Кеген ауданы орталығынан «Дәстүр» атты тамаша қымызхана ашылып, жұмысын жүргізуде. Енді, бұл қымызхана жыл сайын есігін ашып, тоғыз жолдың торабына орналасқан Кеген ауылынан ары-бері өтушілердің де игілігіне айналады.
Қарқара ауылына баратын жол бойынан ашылған қымызхана кешкі уақытта да қонақ қабылдайды. Түн ішінде тамаша жарықтандырылған қазақ үйлер алыстан жадырай, жайнай көз тартады. Жерден биіктетіле тақтай еденнің үстіне орналастырылған ұлттық өрнек, бояу, нақыштағы киіз үйлердің іші тамаша безендірілген. Әншейін, құс жастыққа жантайып жатып, бал қымыздан дәм татасың. деген атына сай ұлтымыздың салт-дәстүрін көз алдыға келтіреді. Ұлттық тағамдар – қымыз, сірне, қуырдақ, май, маңыз, құрт, қызыл күрең шай, жаңа піскен бауырсақ, тәтті күлше аталған қымызханадағы кеңінен жайылған ақ дастарқанның сәні мен салтанаты. Қандай тамаша?! Сырттан келетін қонақтарды да дәм таттырып, демалдыруға болады.
Кеген ауылындағы зейнеткер ағамыз Батырхан Әтембековтың басшылығындағы «Дәстүр» қымызханасының бар шаруасын өзіміз бұрынан таныс Еркебұлан Нұрбай- ұлы атты азамат жүргізуде. Қымызхана үшін үлкен қос киіз үй сатып алыныпты. Бөлексаздың жайлауынан күнделікті бал қымыз жеткізіледі. Өздерінің шаруа қожалығындағы қойдың семіз қозыларынан қуырдақ пен сірне әзірленеді. Қазір алдын ала сұраныс беріп, қымызханаға келушілер көбеюде. Түс мезгілі мен кешкі уақытта келушілердің саны артады. Бұл жұрттың ұлттық тағамдарымызды ерекше қалайтынының көрінісі. Ендеше, «Дәстүр» қымызханасын ашқан Батырхан ағамыз бен Еркебұлан інімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы
Суретте: «Дәстүр» қымызханасының жұмысын
үйлестіруші азамат Еркебұлан Нұрбайұлы.





