Қазақ халқының мол әдеби мұрасының ішінде ауыз әдебиетінің орны бөлек. Талай ғасырға ұрпақтан-ұрпаққа үзіліссіз ұласып келе жатқан ауыз әдебиетіндегі ертегі-аңыз, мақал-мәтел, өлең-жыр еңбекқор халқымыздың жаратқан шұғылалы мәдениетінің айғағы және ақыл-парасатының жемісі.
Ұлттық таным мен көзқарас сонау атам заманнан басталып бірте-бірте дамып, халықтың педагогикалық көзқарасын қалыптастырды. Оны қауызын тастап, дәнін алуды мақсат етіп бүгінгі заман ұрпақтарын тәрбиелеуде пайдалану қажет. Өйткені ауыз әдебиеттің көркем әдебиеттен өзгешелігі бар. Ол тарих, этнография, дін, тіл қатарлы қоғамдық ғылымдардың, астрономия, математика, егіншілік, мал шаруашылық сияқты ғылымдардың материал қамбасы. Ол халық өмір тәжірибесінен туған тәрбиелігі күшті құнды оқулық. Қазақ балалар өмірінен ерекше орын алған «Бесік жыры» әр бесікте жатқан сәбиді қаршадайынан тәрбиелеуді мақсат еткен. Мысалы:
Әлди, әлди ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем,
Қонақ келсе қой бөпем,
Қой тоқтысын сой бөпем,
Қуырдағына той бөпем, – деп басталатын жыр жолдары балаларды отбасында тәрбиелеудің кезеңі іспетті. Балаларға арналған ойын өлең «Санамақта»:
Бір дегенім – білеу,
Екі дегенім – егеу,
Үш дегенім – үскі,
Төрт дегенім – төсек,
Бес дегенім – бесік,
Алты дегенім – асық, – деп келетін жыр жолдары балаларға кішкентай кезінен бастап тіл білумен бірге, бірден онға дейінгі сандарды үйренуге жаттықтыратын халықымыздың бала тәрбиелеу әдісі.
Халқымыздың бай ауыз әдебиетінде тәрбиелік қуаты күшті сандық сөздер де молынан кездеседі. Мысалы, «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», – деп ұрпақты ынтымаққа, береке-бірлікке шақырады. «Жеті өлшеп, бір рет кес», «Жете айтылмаған билік жеті есікті ашқызады», «Жеті атасын білмеген жетесіздіктің белгісі» қатарлы сандық сөздер халықтың тәрбиелік мәні бар мақал-мәтелдеріне айналып кеткен.
«Үш қуат», «үш қуаныш», «үш апат», «үш арсыз», «үш ғайып», «төрт тұлға», «төрт кеңдік», «төрт түлік», «төрт мұрат», «төрт қорлық», «төрт мүлік», «бес бұрыш», «бес өсиет», «бес қатар», «алты игілік», «алты асқар», «жеті қазына», «жеті жоқ», «жеті ата», «жеті амал» сияқты толып жатқан халқымыздың ұлағатты ұғымдары бар.
Әкеге қарай ұл өсер,
Бағуға қарап мал өсер,
Баптауға қарай тал өсер. Бұл «үш өсер» деп аталса, «төрт тұлға»: от, су, жер, жел дегенді, «бес қатер»: өрт, жау, борыш, ауру, сөз дегенді білдіреді. «Алты игілік»: денсаулық, қазына, дос, әйел, білім, бала. «Жеті амал»: күннің тоқырауы, қарашаның қайтуы, үркердің батуы, мұздың қатуы, киіктің матауы, қыс тоқсан, ай тоғамы.
Міне, осындай сандық сөздер халықтық танымнан туған өмір тәжірибесінің қорытындысы болып, ұрпақты жан-жақтылы білім алуға жебеп отырады. Қазақ ауыз әдебиеті философия, мұрал, эстетика, дін, ғылым, көркемөнердің басқа салаларынан нәр алып дамып, өзінің дәстүрлі бала тәрбиелеу жүлгесін қалыптастырады.
Бабаларымыздың баланы жастайынан тәртіпке, мұралды, ақылдылыққа баулып, ұрпағына өзінің «әдептілік әліппесін» үйретті. Мысалы, «Жасыңнан әдеп сақтағай, есікті қатты жаппағай», «ел салтын біліп өстің бе, бесікті сатпа ешкімге?!», «құлақ ас айтқан ақылға, сыйлама пышақ жақынға», «нарарсыз жүрме, науқасқа күлме», «жақын ба, әлде, бөтен бе, кісіге қарап жөтелме», «сөзді ойланып айт, бос айтпа, адамға саусағыңды шошайтпа», тағы басқа сөздер халқымыздың салт-санасына терең тамыр тартып кеткен дәстүрлі тәрбие тағылымы.
Халқымыз үлкен адамның алдынан кесіп өтуді тәртіпсіздік, құрметсіздік, мәдениетсіздік деп санап, өзінен үлкендерге жол беруді дәріптеген.
Қазақ халқында баланы ата-анасы ғана емес, бүкіл ауыл-аймақ болып тәрбиелеуді ежелгі дәстүрдің мақсаты етіп келген.
Өскен ортасының бала тәрбиесіне болған ықпалын жоғары бағалап келген халық: «Ұлың өссе ұлы жақсымен ауылдас бол, қызың өссе қызы жақсымен ауылдас бол» деп баланың жақсы-жаман болуы өскен ортасы мен тәрбиеге байланысты деп қарайды.
Қазақ халқының ауыз әдебиетінің қайнар бұлағы – дәстүрлі халық педа-гогикасын үйренудің мектебі әрі ұрпақ тәрбиелеудің, баулудың алтын бесігі іспетті. Сол себепті ата-бабаларымыздың дәстүрлі ұрпақ тәрбиелеу көзқарасын үйрену, зерттеу қазіргі заман ұрпағының биік нысанасы мен парызы болмақ.
Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
жазушы, этнограф





