
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
2026-2031 жылдарға арналған «ӘДІЛЕТ» партиясынан Алакөл аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат КАРИМОВ ДОСАН ЕЛЖАНҰЛЫ
№ 4 бірмандаттық сайлау учаскесі
ҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Халық қалаулысы – ел мүддесі үшін еңбек етіп, қоғамның тілек-ниетінің жүзеге асуына ықпал ететін бірден бір тұлға. Бұл ретте бұқараның баянды болашағы үшін атқарылатын қызметтің қарымды болуы аса маңызды.
Мен, Каримов Досан Елжанұлы, Алакөл аудандық мәслихаты депутаттығына кандидат ретінде, тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдап, ауданымыздың өзекті мәселелерін заң аясында көтеруге, олардың шешілуіне ықпал етуге және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауға дайынмын.
Депутаттық жұмыста мен үшін ең маңыздысы – ашықтық, әділдік, нақты іс және халық алдындағы жауапкершілік. Әрбір бастама тұрғындардың қажеттілігіне негізделіп, нақты жоспармен және қоғамдық бақылаумен жүзеге асуы керек.
Бірлесе әрекет етсек, Алакөл ауданын өмір сүруге, еңбек етуге және бала өсіруге қолайлы өңірге айналдыруға үлес қоса аламыз!
МЕНІҢ ҚАҒИДАТТАРЫМ
Әр тұрғынға және әр ауылға әділ қарау. Еңбекті құрметтеу, өз сөзің мен ісіңе жауап беру. Ашықтық және адамдардың мүддесін қорғауға дайын болу.
Мен сіздердің өтініштеріңізге, ұсыныстарыңыз бен ескертулеріңізге әрдайым ашықпын. Әрқайсыңызды тыңдауға, сіздерді толғандыратын мәселелерді зерделеп, олардың шешілуіне қол жеткізуге дайынмын.
Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!
Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!
«Қуатты аймақтар – қуатты ел».
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев
Құрметті сайлаушылар!
Мен, Каримов Досан Елжанұлы Алакөл ауданы, Қабанбай ауылында дүниеге келдім. Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде, «Қаржы» мамандығы бойынша білім алдым, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша тәмамдадым.
2021 жылы Д.А. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында «Құқықтану» мамандығын меңгеріп, Д.А. Қонаев университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша заң ғылымдарының магистрі дәрежесін алдым.
Еңбек жолымды Алматы қаласындағы «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның бақылау-тексеру бөлімінің маманы болып бастадым. Кейін «Алматы Азық» ЖШС-де жеткізу бөлімінің бастығы, сондай-ақ «Алматы» ӘКК ҰК» АҚ-да активтерді басқару бөлімінің бастығы қызметтерін атқардым.
«DAUR-K» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі директоры қызметін атқардым. Сонымен қатар VII шақырылымдағы Алматы облыстық және Жетісу облыстық мәслихаттарының депутаты болдым. VIII шақырылымдағы Алакөл ауданының мәслихат төрағасы қызметін атқардым.
Әртүрлі саладағы еңбек тәжірибем қаржы, өндіріс, кәсіпкерлік және мемлекеттік өкілді орган қызметінің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік берді. Бұл тәжірибе ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді жан-жақты қарауға және тұрғындардың мүддесін ескеруге негіз болады.
Алакөл ауданының тұрақты дамуы, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, жергілікті мәселелерді уақытылы шешу және халық пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық байланысты нығайту маңызды деп санаймын.
Депутаттық өкілеттігім шеңберінде тұрғындарды толғандырған мәселелерді тиісті мемлекеттік органдар алдында көтеруге, олардың шешілуін бақылауға және атқарылған жұмыстар туралы халық алдында есеп беруге күш саламын.
Менің негізгі мақсатым – Алакөл ауданының өркендеуіне және дамуына өз үлесімді қосу. Туған жердің табиғатын қорғап, қоршаған ортаны жақсартуға атсалысқым келеді. Сонымен қатар, туризмді дамытып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға үлес қосуды көздеймін. Алакөл ауданының болашағы жарқын болғанын қалаймын.
Құрметпен, Каримов Досан Елжанұлы
2026-2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР
1. ЖОЛ ЖӘНЕ КӨЛІК
Жол – тіршілік күретамыры, байланыс пен табыс құралы. Осы ретте Үшарал қаласындағы көшелерді күрделі және ағымды жөндеуден өткізуге аса ден қоя отырып, әсіресе орталықтан шеткері орналасқан қысқа көшелерді ретке келтіруді қолға аламын. М.Әуезов, Ш.Айманов, Панфилов, Амангелді және Жастар көшелерін жарықтандыруға ықпал етемін.
Өркендеген аудан – жарқын болашақ!
2. СУ, ЭЛЕКТР ҚУАТЫ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Инфрақұрымдық инновацияны қолға ала отырып, әр аулаға ауыз судың жетуіне, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге, коммуналдық саланың сапалы әрі қолжетімді болуына, қызмет бағасының тұрақталынуына барынша атсалысамын.
3. ҚОЛЖЕТІМДІ НЕСИЕЛЕР ЖӘНЕ ҚАЛАЛЫҚ БИЗНЕСТІҢ ДАМУЫ
Кәсіпкерлік – ел дамуының негізі. Осыған орай жеке бизнес секторындағы азаматтарға кең көлемде қолдау көрсету мен қала тұрғындарының жаңа кәсіп көздерін ашу үшін мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуын басшылыққа аламын.
4. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛДАУ
Ауыл шаруашылығы тек ауданымыздың ғана емес, күллі мемлекетіміздің тірек саласы. Бұл ретте асыл тұқымды мал басын көбейтуге, егіндік жерлерді тамшылатып суғару әдісі бойынша игеруге, балық шаруашылығын қолдауға бағытталған бағдарламалардың халыққа тиімді жүзеге асуына жұмыс жасаймын.
5. ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ ҮШІН ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ МЕН ТАБЫС
Үшаралдықтардың табыс көзін арттыру мақсатында жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ету – маңызды. Бос жұмыс орны жәрмеңкелерін жүйелі түрде ұйымдастыра отырып, қала аумағында кәсіпкерлік көздері мен шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасауға ықпал етемін.
6. ҚОЛЖЕТІМДІ ЖӘНЕ САПАЛЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ
Медицина әлеуеті дамыған заманда жаңашылдықтар мен өзгерістердің әр тұрғынныі мүддесіне бағытталуы маңызды. Өңірдегі денсаулық сақтау саласына ден қоя отырып, медициналық нысандардың жөндеуден өтуіне байланысты Үшарал қаласында жаңа аурухана құрылысының қарқынды жүруіне ықпал етемін.
7. БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЗАМАНАУИ МЕКТЕПТЕР МЕН ЖАҒДАЙЛАР
ХХІ ғасыр жаңа технологиялар мен жасанды интелектің салтанат құрған заманы болғандықтан, өскелең ұрпақтың білім нәрімен сусындауына және ұстаздардың қабілеттілік деңгейін арттыруға бағытталған жұмыстарды қолға аламын. Атап айтқанда, І.Жансүгіров атындағы орта мектептің ағымды және күрделі жөндеуден өтуіне, арнайы пәндік кабинеттердің лайықты жабдықталуына, оқушылардың заманауи әрі қауіпсіз білім алуына, мұғалімдердің біліктілікті жоғарылату курстарына тиімді қатысуына қолғабыс етемін.
8. ОТБАСЫЛАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ҚОРҒАУ
Ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру бағытындағы жұмыстарды қолға алған жөн. Жұмыссыздық деңгейін төмендету, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал жасау, табыс көлемінің артуына және мемлекет тарапынан берілетін көмектердің тиімді жүргізілуіне атсалысу басты міндеттер қатарында.
9. ЖОҒАРЫ САПАЛЫ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ
Заман дамыған сайын осы бағыттағы жұмыстар да қарқындап келеді. көштен қалмау мақсатында жоғары сапалы байланыс пен қолжетімді интернеттің болуы – маңызды. Осы салаға жауапты мекемелермен тиісті жұмыстарды атқарып, халыққа қолжетімділікті арттыруға атсалысамын.
10. Таза әрі жақсы күтілген қала
«Таза Қазақстан» бағдарламасын кеңінен қолдай отырып, қала тұрғындары арасында экологиялық оң мәдениетті қалыптастыруға, шаһарымыздың көркем, көрер көзге қызығарлық кейіпте болуына, арнайы қоқыс жәшіктерін орналастыру мен көше тазалығын қадағалауға ден қоямын.
Сіздің пікіріңіз мен үшін маңызды!
Сіздің сеніміңіз – мен үшін жауапкершілік!
Әр шешім – туған өлкенің игілігі үшін!
Халық сенімі – сөз емес, жауапкершілік!
Бала болашағы – басты басымдық!
Әр шешім – ауылдың игілігі үшін!
Тапсырыс беруші: Каримов Досан Елжанұлы
Қаражат кандидаттың Алакөл аудандық мәслихаты депутаттығына үміткердің сайлау қорынан төленді.






