың ауылдастарын ғана алға тарттық. Жамбыл атындағы мектептен білім алған Нұртай Әбіқаев бастаған мемлекет және қоғам қайраткерлерін санамалай берсек, тым алысқа тереңдеп кетерміз. Нұрғиса Тілендиев сияқты өнер майталмандары, әйелдер күресінен әлем жеңімпаздары, егіз қыздар Мәлике, Жәмилә Бақбергеновалар тәрізді спорт саңлақтары, академик Төлеген Қожамқұлов секілді ғылым ғұламалары Суықтөбе, Майтөбе, Көктөбе жақтан салқын самал есіп тұратын тау баурайындағы қасиетті ауылға көз талдырып қарап, Жамбыл ата жырларын күбірлеп айтып, көңіл демейтіндері сөзсіз.
Әйгілі композитор, күйші Нұрғиса Тілендиев халы мүшкіл тарта бастағанда Жамбылдың зиратына зиярат ете барып: «Күнім тәте, қасыңнан ұлтарақтай орын бер, аруағыңды қарауылдап жатайын» деп басын иген еді. Бұл сәт теледидардан да көрсетілді. Тілегі қабыл болып, екі әулие қатар жатыр. Тума таланттар тоғысқан Жамбыл ақын ауылын қалай қасиетті, киелі мекен демейсің…
Баян АНАРБЕКОВА,
филолог, библиограф, ақын





