Талдықорған: +31°C
$ 485.82
€ 554.03
₽ 6.24
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР РУХАНИЯТ

ТҰРПАНҒА ШАПҚАН ТУ ҰСТАП

20.10.2021
РУХАНИЯТ
ТҰРПАНҒА ШАПҚАН ТУ ҰСТАП
WhatsAppTelegramFacebook

Төлес, Байсейіт, Биеке, Есенаман, Бәймен, Құсық бабаларымыз бен Нұрлыбике, Бөкек аналарымыздың рухына арналған поэма

 І. ТҮС
Құлсадықтан Шақа мен Төлес туған. Шақа – көрікті  бозұлан. Дулаттың атақты Қара биінің  ақылды аруы Нұрлыбикеге жаңа қосылған кезі екен. Нұрлыбике түс көріп, секемденіп, әлденені сезіп, енесіне келіп, сөйлей берді дейді хикая. 

«Бір түс көрдім… 
Бағым ба, сорым ба, апа-ау? 
Парызым ед жарымның бағын жасау. 
Үрей кіріп кеткендей жүрегіме, 
Айналса ғой  осы түс сағымға, апа-ау?!. 

Ауыл қонып Шыршыққа, той тойлаған, 
Қызғалдаққа оранып, пай, пай,  далам! 
… Ақсақалды шал көрдім, түсімде, апа, 
«Нұрлыбике, Төлес» деп айқайлаған! 

Емес қария атам да, асыл әкем, 
Босағама не сыйлар осы мекен? 
«Нұрлыбике, Төлес» деп шыққан дауыс, 
Күркіретіп аспанды жатыр екен! 

Ауыл қонды Шыршықтың жағасына, 
Жарым Шақа… жүгірді бабасына! 
Іліп жатыр қария алтын бесік, 
Келіншектал саялы ағашына!» 

Ана толқып, қарады  баласына, 
Келіні тұр жас толып шарасына.
«Шақа кетіп қалды» деп, жылайды ару, 
Неліктен ақсақалды бабасына? 

Нұрлыбике көргенін  қорытады, 
Енесіне   сол түсін жорытады. 
«… Ілесіп кетсе, Шақажан бабасына, 
О, дүниеде өзіңе болысады…». 

Түйілді ана, түйсінді, аңырамай, 
Алаң кіріп көңілге мамыражай. 
«Үрейіңе ие бол»  – деді ана –
«Маңдайыңа жазғанға қожырамай.

Құлсадықтан – қабылан Шақа, Төлес,
Жамандықты туасы білген емес.
…Мерт қылады  Шақамды қай ағайын,
Кісі өлтіре қоя ма күндегі егес?

Тәңір ылғау берген ғой, саған дарам!
Жүрегіңнен айналдым, алаңдаған!
«Нұрлыбике-Төлес» деп айқай шықса,
Сол Төлестен бесігің болар, балам!

Құлсадықтың мерейін өрлетерсің,
Қасіретті қайыспас жер көтерсін!
Шақа кетіп…өзіңнің Әмеңгерің,
Төлестен Алтын бесік тербетерсің!

Нұрлыбике, қарғам-ау, ойлы балам, 
Тағдыр  осы маңдайға қойғылаған… 
Төлесімнің тілеуін тілейік біз, 
Оғлан Шақа – мәңгілік қайғы маған. 

Енекөкірек еңсеме сор қамайын, 
Ел білмесін түсіңді, қарғадайым.
Жаратқан ылғау беріп тұрса саған, 
Түс түлкінің боғы деп алдамайын! 

Нұрлыбике! 
Ордама байланарсың! 
Ана қыран секілді жайланарсың. 
Алтынқазық – құлыным, аман болсаң, 
Алты арыс анасына айналарсың!

ІІ. ҚАСТАНДЫҚ

Ақ бұлақтар күлген кез ақтарыла,
Қонақтады бұлбұлдар бақтарына.
Қой қырқымы. Шақа ер бармақ болды,
Үзеңгілес өзінің достарына.

Нұрлыбике аяққа оралады,
Айрыларын жарынан жобалады.
Қос бұрымы түйілген тарқатылды,
Көз жасымен су болды орамалы.

Таусыларын дәм-тұздың шамалады,
Бармашы деп қиылды аналары.
…Тасып жатыр Шыршық та, қол бұлғайды,
Көрші ауылдың бозұлан балалары.

Ақ  отауда шымылдық самалалы,
Нұрлыбике аяққа оралады…
Шақа қимай,беттеді отауына,
Төлес отқа жіберді тораланы.

Қайран қалып жарының қылығына,
Шақа қолын тигізді бұрымына.
Уысына толтырып иіскеді,
Тоймағандай өмірдің қызығына.

Тағы ұзартып өмірдің күн қанатын,
Нұрлыбике жарына нұрланатын.
…Қатып ұйықтап қалыпты, күн шығарда,
Үй сыртынан оятты Сырға қатын.

Сырға үні жүрегін сызып өтті,
«Шыршық тасып жатыр» – деп күбір етті… 
– Жүрек жұтқан жан екен Мырзажігіт, 
Торы ала атпен аман-сау жүзіп өтті».   

«Торы ала атпен неліктен жүзіп барды?
Арғы бетте сонша не қызық қалды?»
Нұрлыбике еске алды, бала күннен
Мұның жарын күндейтін жігіт бар-ды…

Ұрма-перме, әңгүдік сұрланатын,
Нұрбикені Шақадан қызғанатын.
Бір жамандық жарыма жасай  ма деп,
Нұрлыбике оңаша мұңданатын.

«Ақ жүзіме қандай таң салар меңді?»
Нұрбикеге бітпейтін алаң келді.
Алтыншы күн болғанда Төлес ерге,
«Ағаң суға кетті» деп хабар келді.

Сұрша әңгүдік айласын асырыпты,
Көмек бер деп шаруаға шақырыпты.
Тік жарқабақ, ну қамыс…ебін тауып,
Шақаны иірімге батырыпты.
Жауы бар жар астында ойран дәуір!
Жар – жесір!
Жастық – нала!
Қайранда – ауыл!
…Өлтірді әңгүдікті атпен сүйреп,
Ер Төлес қан жылаған, қайран бауыр.

ІІІ. КӨШ

Құлсадықтың ауылы – қаралы ауыл.
Қабылдады ағайын жараны ауыр.
Найзалары иілді, ту еңкейді,
Торы ала ат тұлданды, ала бауыр.

Отасқанмен бір-ақ жыл Шақаменен,
Нұрлыбике ақылы аса терең.
.., Бір жыл бойы жарына жоқтау айтты,
Қара жаулық алынды Батаменен.

Қаралығы алынды  жесірдің де,
Жесір көркі алды ерлер есін мүлде.
Әмеңгерлер ағылды Албандарға,
Бұйырады аққу құс есіл кімге?

Найзағайлы, бұл заман жаңбырлы да.
Не ұсынар келер күн тағдырлыға?
Нұрлыбике төркінге көш бастады,
Қыр үстінде үш күмбез қалдырды да.

Шақа қалды,
Шыршықтың жағасында!
Ата қалды,
Шыршықтың жағасында!
…Аманаттап
Төлесті келініне,
Кетіп қалды ана да баласына.

Жар бола гөр, Жаратқан, дара дәйім,
Көш қозғалды қалдырып, жағажайын.
«… Бабамыздың ылғауы анық болды,
Төркінімді»  – деді ару – «паналайын».

Көш бастады Ер Төлес – бала тұйғын!
«Аяулыңды –  дейтіндей – «аға, қиғын!»
Қарқаралы көш жетті Қаратауға,
… Нұрлыбике қызы еді Қара бидің!

Ағайыны Шақаға бақас қылды,
Көре алмай, сыртынан тас аттырды.
Дана биі Дулаттың әмеңгер деп,
Ер Төлесті қызына атастырды.

Ер Төлестің  даңқы да көкке өрледі,
Ел шетіне жау тисе, дес бермеді.
Қайта жанды шырақтың өшкендері,
Жақсы бопты Шыршықтан көшкендері..

Күйіне де білген жан сүйіне де,
Соққысына тағдырдың иіле ме!
Нұрлыбике ұл туды жыл өткенде,
…Байсейіт келді іңгәлап дүниеге!

Жаратушы мейірін дара шашты!
Жақсы хабар ерке жел ала қашты!
Үш жылдан соң Төлеске Нұрлыбике
Туып берді аймаңдай Қарашашты!
Байлық – арман, біреуге терең – арман!
Тарылады-ақ кей-кейде неге жалған?
Нұрлыбике, Төлесті «үңгіп» жатты,
Баламыз көп болса ғой деген арман!

Атақ пен даңқ, ырыс-бақ – іргесінде,
Бақуатты екеуі күн кешуде.
Һәм ақылды, һәм дана Нұрлыбике
Келді ақыры бір күні бір шешімге.

IV. БӨКЕК

Ер Төлестің заманға үңілісін,
Бағалады жан жары түңілісін.
Ұрпағы көп батырды жау алмас деп,
Атастырды өзінің сіңлісін!

«Ішке түсті
Шақаны жоқтағаным,
Жас құшақтап, күйіктің от бағанын.
Жаным, Бөкек!
Төлестің уайымы –
Екі құрсақ көтеріп, тоқтағаным!

Оңды сынды менімен келіскенің,
Көріп жүрміз күндестік керістерін.
Ақ төсегін Төлестің қаламаймын,
Сенен басқа адамның бөліскенін!

Бірің туған сіңлім, бірің – жарым,
Бір тарайық Қарашаш бұрымдарын.
Сенің балаң болады менің балам,
Қаламаймын басқаға ұрынғанын.

Қандай адам кезігер маңдайыңа,
Қара суым бал татыр таңдайыңа.
…Қара бидің қос қызы туған ұлдар,
Қаптай қонсын Алатау баурайына!»

Дұшпан күндеп, сүйсініп дос қарады,
Иә, ұрпақсыз дүние бос қалады!
Есенаман, Биеке, Бәймен, Құсық
Төлес көрді Бөкектен төрт баланы!

Екі әйелден туғанға ұқсамады!
Татулықты балалар ұстанады!
Қалмақтың тұтқынынан Байсейітті,
Биеке бауыры барып құтқарады!

Биеке Тұрпан асты, Талас асты,
Би болып ел ісіне араласты…
«Қызым» деп бауырына басқан еді,
Байсейіттің қарындасы Қарашашты!

Еркелеп екі бірдей анасына,
Еркелеп Биекедей данасына,
Қарашаш ұзатылды дейді дерек,
Түкедей Ханкелдінің баласына!

Түспеген атақ-даңқтың бір тағынан,
Айналдым батырлардың ұрпағынан!
Райымбек жаратылды дейді халық,
Қарашаш Төлесқызы құрсағынан!

Байсейіт – батыр бабам, дара, мықты!
Нұрлыбике сіңірген даналықты!
Үш әйелден сегіз ұл көрген екен,
Хантәңірі аясына таралыпты!

Азаттық мәңгі өмір сүреді елмен,
Аңыз да Ақиқатты сүбелі өрген!
Жоңғар жүрген жолдардың барлығынан,
Ескерткіш боп батырлар түрегелген!

Кеңейтемін Елімнің керегесін,
Теңестірем мықтымен терезесін!
Ұсынамын жастарға ұмытылған,
Нұрлыбике-Төлестің өнегесін.

Тарихыңды болмайды өшіруге!
Ақиқатқа болмайды кешігуге!
Кешіруге болмайды терістеуді,
Есіруге болмайды, есіруге.

V. Қара би мен Байсейіт батыр

Қаратауда Қара би шешен де еді,
Қалың дулат қаймыққан көсем де еді.
Қырандайын бапталған Байсейіт батыр,
Наурызбаймен жорыққа кетем деді.

«Қаратаудан, атажан, қалмақ қашты,
Қашқанда да, алды-артын шаңдап қашты.
Абылай мен Қабанбай Алакөлде!
Тұрпандағы ата жау аңдап басты.

Наурызбай Іленің оң жағасында,
Жау қапты Шарын, Текес  саласында.
Қалмақты түріп тастау тапсырылды,
Қырғыз бен Ұлы жүздің баласына!

Өзіңменен жанды, ата, бақ-талайым,
Жиенмін, көп Дулатқа мақтанайын.
Төлестің батыр ұлы келді ме деп,
Наурызбай  күтіп отыр, аттанайын.

Алатаудың баурына шешем кетті,
Бөкек ана екеуі есен депті.
…Рұқсат берсең жорыққа аттанайын,
Тұрпандағы қалмаққа есем кетті.

Қалмақ көшіп Еділден, шу шығып тұр,
Қоңтайшының басынан бу шығып тұр.
Сауға сұрар жоңғардың күні жақын,
Қытайменен арасы ушығып тұр.

Өзі бастап қу қалмақ осы лаңды,
Қазақ қанын мойнына қосып алды.
Сөгеті мен Көкпекте ер Райымбек,
Ойран жасап Ордасын, басын алды.

Ынтымақтан ырысын табады елім,
Ақылгөйім, ақиқат бағаны едің.
Бейбітшілік орнаса, жау жеңіліп,
Егін  егіп, бау-бақша салар едім!

…Әжімінен жас аққан жасырына,
Жеткен кезде әңгіме ақырына,
Бата берді Қара би риза болып,
Ақтарылған ақтангер Батырына!

VІ. Бітім

Жеңіс келді өзінің жолыменен,
Арпалысты жау да өз сорыменен.
Батыр баба жау қуып, Аспантауға,
Қайта оралды Райымбек қолыменен.

Жау жеңілді!
Жасап өз халқын қасап,
Қазақ туын көтерді алтын шашақ!
Көкшедегі Ордаға қайтпақ Абылай,
Жеңілгенмен «Қандыжап» шартын жасап!

Қазақ жеңді!
Сауғалық – салтым дескен.
Бөгемейтін болды екі ел халқын көшкен.
Тұтқын қыздың барлығы ана болды.
Қайтқан қайтсын,
Қалғаны қалсын дескен.

Қан тілеген қаңғырып,
Тоят қалды.
Елім-айлар егіліп, ой ақтарды.
Қасиетті соғысы қазақтардың,
Жүз жылдан соң,
Жеңіспен аяқталды!

Жас көремін елімнің жартасынан!
Естіледі бір аңыз әр тасынан.
Жеңіс емей немене,
Жоңғария,
Түсті әлемнің саяси картасынан!

Айласы қытайдың да асып тұрды,
Қалтаға алым-салық басып тұрды.
Қалмаққа Абылай сауға берген кезде,
Жетісу өлкесіне басып кірді.

…Абылай әрекетті суыт бастап,
(Жоңғардың қол-аяғын буып тастап),
…Бітімге Боғдыханды мәжбүрледі,
Тоқсан мың Қытай  қолын қуып тастап.

Әспеттеп, көмекейі кең дүлейді,
Жоңғарды ұлы Қытай жеңді дейді.
Абылай бодан болып сол Қытайға,
Аманатқа өз ұлын берді дейді.

Ілінсе Қашқар, Қытай қармағына,
Боғдыхан риза емес пе алғанына.
Қазақтың шегарасы белгіленсе,
Көнгені Абылайдың салмағына.

Ақиқаттың жемісін селдіретіп,
Ертегі айтып не керек, мөлдіретіп.
Бодан болсақ, Боғдыхан
Абылайға,
Шекараны қоя ма белгілетіп?

Тау-тасын
Туған жердің араладым,
Беріпті елі-жұрты бағаларын.
Өздері белгілеген шекараға,
Қас қақпай  қасқайып тұр
БАБАЛАРЫМ!
        * * *
Ата-бабаң айбозым!
Аламандар! 
Айтқаныма аңыз деп қарамаңдар!
Хан Тәңірі баурайын жайлап отыр,
Екі ана бір анадан тарағандар!

Кең пішілген ордасы, керегесі,
Ұрпағына ұлағат деген осы!
Алтын Тұмар боп қалсын адамзатқа,
Нұрлыбике, Бөкектің өнегесі!

Алтын қазық қос анам –
Тереңдерім!
Дүбіріне дәуірдің елеңдедім!
Азаттық деп ту ұстап атқа қонған,
Сендер үшін келмейді төмендегім…

Биғайша МЕДЕУОВА

Қатысты жаңалықтар

Үрімжіде жанданған серіктестік

Үрімжіде жанданған серіктестік

30.06.2026
Жол сапасы қатаң бақылауда

Жол сапасы қатаң бақылауда

30.06.2026
Тарих пәні платформасы

Тарих пәні платформасы

30.06.2026
Жетістігі мол Жаңалық

Жетістігі мол Жаңалық

30.06.2026
Арманға апарар жол

Арманға апарар жол

30.06.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.