Алматы облыстық әкімдігінде «Жетісу» ӘКК Өңірлік даму институты «GATE CITY» серіктес қаласын дамыту жөніндегі жобаны іске асыру мақсатында облыс басшылары мен «BI GROUP» холдингі өкілдерінің кездесуін ұйымдастырды. Кездесу облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ, BI Development Almaty компаниясының бас директоры Айдос МҰҚАТАЕВ пен бизнесті дамыту жөніндегі директоры Жалғас ЖАҚЫПОВ, BI construction Engineering компаниясы оңтүстік Алматы дивизионының директоры Данияр ОСПАНОВ және ModeX дамыту жөніндегі директоры Адат ӘДІЛХАН, сондай-ақ, «Алатау» АҚ өкілдері мен облыстық басқарма басшыларының қатысуымен өтті.
Кездесу барысында «BI GROUP» холдингінің өкілдері «Gate City» серіктес қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үй кешенінің тұжырымдамасын талқылауды ұсынды. «Қайрат» индустриялық аймағының аумағында «Modex» модульдік блоктарын өндіру зауытын салу жоспарын да таныстырды. Сондай-ақ, тараптар газ, су сияқты магистральдық желілердің ағымдағы жағдайы және оны «Алатау» АҚ балансынан Іле ауданының коммуналдық меншігіне, «Gate City» серіктес қаласының инфрақұрылым объектілерін беру жоспарын ақылдасты. «Қазақстан – Қытай» және «Алматы – Байсерке – Талғар» магистральдық газ құбырлары арасындағы бірінші құбырды газбен қамтамасыз ету үшін «TIP-04» бөгетін салу жайын кеңесті. «Gate City» серіктес қала аумағынан электр беру желісінің тірегін көшіру, «Gate City» спутник қаласының инфрақұрылымды жүргізу бас жоспарын және жоспарлау жобасын бекіту және келісу мәселесін қарады.
– 8990 гектар аумаққа жоспарланған халық саны 220 мың адамнан асатын G4 серіктес-қаласын дамытудың бас жоспарына сәйкес қазіргі уақытта 2370 гектар алаңда «Gate City» бірінші серіктес қаласын іске асыру жобасы жүріп жатыр. Бүгінде магистральдық кабельдік желілер, су жылыту қазандығына дейінгі газ құбыры, жылу желілері, су құбыры, кәріздік желілер, кварталішілік инженерлік желілер мемлекеттік сараптаманың қорытындысымен әзірленген жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Аталған мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен 36 млрд.теңгеден астам қаражат бағытталып, игерілуде. Ағымдағы жылдың мамыр айында G4 жобасының бастамашысы «Caspian Group» АҚ «NestStroy» неміс әріптесімен бірлесіп, G4 City жобасы шеңберінде 44 мың м2 (573 пәтер) көлемінде бірінші кезектегі 10 тұрғын үйдің құрылысына кірісті. Биыл тамыз айында «BI Group» құрылыс холдингімен «Gate City» серіктес қаласында тұрғын үй кешенін салуға ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Олар облыс әкімдігі бөлген 60 гектардан астам жер телімінде құрылыс салуды жоспарлауда. Сонымен қатар, аумағы 27 гектар жер теліміне «Fruit Art» ЖШС экспорттық жеміс-жидек комбинатының құрылыс жұмысы басталды, – деді Лаззат Махатұлы.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың тамыз айында облыс әкімдігі мен «BI Group» холдингі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Осы арқылы «GATE CITY» серіктес қала аумағында тұрғын үй кешендерін салу жобасы іске қосылды. Сол отырыста «Жетісу» ӘКК ӨДИ» АҚ-на аталған жобаны сүйемелдеу тапсырылған еді. Осыған дейін олар бірқатар кездесу өткізіп, жер телімін беру мәселесі мен жобаның экономикалық және техникалық аспектілері қаралып, талқыланған.
«GATE CITY» аумағында тұрғын үй кешендерін салу жобасы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырылады. Онда тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік нысандар да салынады. Қазіргі уақытта эскиздерді жобалау, дайындау жұмысы басталыпты. 60 гектардан астам жер теліміне тұрғын үй кешені, үш мектеп, бірнеше балабақша мен дәрігерлік амбулатория және басқа да объектілер бой көтереді. Су қорғау белдеуінің аумағында саябақтар, скверлер де болады.
Іле ауданы аумағына орналасқан «GATE CITY» серіктес қаласы толық жүзеге асқанда инфрақұрылымы дамыған ақылды қала қаржы-іскерлік, білім беру және ғылыми медициналық орталықты, өнеркәсіптік, сауда-логистикалық хабты біріктіретін үлкен кешенге айналмақ.
Қажет АНДАС
Алматы облысы





