Биылғы тоғыз айдың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің орындалуы және ұлттық жобалар жайы кезекті Үкімет отырысында қаралды. Жиынға ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИН төрағалық етті.
Селекторлық кеңесте ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, ҚР Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев, ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев экономиканың дамуы, ақша-несие саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту туралы баяндады. Үкімет басшысы ұлттық экономиканың сенімді түрде қалыпты даму қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті.
Тоғыз айдың қорытындысына сәйкес жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,4 пайызды құрады. Экономиканың қалпына келуіне дағдарысқа қарсы уақытылы қабылданған іс-шаралар оң әсер еткен. Осылайша, өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 5,7 пайызға өскен. Мәселен, машина жасау 22,8 пайызға, оның ішінде автомобиль жасау 31,6 пайызға, локомотивтер мен вагондар жасау 50,5 пайызға, құрылыс материалдарын өндіру 10,1 пайызға, фармацевтика 38,1 пайызға, пластмасса бұйымдары 31,4 пайызға, киім тігу 14 пайызға, жиһаз өндірісі 14,9 пайызға, дайын металл бұйымдарының өндірістері 17,2 пайызға жоғары.
Карантин жеңілдіктері аясында қызмет көрсету секторы да қалпына келуде. Құрылыс 9,7 пайызға өскен. Тоғыз айда елде 10,4 млн.шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға артық. Инвестициялардың өсуін белсенді қалпына келтіру жалғасып, тау-кен өндірісін есепке алмағанда 2 пайызды құрады, өсім 15,1 пайыз деңгейінде. Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауылшаруашылығы, жылжымайтын мүлікпен операциялар, қаржы қызметі, ақпарат пен байланыста негізгі капиталға салынған инвестициялардың жоғары көрсеткіштері байқалған.
Үкімет басшысы экономиканың өсу қарқынын арттыру және әртараптандыру, инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру, азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу жөніндегі жұмысты күшейтуді, сондай-ақ инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Келесі кезекте ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, ҚР Ауылшаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетовтің ұлттық жобалар жайындағы баяндамалары тыңдалды.
Асқар Ұзақбайұлы: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшуді қамтамасыз етуді тапсырды. Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін іске асыру аясында үлкен жұмыс атқарылды», – деп атап өтті. «Тұрақты экономикалық өсу», «Кәсіпкерлікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», 2021-2025 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Жасыл Қазақстан», «Цифрландыру, инновациялар және ғылым есебінен технологиялық серпіліс», «Білімді ұлт» сапалы білім беру», «Саламатты ұлт» әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау», «Ұлттық Рухани Жаңғыру» ұлттық жобалары биыл қабылданған Жалпыұлттық басымдықтарды, Ұлттық даму жоспары мен Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін әзірленген.
ҚР Премьер-Министрі ұлттық жобаларда көзделген іс-шаралардың Мемлекет басшысының тапсырмаларына және «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында қойылған міндеттерге толық сәйкес келетініне назар аударды. Ұлттық жобаларды іске асыру экономиканың орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттырудың, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартудың факторына айналмақ. Қойылған міндеттерге қол жеткізу мақсатында ұлттық жобаларды бюджет қаражаты және жеке инвестициялар есебінен басым қаржыландыру көзделген. Үкімет басшысы жобалық тәсілдерді қолдана отырып, ұлттық жобаларды сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді міндеттеді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





