Үйдегі жайлылық көбіне әдемі жиһаздарға байланысты. Олардың ыңғайлы болуы да маңызды. Дәл осындай үй бұйымдарын Қарасай ауданының Шамалған ауылында тұратын Ермек Кәрімбайұлы жасайды. «Алтын Мәкен» жеке кәсіпкерлігі деп аталатын өндіріс орнында бүгінде тұрмысқа қажетті жиһаздардың небір түрі шығарылады.
Алдымен бизнеске жеке инвестициялар салынды. Кейіннен «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қолдау көрсетілді.
– Басында мен Ресей, Қытай және Түркиядан әкелінген үй жиһаздарын сатумен айналыстым. Бұл 2004 – 2013 жылдар аралығында болды. Сөйтіп жүріп саланы зерттеп, үй бұйымдарына деген сұраныстың көп екенін түсіндім. Содан кейін мен тасымалдау құнын көтермеу үшін оны өзім шығарамын деп шештім. Осылайша, 2014 жылы біз өз қаражатымызбен кәсіпті бастадық. Өндіріске қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, оны одан әрі дамыттық, – дейді кәсіпкер Ермек Кәрімбайұлы.
Дайын өнімдер қазір Алматыда, «ARMADA» сауда орталығында және басқа да сауда орындарында саудаланады. Біз оны бүкіл Қазақстан аумағына жібереміз. Жеке тапсырыстар бойынша да белсенді жұмыс жүргізілуде. Жиһаздар әртүрлі ағаштан жасалады. Шикізатты өздері сатып алады. Алдымен олар кептіріліп, бұтақтары алынады. Сөйтіп, өңдеуден өтеді. Кәсіп-орында барлығы жеті цех, елу шақты адам жұмыс істейді. Олардың әрқайсы өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға тырысады. Біреуі шикізат сатып алса, екіншісі ағаш өңдейді. Ал басқалары әртүрлі бөлшектер жасап, бұйымдарды безендірумен айналысады.
Өндірісте Ресей, Қытай және Италиядан жеткізілген технологиялар қолданылады. Кәсіби жұмысшылар жиһаздарды заманауи үлгіде түрлі форма мен стильде жасайды. Әсіресе, сапаға айрықша мән берілген. Бағалары да қолжетімді.
Бұл жерде үстел, орындық, кереует, диван, шкаф және балалардың жатын бөлмесіне арналған бұйымдар мен асүйге қажетті жиһаздар, тұрмысқа қажетті басқа да дүниелер шығарылады.
Айта кетейік, «Golden Maken» жеке кәсіпкерлігі «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша «Сбербанк» АҚ ЕБ-ден 14 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен несие қаражатын алды, оның 8 пайызы субсидияланады, соңғы қарыз алушыға жылдық 6 пайыз айырмашылық қалады. Несие айналым қаражатын толықтыруға бағытталған. Тұтынушы сонымен бірге «кепілдік» құралын қолданды және кепілдің жетіспейтін бөлігін қамтамасыз етті. Осылайша шағын кәсіпорын біртіндеп сенімді түрде дамып келе жатқан және жиһаз шығаратын қазақстандық ірі компанияға айналуда.
А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Шамалған ауылы,
Қарасай ауданы




