Еліміздің аграрлық әлеуетін арттыру мен дала еңбеккерлерінің мәртебесін көтеру мемлекеттік саясаттың негізгі тіректеріне айналды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби мереке аясында өткен алқалы жиында диқандар мен шаруаларды құттықтап, саладағы өзекті түйткілдерді тілге тиек етті.
«Ең алдымен, кәсіби мереке баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Аталған жиын – мән-мағынасы ерекше оқиға. Себебі ауыл шаруашылығы – ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы айрықша сала. Бүгін де жыл сайынғы дәстүрге сай мемлекетіміздің аграрлық ахуалын талқылау үшін арнайы жиналып отырмыз. Алқалы жиынға еліміздің әр аймағынан келген білікті мамандар, диқандар, шаруалар, бір сөзбен, еңбек адамдары қатысып отыр. Сондықтан аталған форумды жалпыұлттық ауқымдағы нағыз елдік басқосу десек те қате болмас», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Талқылаудың өзегі – табиғи ресурстарды тиімді басқару мен ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту.Нақтырақ айтсақ, күн тәртібінде су ресурстарын үнемдеу, жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалану және ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайын арттыру мәселелері көтерілді. Суды үнемдеу бүгінгі таңда не үшін аса өзекті? Өйткені климаттық өзгерістер мен су тапшылығы жағдайында әр текше метр суды сақтау – егіннің бітік шығуы мен азық-түлік қауіпсіздігінің басты кепілі. Сонымен қатар жайылым алқаптарының тозуына жол бермей,шаруаларға қолайлы жағдай жасау да назардан тыс қалған жоқ.
«Ең алдымен, қазір сөз сөйлеп, өз көзқарасымен бөліскен азаматтарға, инвесторларға алғыс білдіремін. Су ресурстарын үнемдеу, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту және басқа да өзекті мәселелерге қатысты мазмұнды пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды. Үкімет және құзырлы министрлік осы мәселенің бәрін міндетті түрде назарға алуы керек», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Аталған бағыттар Жетісу облысы секілді егіншілігі мен мал шаруашылығы қатар дамыған өңір үшін де ерекше маңызға ие. Аймақтағы суармалы жерлердің суын үнемдеу, жайылымдарды тиімді бөлу және шаруа қожалықтарын қолдау – өңірдің тұрақты дамуына тікелей ықпал ететін факторлар. Ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік қолдауға ие болуы жастардың ауылда қалуына және кәсіби мамандардың көбеюіне жол ашады.






