Ұйғыр ауданының Дардамты ауылдық округінде «Алтын руно» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Аймақтағы малшылардан қабылдаған қойдың жүнін шуаш пен кірден тазартып, көршілес Қытайға жіберумен айналысатын зауыт 13 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылына 500 тонна жүнді экспортқа шығаратын кәсіпорын Райымбек, Кеген, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарының малшыларынан қой жүнін қабылдайды.
Жер астынан шығып жатқан ыстық суды жүн жууға жұмсайтын кәсіпорында жұмыстың бірнеше саласы бар екен. Алдымен әкелінген жүннің түбіті мен қылшығын ажырататын жерде көбіне әйелдер жұмыс істейді. Біз барғанда Алтын Әбдиева, Дүйсенкүл Жотаева, Жәмила Тохтахунова, Сурен Мұсаева, Эльмира Иминова сынды келіншектер ақ қой мен қара қойдың жүнін іріктеп жатты. Әйелдердің жұмысы күніне 10 тонна жүнді 4 сортқа бөліп, іріктеуден тұрады. Сол арқылы ақ қойдың жүнін қара қойдың жүнінен ажыратып, қылшығы мен түрлі тікен, ошағанын, қатқан құмалағын бөлек тастайды. Ең сапалы, жіп иіруге келетін түбітті жууға жібереді.
Екінші сала – жуу бөлігінде Юлдаш Мамедбакиев, Руслан Мисалимов, Магеллан Акимов сынды жігіттер жүнді сода қосылған сабынды сумен жуып, арнайы қысыммен сығатын бірнеше сатылы науадан өткізеді. Аппақ көбігі шығып, шаңы мен шуашы кеткен жүн одан соң келесі сала – кептіру бөліміне шығарылады. Онда суы сығылып, тазарған жүн бірнеше сағат бойы ыстық ауамен кептіріледі. Одан кейін жүнді арнайы қысымды құрылғымен қапқа сығымдап салу бөлімі жұмыс үрдісінің соңғы кезеңі іспетті. Яғни қапқа салынып, дайын болған өнімді жүк көлігіне тиеп, жететін жағына жіберу осы бөлімнің міндеті.
Бізге кәсіпорынның жұмысын таныстырған шаруашылық меңгерушісі Дилшат Убайдуллаев пен техникалық директоры Қалмұрат Жақыпов аумағы қоршалған зауыттың дайын өнімі – 200 келі тартатын қаптарды жүк көлігіне өздері тиеп, аттандыратынын жеткізді. Ал, айына 200 мың теңге жалақы алатын жұмысшылар жатақхана, монша, демалыс бөлмелерін тегін пайдаланып, 3 уақыт тегін тамақтанады.
М. Әсетұлы





