Талдықорған: +13°C
$ 466.33
€ 538.47
₽ 5.90
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАНСАРАЙ

ЖАНЫ ЖОМАРТ ЖАНДОС

30.10.2021
ЖАНСАРАЙ
ЖАНЫ ЖОМАРТ ЖАНДОС
WhatsAppTelegramFacebook

«1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде Балқаш ауданының Бірлік ауылындағы 10 отбасы баспаналы болды» деген ақжолтай хабарға елең ете қалдым. Назарымды аударған он отбасының қуанышты болып жатқаны ғана емес, ең алдымен сол қайырымдылықты жасаған азаматтың аты-жөні болатын. «Ол ауылда негізінен қайырымдылықпен айналысатын атымтай жомарт азамат Әбдіжаппар Қыстаубаев еді, тегіне, яғни фамилиясына қарағанда бұл жігіт Әбекеңнің баласы болды ғой. «Жақсыдан жақсы туады, тектілік тұқым қуады» дегеніміз де осы шығар. Алғашқы аршынды қадамын осылайша ел алғысын арқалаудан бастағаны жөн екен» деген ой көңілімізге оралған.

Бұл тұжырымымыз рас екен. Жандос шынында да Әбдіжаппар бауырымыздың баласы, Әбекеңнің өзі құрметті президенті болып табылатын «Агрофирма «Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еншілес кәсіп-орны – «Бірлік АЖА» ЖШС-нің бас директоры болып шықты. Ауылға жұмыс ыңғайымен бара қалғанда Жандостың өзімен жолығып, еркін әңгімелесудің сәті түсті. 
Алғашқы сұрағымыз 1 мамыр мерекесінде үйлі болған он отбасыға қатысты қойылды. 
– Мүмкіндік болып тұрса қиналғанға қол ұшын созып, ағайын-туған мен ауылдастарыңды қуантқанға не жетсін?! Мен де орайы келіп тұрғанда осы шаруашылықта көптен бері жұмыс істеп келе жатқан ауылдастарымды қуантқанды жөн көрдім. Бұл шараның ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өтіп жатқан «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасына орайлас келгені де көңілден шыққан шаруа болды, – дейді Жандос байыппен. 
Осы жерде қайырымдылық шарасының мән-жайына тоқтала кеткен де артықтық етпейтін тәрізді. Нақтырақ айтатын болсақ, жоғарыда сөз болған 10 отбасы бұған дейін де агрофирма меншігінде болған үйлерде тұрып келген екен. Жандос болса бұл үйлерді ешқандай сату-сатып алу келісімшартынсыз сол отбасылардың меншігіне тегін беріпті. Фирмада 15-20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан көпбалалы отбасылардың отағасы Жарбол Бақбергенов пен Таңбай Ниетқабылов, Мұхтар Дүмшебаевтар мұндай тосын сыйлыққа дән риза.
Сөз орайы келгенде Жандостың үш жыл бұрын қарамағында жұмыс істейтін 7 отбасына осындай қуаныш сыйлағандығын да айта кетейік. Пандемия өршіген кезеңде ол қай жерде жұмыс істейтіндігіне қарамастан жағдайы осалдау деген ауылдастарына азық-түлікпен де көмектесіпті. Айналасына ізгілік нұрын таратып, қарамағындағы жұмысшыларға, барша ауылдастарына барынша қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкер азамат осындай жақсы істерінің нәтижесінде 2020 жылы «Асыл жүрек» аталымының иегері атанып, арнайы марапатқа ие болды.
 
Отызында орда бұзды

Жандос Әбдіжаппарұлының өмірбаянындағы басты бір ерекшелік – ол 1991 жылы, еліміз тәуелсіздік алып жатқан бақытты кезеңде дүниеге келіпті. Одан өзге де ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ, ол басқа құрдастары, курстастары секілді жоғары оқу орынын бітірген соң Алматыда қалуға немесе Астанаға жол шегуге тырыспай өз қалауымен бірден өзі туып-өскен ауылына оралыпты. 
– Осы ауылда туып-өсіп, 2008 жылы Бірлік орта мектебін тамамдадым. Қазақ ұлттық университетінің экономика факультетіне түсіп қаржы мамандығын меңгердім. Курстастарымның көпшілігі студенттік өмірдің, үлкен қаланың қызығына тоймай жүрген кездері мен ауылға асығып тұратынмын. Содан кейін де шығар, каникул кездерінің өзінде үйге келіп, шаруашылықта жұмыс істеп жүрдім, – дейді Жандос қызықты шақтарын еске алып.
Табиғатпен тел есейіп, дала таңының арайланып атуына, әсем кешінің алаулап батуына тамсана қараудан талмайтын ауыл баласы әдетте арманшыл болып өседі. Сондай жерде өскен балаң жігіттің де үлкен арманы – әкесінің жанында жүру, папасы жақсы көретін жүйрік аттарды тізгіндеп, аламан бәйгелердің алдында келу болыпты. Қазір де ол осынау үлкен арманының орындалғанына дән риза.
Білгір басшы, білікті жетекші болу үшін шаруашылықтың әр саласын, ондағы әрбір жұмыс үрдісін бүге-шігесіне дейін білуің керек. Болашақ маманның сол студент кездерінде атқарған жұмысы мен диплом алып келгеннен бастап есепшілік, экономистік қызмет атқаруы, уақыт өте келе шаруашылық директорының қаржы жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалуы оның бұл талап үдесінен шығуына айтарлықтай оң ықпал етті. Бүгінде ол өзі басқаратын серіктестікте ғана емес, жалпы «Агрофирма «Бірлік» ЖШС-інде атқарылатын барлық жұмыстардың қыр-сырына қанық десек, ешбір асырып айтқандық бола қоймайды. Содан кейін де ол 2015 жылы мал шаруашылығымен ғана айналысатын «Бірлік АЖА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, басқару тізгінін қолына ұстағанда, жұмыстың жүріп, серіктестіктегі мал басының аман сақталуына, өсіп-өрбуіне қатысты барлық жауапкершілікті өзіне алғанда еш қобалжыған жоқ. 
Үлкен жауапкершілікті ұлының мойнына жүктеген әке түйсігі мен Жандостың өзіне деген берік сенімі алдамаған екен. Бас-аяғы бес-алты жылдың ішінде серіктестіктің жұмысы өркендеп, мал басы мыңғырып өсті. Бұл тұжырымымыздың ақиқаттығына бүгінде шаруашылықта 3 мың басқа жуық ірі қара, 5 мың басқа жуық қой-ешкі бағылатындығын, жылқы түлігі агрофирма балансында болғанымен оның бағымына да Жандос басқаратын серіктестіктің жауапты екендігін айтсақ айқын көз жеткізуге болады. Осы жұмыстардың барлығымен жүзге жуық жылқышы мен бақташы, аға, көмекші шопандар айналысады.
Серіктестік мал етін экспорттаумен тікелей айналыспаса да бағымындағы малын Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары арнайы келіп көптеп алып кетеді екен. Былтыр Қырғызстаннан келіп тірідей мал алып қайтқандар болыпты. Жақын ауылдар мен аудандардан келетіндер бұл есепке кіріп те отырған жоқ. Мұндай сауда алдағы желтоқсан айына қарай қайта жанданады деп күтілуде. Малды осында сойып, етін әкетем дегендерге шағын болғанымен арнайы жасақталған орын қызмет көрсетеді.
Көпшілікке белгілі кәсіпкер, білікті басшы, қайырымды азаматты өңір жұртшылығы аудандық мәслихатқа депутат етіп сайлады. Сенім мандатын ол «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан алған болатын. Іскер жас қазіргі кезде аталған партияның аудандық филиалына жетекшілік етіп отыр. Тіл-көзіміз тасқа, «отызында орда бұзды» деп осындай арда азаматтарды айтатын болар деп ойлаймын. Олай болса кезегімен келетін басқа асуларының да осылайша биіктеп, табысты, жемісті бола беруіне тілектестік білдіргеніміз жөн шығар. 

Малды мотоциклмен түгендейді

Бізді ең бір қызықтырғаны, тіпті сүйіндіргені деп айтсақ та болады – малшыларға жасалынған қолайлы жағдай болды. Серіктестік бақташылары мен жылқышыларына, шопандарына бағымдарындағы мал басына қарай 100 мың теңгеден жоғары жалақы төленеді екен. Әр малшының көмекшісіне, яғни зайыбына төленетін бөлек жалақы тағы бар. Оған қосымша ретінде әр тоқсан сайын ұны мен күріші, қыстыгүні малшы үйіндегі отын-суы мен көмірі тегін беріледі. 
Осы жерде агрофирма директорының бірінші орынбасары Аршын Жақыповпен егінжай басында болған әңгіме ойға оралды.
– Күзге қарай фирманың әр жұмысшысына шаруашылық есебінен 20 орама жоңышқа тегін, оған қосымша тағы 20 орама шөп 1000 теңгеден арзан бағаға беріледі. Бір орама шөптің нарықтағы бағасының 5-6 мың теңге екендігін ескеретін болсақ, бұл жеңілдіктің қаншалықты толымды екендігін байқауға болады, – деген еді Әрекең мақтаныш сезімімен. – Ал агрофирмада жұмыс істемейтіндерге, яғни мектеп мұғалімдері мен әкімдік қызметкерлеріне, зейнеткерлерге берілетін тегін жемшөп 5 орама мөлшерінде. Бірақ олар қосымша 30 орама шөпті 2 мың теңгелік арзан бағамен сатып ала алады.
Айта берсе серіктестік жұмысшылары мен ауыл тұрғындарына берілетін мұндай жеңілдіктер жайын ұзыннан ұзақ тізе беруге болады. Мәселен, агрофирма ауыл тұрғындарының жекеменшік малының бағылуына да айрықша қамқорлық жасап отырады. Ондай жекеменшік малды бағатын малшының ат-көлігі мен оған беретін жемшөбі, құм ішіндегі үйі мен жалақысы да шаруашылық есебінен қамтамасыз етіледі. Ондағы мақсат – шаруашылық жұмысшыларының қауырт науқан кездерінде басқа тұрмыстық жайттарға алаңдамай қарқынды еңбек етуіне барынша жағдай жасау және жекеменшік малдың бағусыз, қараусыз қалып егістік алқаптарын бүлдіруіне жол бермеу. Көріп отырғандарыңыздай, бұл жерде ауыл тұрғындары мен шаруашылық жұмысшыларының, агрофирманың мүддесі ортақ бір нүктеде тоқайласып тұр. Бұл арада егістікпен айналысатындардың күзгі сабантой кезінде, науқан аралығында қанша сыйлық алып жататындарын айтпай-ақ қояйық. Қазіргі кезде мұндай сыйақылар ақшалай тапсырылса, бұрындары жыл қорытындысында берілетін жүлдені автомашина көлігі бастайтын. 
«Агрофирма «Бірлік», соның қатарында Жандос басқаратын «Бірлік АЖА» серіктестігі де бар, ауылда тұратын кейбір табысы аз отбасыларына 1 қыркүйек – Білім күні мен Балаларды қорғау күні қарсаңында, ардагерлерге Қарттар күні мен Жеңіс мерекесінде көмек көрсетіп, арнайы дастарқан жайып тұруды әдетке айналдырған. Аудан, облыс көлемінде өтіп жататын спорттық, мәдени жарыстарға балалар жіберу, қайырымдылық жәрмеңкелерге қатысу жайы да дәйім назарда. Іскер азамат бұл орайда «Сарқылмасын мейірім, ең бастысы – пейілің» деген халық даналығын басшылыққа алады.
Өмір болған соң неше түрлі күтпеген жағдайлар, соның ішінде айтып келмейтін қайғылы қаза да орын алып жатады. Ондай тосын жағдайға ешкімнің алдын ала дайындалмайтыны бесенеден белгілі. Содан кейін де бірқатар отбасылар бастарына жаңағыдай іс түскенде қиын жағдайда қалады. Сондай кездері шаруашылық қайғыға тап болған отбасына ірі қара қажет болса ірі қара, жылқы қажет болып жатса жылқы беріп, көмек қолын созып отырады екен. 
Тағы бір бөліп айта кететін мәселе – шаруашылықта озық техниканы, соның ішінде өркениет жетістіктерін пайдалануға да мән берілетіндігін байқадық. Мәселен, біз әңгімелескен мамандар жаз кезінде күріш чектеріне судың біркелкі жайылғандығына көз жеткізу үшін дрон пайдаланылатындығын мақтанышпен мәлімдеді. Сол сияқты, бұрындары жылқы қайырып, оны түгендеу үшін ат көлігі пайдаланылатын болса, бүгінде малшылар жылқыны түгендеуге мотоцикл мініп шығады екен. «Мотоцикл жақсы болды. Бұрындары малшыларымыз жылқыны түгендеуге бірнеше күн жұмсайтын болса, қазір бұл жұмысты мотоциклмен бас-аяғы екі-үш сағаттың ішінде атқарады. Ондай жүрдек көлік те серіктестік есебінен сатып алынады», – дейді Жандос. 

Халық қалаулысы

Іскер азаматтың өткен сайлауда аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланғандығын жоғарыда айтып өттік. Соған орай оны халық қалаулысына жүктелетін ерекше міндет, депутаттық парыз жайындағы әңгімеге тартқанымызбен Жандос бұл әңгімеге онша тереңдей қоймады. 
Әрине, қазіргі кезде әр депутатқа көпір немесе жол салып, ауызсу құбырын тартып бер дегендей айрықша бір аманат жүктеле қоймайды. Десек те оны ұсынатын саяси партияның өзіндік сайлауалды бағдарламасы, яғни сайлаушыларға берген уәдесі болады. Сол бағытта жұмыс атқарып, бағдарламаны орындауға күш салу қай деңгейдегі депутаттың болсын қасиетті парызына айналмақ. 
– Өзім мүшесі болып табылатын «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы аудандық филиалының төрағасы болып сайланып, сол партияның атынан депутаттыққа өттім. Партиямыздың бағдарламасында көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны көбейту, зейнетақы жасын азайту сынды көптеген игі мақсаттар бар. Бұл мәселені облыстық деңгейде өткен отырыстарымызда кеңінен талқылап отырамыз. Ал Қазақстан бойынша көпбалалы отбасылар негізінен ауылдық жерлерде тұрады. Отандастарымыздың қатарын көбейтіп жатқан да солар. Сол үшін де соларға үй беріп, қолымнан келген көмегімді көрсетіп жатқан жайым бар, – дейді ол бұл мәселенің төңірегіндегі әңгімені қысқа қайырып.
Осы жерде Әбекеңнің – Жандостың әкесі Әбдіжаппар Қыстаубаевтың да көп жылдар бойы облыстық мәслихаттың депутаты болып игілікті істер атқарғандығын, өткен сайлауда облыстық мәслихат қатарына қайта сайланғандығын да еске сала кетейік. 
Иә, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларына көрсетілген көмек түптеп келгенде бүкіл қандастарыңа көрсетілген көмек саналады. Іскер азамат ондай көмекті, қайырымдылық, ізгілік шараларын, жоғарыда айтып өткеніміздей, аз көрсетіп жүрген жоқ. Ендеше нақ осындай халық қалаулылары, қай кезде де жақсы істерге жанашыр болып жүретін қайырымды жандар арамызда көп болсын деп тілейік. 

Жүлдегер

Жоғары оқу орынын бітірген Жандостың басқа ештеңеге қарайламай ауылға оралуына, бір шетінен, жүйрік атқа мініп, бәйгеге шабуға құмарлығының да себеп болғандығын жоғарыда айтып өттік. Желден жүйрік жылқы баптауға деген ондай құштарлығы жыл өткен сайын күшейе түспесе кеміген емес. 
Сол құмарлығының арқасында бала кезінде талай рет бәйгеге шапты. Бәйге дегеніміз де баппен қатар бақ та шабатын спорт ойыны сияқты емес пе, жүлделі орындарды иеленіп, мерейі тасыған шақтары да, қалың шаң арасында қалып сан соғып қалған сәттері де болды. Бірақ жігері ешқашан жасыған емес, өзін-өзі қамшылап келесі бір аламан бәйгелерде қиқулап көп алдында жүретін. Сондай бір бәйге, өзінің алғаш атқа шапқан бәйгесі осы күнге дейін өзінің де, жақындарының да естерінен кетпейді.
Үшінші сыныпта оқитын кезі. Бәйге көршілес Миялы ауылында болыпты. Өз кезегінде жарыс жолына тай мінген балдырғандар шығады. Бірнеше айналымнан кейін мәре сызығы жақындағанда екі тай көп алдынан көрінеді. Жеме-жемге келгенде Жандос мінген тай озып бара жатады. 
Сол кезде соңында қалып бара жатқан баланың: «Ей, тоқта, тоқта, жөндеп жарысамыз» деген сөзі құлағына жетіпті. Баланың аты бала, солай деп айғайлап жатқан соң тоқтау керек шығар деп бұл тайының тізгінін тартады. Жанкүйер болып тұрған әкесі мен ағалары болса: «Қамшыла!», «Қамшыла!», «Тізгінді жібер», – деп айғайлап жатыр. 
Соңында қалған тай осы сәтті пайдаланып алдына түсіп бара жатыр. Сол сәтте бұл да қалып қалмаудың қамын ойлап жүйрігіне қамшы басқан. Абырой болғанда сәйгүлігі қайта алдыға шығып, мәреге бірінші болып жетіпті. 
Бәйге біткен соң бәрі «Ат тізгінін неге тарттың?», – деп күліп жатыр. Бұл болса «Ана бала мені күт, тоқта деп айтты ғой» деп ақталады…
Әкесі мен ағалары осы оқиғаны әлі күнге дейін күліп еске алып отырады екен. 
Жандос болса сол үшінші сыныпта оқитын кездегі аңқаулығынан, адамға деген сенгіштігінен, адалдығынан әлі күнге дейін айнымаған секілді. Әйтеуір біздің көзімізге солай көрінді. Бір шетінен адалдығынан айнымағаны дұрыс та шығар… 
Осы заманғы ауыл балаларының бойында да жүйрік атқа шабуға деген құштарлық бар секілді көрінеді. Қалай дегенмен де Жандос кіп-кішкентай балалардың ауыл ішінде тай мінбесе де есек жарыстырып жүргендерін талай рет байқапты. Сөйткен бүлдіршіндердің қасына тоқтап: «Ақша, конфет беремін, атқа шапқыларың келе ме?» деп қызықтырып та көрген. Біреуінің көзінен жылт еткен ұшқын байқап қалса ата-аналарымен сөйлесіп, тай-құнанға мінгізіп, мүмкіндігінше жақын тартып баулып жүреді. Кім біледі, болашақ аламан бәйгелердің жүлдегерлері де осы балдырғандардың арасында жүруі мүмкін ғой… 

Мерейлі отбасы 

Қыстаубаевтар отбасы осыдан бірнеше жыл бұрын «Мерейлі отбасы» байқауында Алматы облысы бойынша жүлделі бірінші орынға ие болды. Оған жеткілікті негіз де бар еді. Олай дейтініміз, көп жылдар бойы осы шаруашылықты басқарып, агрофирма жұмысының өркендеуіне негіз қалаған Әбдіжаппар Қыстаубаев аудан ғана емес, облыс аумағына белгілі іскер азамат, меценат болса, ол ағалық еткен әулеттің басқа мүшелерінің де тіршілігі тиянақты. 
«Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, «Ауылшаруашылығы саласының үздігі», Алматы облысы мен Балқаш ауданының Құрметті азаматы, Алматы облыстық мәслихатының Құрметті депутаты атанған Әбекең жекешелендіру тұсында бұрынғы Қазанның 50 жылдығы атындағы кеңшарды таратпай бүтін қалпында сақтап қалды. Бұл қадамының дұрыс болғандығын өмірдің өзі көрсетті. Бүгінде осы шаруашылықтың негізінде құрылған ірі агрофирма табысын тасқындатып, одан бірнеше еншілес кәсіпорын – серіктестік бөлініп шықты. Нақтырақ айтатын болсақ үлкен ұлы Мэлс поли-этилен қап, шпагат шығаратын заманауи зауыт ашса, ортаншы ұлы Алмас «Агрофирма «Бірлік» ЖШС-нің директоры. Қара шаңырақта қалған Жандостың мал шаруашылығымен айналысатындығын әңгімелеп өттік. 
Сөз орайы келгенде Жандос Әбдіжаппарұлының да жоғары оқу орынын бітірген жылы оралдық ару Ұлпанмен шаңырақ көтеріп, қазіргі кезде Айзере мен Жансая атты қыздар мен Алдияр атты ұл тәрбиелеп отырғандарын да айта кетейік. «Кішкентай Алдиярды қайдам, оның алдындағы қыздарымның өзінен атқа шабуға деген құмарлықтарын байқаймын. Шамасы, мұндай қызығушылықтың өзі қанмен берілетін қасиет болса керек», – дейді Жандос сүйінішпен.
Әдетте іскер азаматтардың әйелдері «Қалалық жерге көшейік» деп қиғылық салады емес пе? Орал өңірінің Бұлдырты, Жымпиты сияқты ауылдық жерлерінде туып-өсіп, медицина институтында білім алған Ұлпан болса ондай әңгімені ешқашан қозғаған емес. Отағасының жай-күйін жақсы түсініп, отбасы қамын ойлайтын жан қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып, дастарқанының берекесін кіргізіп отыр.
Осы жерде шаруашылықтың «Бірлік АЖА» деп аталу құпиясының да кілтін тапқандаймыз. Құпия сөз өзінің тегі мен атының, әкесінің атының басқы әріптеріне де, ұл-қыздарының басқы әріптеріне де келіп тұр екен. Олай болса серіктестіктің тыныс-тіршілігі де ұзағынан сүйіндіріп, ұл-қыздарының өмірлері де өрісті болсын деген ақ тілек оралды ойымызға.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Қатысты жаңалықтар

Плей-оффты жеңіспен бастады

Плей-оффты жеңіспен бастады

06.04.2026
7-9 сәуірде елдің басым бөлігінде бұршақ пен дауыл болуы мүмкін

7-9 сәуірде елдің басым бөлігінде бұршақ пен дауыл болуы мүмкін

06.04.2026
Рекорд орнады: Қазақстан халқының өмірі 8 жасқа ұзарды

Рекорд орнады: Қазақстан халқының өмірі 8 жасқа ұзарды

06.04.2026
Жеңіспен оралды

Жеңіспен оралды

06.04.2026
Елде өмір сүру ұзақтығы рекордтық 75,97 жасқа жетті

Елде өмір сүру ұзақтығы рекордтық 75,97 жасқа жетті

06.04.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.